Чемпиондар лигасының 2025/2026 жылғы маусымындағы 1/8 финалдың кезекті алғашқы матчтары да жарқын нәтижелермен есте қалды.
Автор: Дамир Кульбаев
Леверкузендегі «БайАренада» өткен кездесуде германиялық «Байер» мен лондондық «Арсенал» 1:1 есебімен тең түсті. Есеп 46-шы минутта Роберт Андрихтің голынан кейін ашылды. Алайда 89-шы минутта Кай Хаверц пенальтиден мүлт кетпей, ағылшын клубын жеңілістен арашалап қалды. Қарымта ойын 17 наурыз күні Лондондағы «Эмирейтс» стадионында өтеді.
Мадридтегі «Сантьяго Бернабеуда» «Реал» «Манчестер Ситиді» 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Кештің басты кейіпкері Федерико Вальверде болды. Уругвайлық жартылай қорғаушы 20-шы минутта Тибо Куртуаның нәтижелі пасынан кейін есеп ашты, 27-ші минутта дубль авторы атанды, ал 42-ші минутта хет-трик рәсімдеді. 58-ші минутта Винисиус Жуниор пенальтиден гол соға алмады, оның добын Джанлуиджи Доннарумма қайтарды. Екі команда арасындағы жауапты матч 17 наурызда Манчестердегі «Этихадта» өтеді.
Норвегияның Будё қаласында «Будё-Глимт» португалиялық «Спортингті» 3:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама үшін мықты мүмкіндік қалыптастырды. 32-ші минутта Сондре Брунстад пенальтиден есеп ашса, 45+1-ші минутта Оле-Дидрик Бломберг басымдықты еселей түсті. 71-ші минутта Каспер Хёг үшінші голды соғып, матч нүктесін қойды. Норвегиялық клубтың қақпашысы Никита Хайкин 90 минут бойы сенімді ойнап, өз қақпасын голдан аман сақтады. Қарымта кездесу 17 наурыз күні өтеді.
Париждегі «Парк де Пренс» стадионында «ПСЖ» мен «Челси» жанкүйерлерге голға толы тартысты ойын сыйлады. Франциялық ұжым 5:2 есебімен басым түсті. 10-шы минутта Брэдли Баркола есеп ашты, 28-ші минутта Мало Гюсто таразы басын теңестірді. 40-шы минутта Усман Дембеле париждіктерді қайта алға шығарды, бұл шабуыл Матвей Сафоновтың сэйвінен кейін басталды. 58-ші минутта Энцо Фернандес есепті тағы теңестірді. Алайда ойынның шешуші сәттерінде алаң иелері қарқынын күшейтті: 74-ші минутта Витинья мергендік танытса, 86-шы минутта Хвича Кварацхелия көзге түсті. Ал 90+4-ші минутта грузиялық футболшы дубль авторы атанып, қорытынды есепті бекітті. Қарымта матч 17 наурыз күні Лондондағы «Стэмфорд Бриджде» өтеді.
Екінші матчтар, келесі аптада 17-ші және 18-ші наурыз күндері өтеді және де Чемпиондар Лигасының 1/4 финалына өтетің командалар белгілі болады.
По сообщению сайта SportInfo