Астанада базар аумағындағы екі қабатты әкімшілік ғимаратта газ-ауа қоспасының жарылысы болды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығы бұзылып, соның салдарынан жарылыс орын алған. Оқиға Астана қаласының Байқоңыр ауданында Ш.Жиенқұлова көшесінде орналасқан ғимараттың бірінші қабатындағы тандыр самса пісіретін бөлмеде болған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетіп, барлау жұмыстарын жүргізді. Үш адам зардап шегіп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жеткізілді.
Жарылыс салдарынан ғимараттың төбе жабындысының бір бөлігі мен есік ойығы опырылған. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Фото: ЖИ
По сообщению сайта Arna Press