Стоковые изображения от Depositphotos
Спорттағы сәтсіздік, халық санағы және вакцинация. Бұл елімізде болған айтулы оқиғалар. Жалпы 2021 жыл — елімізде түрлі жаңалыққа толы болды. Биыл қазақстандықтардың өмірі қалай өзгерді? 2021 жылы болған есте қаларлық оқиғаларға шолу жасадық.
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану
2020 жылдың қыркүйегінде Президент Тоқаев халыққа жолдау жасады. Жолдауда Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат беруді тапсырған болатын. Осыған байланысты Заңға президент былтыр 2 қаңтарда қол қойды. Қазақстандықтар зейнтақы жинағының бір бөлігін пәтер сатып алуға, емделуге ала бастады. Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 827 миллионға жуық ақша берілген.
Халық санағы
Негізі халық санағы 2020 жылдың 1-30 қазан аралығында өтуі керек болған. Бірақ эпиджағдайға байланысты биыл офлайн және онлайн форматта өтті. Санақ нәтижесі бойынша, халық саны 19 169 550-ге жеткен. Оның 48,71 пайызы ер адам, 51,29 пайызы әйел адам.
Оның алдында қазақстандықтар тағы бір қуанышты жаңалықты – 19 миллионыншы тұрғын өмірге келгенін естіген болатын. Ол 20 маусымда туған Жания есімді тұрғын. Салмағы — 4,160 келі, бойы — 55 сантиметр болып туды. Ата-анасы қызы 19 миллионыншы қазақстандық атанғанын 3 тамызда түнгі 23.00 шамасында білген
Вакцинация басталды
1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Науқан кезең кезеңімен жүргізілді. Ең алдымен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне салынған болатын. Бүгінде вакцина салдырғандар саны 8.3 миллионнан асты. Бұл екпенің екі компонентін салдырғандар саны.
Жамбылдағы жарылыс
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Кейін Президент қаза тапқандарды марапаттады.
Маңғыстау облысындағы қуаңшылық
Биылғы қуаңшылықтан Маңғыстау облысында үй жануарлары қырылды. Өңір тұрғындары малға картон қағазын беруге мәжбүр болды. Одан бөлек, аймақта малға беретін жем-шөп бағасы да өсіп кетті.
Облыс әкімдігіндегілер мыңнан аса мал өлгенін мәлімдеді. Ал жергілікті шаруалар шын мәнінде қырылған мал саны одан көп екенін айтқан болатын.
10 шілдеде бұл мәселені президент Тоқаев та көтерді. Президент сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отставкаға кеткені дұрыс екенін айтты. Көп ұзамай Ақордада Омаровтың отставкаға кеткені хабарланды. Ал Түркістан облысының тұрғыны Құрмет Талапқазы мал аштан қырылып жатқан өңірлерге шөп жеткізу жұмыстарын ұйымдастырып, елдің алғысына бөленді.
Алтынсыз қалған Олимпиада
Биыл Токиода өткен жазғы Олимпиада Қазақстан құрамасы 82-ші орында болды. Жалпы Қазақстан бес спорт түрінен сегіз қола медаль иеленді. Биылғы жазғы олимпиада қазақстандық боксшылар үшін сәтсіз болды. Себебі Қазақ боксының Олимпиададан «алтынсыз» қайтпау дәстүрі бұзылды. Қоржында екі қола медаль ғана болды.
Қазақстан үшін бокс жарысы жартылай финалда аяқталды. Ел үміт артқан көп боксшы 1/8 финалда жарыс жолын аяқтады. Сондықтан «алтынсыз» біткен Токионы ел боксы тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада деп бағалауға болады.
Футболдан Қазақстан құрамасының сәтсіздігі
2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қазақстан құрамасы Франциядан ойсырай жеңіліп қалды (0:8). Бұл қазақстандық спортшылардың тарихтағы ең сәтсіз ойын деп танылды. Париждегі жеңілісімен Қазақстан құрамасы антирекордты жаңартты.
Кейін Қазақстан футбол федерациясы мемлекет қаржыландыруынан бас тарту туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін беруі
Қазақстандықтар үшін күтпеген жаңалықтың бірі — Елбасының Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін беруі. Бұл туралы Назарбаев саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айтты. Елбасы партияны ел Президенті басқаруы қажет деді. Осылайша партияны басқару өкілеттігі Тоқаевқа өтті.
Пенжімдегі жанжал
27 қазанда кешкі уақытта Алматы облысы, Панфилов ауданы, Пенжім аулында оқушылар арасында дау шықты. Полиция мәліметінше, оқушылар сөзге келіспей, жаға жыртысып қалған. Салдарынан 16 жастағы бала ауруханадан бірақ шықты. Сол күні кешке әлдекімдер желіге ұлтаралық қақтығыс басталғанын айтып видео таратып жіберді. Тұрғындар көшеге шығып, үйлердің терезесіне тас лақтырып, сындырып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, 30-ға жуық адам жиналған. Артынша Тоқаев Пенжімдегі төбелес туралы мәлімдеме жасады. Президент бұл ешқандай ұлтаралық қақтығыс емес екенін айтты. Президент елдегі арандатушылар мен арам пиғылдылар тобы бұл оқиғаны осы қырынан көрсеткенін айтты.
Зейнетақы жинағын алу: жеткілікті шек екі есе өсті
3 желтоқсанда қазақстандықтар 2022 жылдан бастап зейнетақы жинақтарын алудың жеткілікті шегі 60-80 пайызға артатынын естіді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басшысы Жанат Құрмановтың айтуынша, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық параметрлерінің өзгеруімен байланысты.
Артынша Президент зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шек деңгейін көтеру мәселесін кейінге қалдыруды тапсырды. Осылайша Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту тапсырылды.
По сообщению сайта Tengrinews