Популярные темы

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы сараланды

Дата: 02 октября 2021 в 22:52


Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы сараланды
Стоковые изображения от Depositphotos

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымовамен бірге «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» жауапершілігі шектеулі серіктестігінде болып, цехтарды аралап, шығарылып жатқан өнімдерге баға берді, кәсіпорынның жартыжылдықтағы өнеркәсіптік және инвестициялық қызметімен танысты.

Премьер-министрді зауыт жұмысының жағдайымен таныстырған кәсіпорын директоры Анар Кашлаев инвестиция көлемінің 5 миллиард теңгеге жеткенін хабарлады.

— Зауыт  түрлі көлемдегі сорғы-компрессорлық құбырлар мен орама колонналар шығарады. Кәсіпорынның қуаты — жылына 50 мың тонна. Шикізат Қытай елінен жеткізіледі, — деп зауыт директоры өндірістің негізгі өнімдері туралы айтып өтті. Цехтардағы жабдықтар мен дайын бұйымдарды көрсеткен кезде Анар Кашлаев зауыттың құбыр өндірісінде қазақстандық үлестің 30 пайыз алатынын мәлімдеп, алда одан әрі ұлғайтуға сендірді.

— Кәсіпорында жұмыс жасайтын 124 қызметкер — жергілікті тұрғындар. Тиісті орындардың жұмыс визасымен Қытай Халық Республикасынан 12 маман жұмыс істейді. Алдын ала жасалған келісімшарт бойынша олар екі жылдың ішінде жергілікті тұрғындардан мамандар даярлап шығаруы керек. Кәсіпорынның шығаратын өнімдеріне «Қазақойл Ақтөбе», «Өзенмұнайгаз», «Қарақұдықмұнайгаз», «КаспийМұнай Сервис», «ҚазКит Интернешнл Петролеум Инжиниринг ЛТД», «Busin Procurement Company» ЖШС-лары, басқа да компаниялар  келісімшарттар жасасқан. Үстіміздегі жылдың қаңтарынан бері зауыт 2,6 мың тонна құбыр өнімдерін саудаға шығарып үлгерді, — деді кәсіпорын басшысы.

Бұдан өзге, Б.Сағынтаевқа кәсіпорынды дамыту перспективалары туралы баяндалды. Шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, жалпы инвестициялар көлемі 16 млрд теңге болатын және 100 жаңа жұмыс орнын құрумен «Көміртек күйесі өндірісі» жаңа жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобаның қуаттылығы жылына 50 мың тонна күйені құрайды.

Осында, зауыт жұмысымен танысқан кезде, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысына облыстың жартыжылдықтағы өнеркәсіптік және инвестициялық қол жеткен табыстары мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі, қорытынды көрсеткіштер жазылған қабырғалық материалдар мен кесте-диаграммалар арқылы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын цифрландыру және технологиялық жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, индустриялдық аймақтағы игілікті істер хабарланды.

Өңірдегі жол бойындағы сервисті дамыту және автожолдарды жөндеу жоспарын жүзеге асыру туралы да баяндалды. Осылайша, Мемлекет басшысының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың 90 пайыз үлесіне 2022 жылға қарай қол жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жыл сайын жол жөндеу жұмыстарының көлемі артып келе жатқаны айтылды. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының желісі 1897 шақырымды құрайды. 2016 жылы 99 шақырым жөнделді, 2017 жылы — 302 шақырым, биыл жалпы сомасы 35,7 млрд теңгеге 404 шақырым жол жөндеу жоспарланған, ал 2019 жылы 43,6 миллиард теңгеге 452 шақырым жөндеу болжанған. «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Ермек Кизатов KazWay павильон-сервисінің жұмысын таныстырды. Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысының аумағында республикалық автожолдар мен «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бойында ұзындығы 609 шақырым болатын осыған ұқсас жеті павильон орнату жоспарланып отыр.

Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік қағидаты бойынша іске асырылған бірқатар әлеуметтік нысандарды: «Daru Zharygy» офтальмологиялық орталығын, «Алғашқы көмек» ЖШС орталық жедел және шұғыл көмек станциясын, сонымен қатар Жекпе-жек сарайын аралады.

Медициналық ұйымдарды аралау кезінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев Ақтөбе облысының денсаулық сақтаудағы жоғары әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын кешенді жаңғырту іске асырылып жатқанын айтты.

— Облыста бауыр мен бүйрек трансплантациясы (2 жыл ішінде 37 бүйрек ауыстыру және 12 бауыр ауыстыру оталары жасалды), үлкен буындарды эндопротездеу, эндо-бейнехиругиялық емдеу тәсілдерінің кең ауқымы тәрізді бірегей емдеу технологиялары игерілді. Заманауи деңгейдегі генетикалық зертханасы бар Экстракорпоральді ұрықтандыру орталығы ашылды,— деді Ә.Қалиев, ол сонымен қатар медицина кластерін дамытудың бұдан кейінгі жоспарлары туралы баяндады.

Ақтөбе облысында денсаулық сақтауды қаржыландыруға 8,5 миллиард теңге, денсаулық сақтау нысандарын дамытуға — 4,2 миллиард теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1,9 миллиард теңге қарастырылған. 

Бақытжан Сағынтаев «Daru Zharygy» заманауи офтальмологиялық клиникасында болды. Медициналық мекеме әлемдік сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай келетін АҚШ, Швейцария, Германия, Жапония елдерінің жоғары технологиялық жабдықтарымен және инновациялық технологияларымен жарақталған.

Қазақстанда жыл сайын офтальмологтарға 1 миллионға жуық адам жүгінеді, оның ішінде 400 мыңы бірінші реттік офтальмопатологияға жүгінген. Аталған мәселенің өзектілігі маңызды жобаның іске асырылуына себеп болды. Осылайша, Орталық 2017 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілді, ал биылғы жылдың басында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі механизмі арқылы емделушілерді қабылдай бастады. Орталықтың стационары 60 төсек-орынға және күніне 500 рет қабылдауға шақталған.

Диагностикалық бөлімді аралау кезінде Премьер-Министрге жаңа цифрлық жобалар туралы баяндалды. «Daru Zharygy» орталығының директоры Ғ.Елеуов клиника «Medelement» медициналық ақпараттық жүйесімен жарақталғанын айтты. Қазіргі кезде «Қамқор» жүйелері және «Damumed» мобильді қосымшасы енгізіліп жатыр. МАЖ интеграциясы арқасында дәрігерлер адам денсаулығының толық жай-күйін бақылай алады, алдын ала онлайн-тіркеудің арқасында емханалардағы кезектер азаяды. Емделушілер дәрігердің кеңестерін, рецептілер, еңбекке жарамсыздық парағын, жүргізілген зерттеулер нәтижелерін үйден шықпай-ақ ала алады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда медициналық ақпараттық жүйелермен ұйымдардың 81 пайызы қамтылған. 2019 жылдың соңына дейін бұл деңгей 100 пайызға жеткізіледі. Сонымен қатар өңірде ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жобасы енгізілген.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуымен танысу «Алғашқы көмек» ЖШС жедел және шұғыл медициналық көмек қалалық станциясын көру барысында жалғасты. Жоба түрік инвесторлармен бірлесіп МЖӘ аясында іске асырылған. Биыл наурыздан бастап Жедел медициналық көмек орталық станциясы жұмыс істей бастады, оның қуаттылығы жылына 75 000 шақыру және 28 санитарлық автомашинаға арналған автогаражы бар.

Аралау кезінде Премьер-Министр жедел жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшелерін көріп, диспетчер бөлімінің, call-орталықтың, жедел жәрдем бригадасының жұмысымен танысып, мекеменің қызметкерлерімен кездесті.

Станция ең заманауи жабдықтармен жарақталғанын айта кету керек. Облыс жұртшылығынан қоңырауларды қабылдау үшін «103» бойынша 15 пультке бірыңғай call-орталық құрылған, қоңыраулар қабылданған соң медициналық іріктеулер жүргізіледі. Онлайн режимде тұрғындардан келіп түскен қоңырауларды «Алғашқы көмек» ЖШС оқытылған мамандары қабылдап, қадағалайды. Орталық жедел медициналық жәрдем қызметтерімен, ІІД, ТЖ, өрт сөндіру қызметі, санитарлық авиация органдарымен, апаттар медицинасы өңірлік орталығымен, шұғыл жағдайлардағы науқастарды қабылдайтын қаладағы  стационарларымен жедел байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген, өңірдегі санитарлық автокөлікке жерсеріктік мониторинг жүргізу үшін ресурстармен жарақталған.

«Алғашқы көмек» ЖШС директорының орынбасары Г.Топчу бірыңғай ақпараттық-талдамдық call-орталық жұмысымен қатар электронды шақыру картасы енгізілгенін және жүгінуді қабылдау кезінде гео-кодтау процедурасы жүргізілетінін хабарлады.

— Реанимобиль барлық қажетті аппаратурамен жарақталған. Дефимонитор аппараты электрокардиограмма түсіруге арналған. Ересектер мен балаларға арналған ауыстырылатын блоктары бар, — деді «Алғашқы көмек» ЖШС директоры Б.Түрметов.

Өңірдегі мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларымен танысу аясында Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды өткізуге арналған Жекпе-жек сарайын барып көрді.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М.Махамбетов ғимарат тұғырдағы түрлі жинамалы-құрастырмалы заманауи рингтермен, күресуге арналған кілемдермен, татамилермен және жаттығуға арналған басқа да спорттық жабдықтармен жарақталғанын айтты.

Облыс әкімдігінің деректері бойынша денсаулық сақтауды, мәдениет пен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясындағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаты бойынша іске асырылып жатыр. Бүгінде өңірде жалпы инвестициялар портфелі 43 миллиард теңге болатын 108 МЖӘ жобалары жүргізілуде.

Ақтөбеде МЖӘ механизмі бойынша Мұз сарайы, Хоккей модулі, Теннис орталығы және Жеңіл атлетика манежі салынып жатыр. Жастар арасында спортты насихаттау және салауатты өмір салты дағдыларын телу мақсатында Ақтөбеде 14 street workout алаң мен скейт-парк салынған. Облыста 28 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар, оның ішінде 6-уы — арнайы мектеп. Бұл мектептерде 17 мыңнан астам оқушы 47 спорт түрі бойынша жаттығады.

Облыстағы өнеркәсіптік және әлеуметтік кәсіпорындардағы жұмыстарға тоқталғанда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Облыс бойынша 195 миллиард теңге көлеміндегі 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, қазіргі сәтте 14 жоба іске қосылды, Бұлар әк, бекітпе бұйымдар, борлау, силикаттық бұйымдар, металл құрастырмалар және металл дүниелер, мертігуден қорғайтын жамылғылар, макарондық және сүт өнімдері, ет комбинаты, құрамында хром бар қалдықтарды өңдейтін, мұнайгаз жабдықтары мен құбырлар, шыны жуатын арнаулы сұйықтар, шағын мұнай өңдеу зауыты, үй құрылысы комбинаты — деп нақтылай түсті.

Бұл жобалардың инвестициялық жалпы көлемі 19 миллиард теңге құрап, 1100-ден астам жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жалпы көлемі 175,9 миллиард теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылу үстінде. Мұның осы жылы төрт жобасы іске қосылмақ. Ол 29,4 миллиард теңге шамасында, 508 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұлардың ішінде Шалқардың минералдық су шығаратын зауыты, Қожасай кен көзіндегі газды кешенді шығаруға дайындау қондырғысы, керамикалық гранит пен керамикалық тақта өндіретін зауыт, күнбағыс майын беретін өндіріс бар.

Қалған 146,5 миллиард теңгенің 5 инвестициялық жобасын 2019-жылдан 2021 жылға дейін іске қосу жоспарланған.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Премер-Министрге «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойындағы сервистік қызмет, аймақтың көлік инфрақұрылымы, индустриялдық аймақтағы жүзеге асырылатын жобалар және ол жерлердегі жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар туралы да баяндады.

— Бүгінгі күні бұл аумақта 80 миллиард теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылып, 1600 жұмыс орны құрылады. Қазірдің өзінде оның төртеуі іске қосылды. Бұлар: полиэтилен өнімдері өндірісі, үш қабатты қабырғалы блоктар, жарақат алудан қорғайтын резина жамылғылар. 155 гектар индустриялдық аймақ алаңының қазірдің өзінде 94 гектары игерілді, — деді облыс әкімі.

Сонымен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы жылы тағы да 15,3 миллиард теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылып, 535 жұмыс орны ашылады деп сендірді. Ал алдағы 2019 жылы облыста тағы да 4 жоба жүзеге асырылады.

Облыс әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған Бақытжан Сағынтаев жол бойы сервисіне байланысты құрылыстардың саны мен нақты қашан бітетініне байланысты сауалдар қойып, айрықша назар аударып, индустриялдық аймақтағы жұмыстарды қуаттады.

 Санат РАШ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями