2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – жұмыссыз қалған азаматтарды еңбек нарығына жылдам бейімдеу, лайықты жұмыс табуға көмектесу және жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттыру.
Әлеуметтік төлем алу үшін қандай қадамдардан өту қажет?
1. Мансап орталығына жүгіну
Жұмысынан айырылған азамат ең алдымен тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгініп, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген адам мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды. Осы кезеңде мансап орталығының мамандары азаматтың кәсіби біліктілігі мен еңбек тәжірибесін ескере отырып, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.
2. Жұмыссыз мәртебесін алу
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Бұл ретте мансап орталығы жұмыс іздеуге қолдау көрсетуді жалғастырады. Қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама ұсынылуы мүмкін.
3. Әлеуметтік төлемге өтініш беру
Жұмыссыз мәртебесі берілгеннен кейін азамат жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады.
Өтінішті мына тәсілдер арқылы жолдауға болады:
eGov.kz электрондық үкімет порталы;
Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы;
екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары;
SMS-хабарлама арқылы ұсынылатын проактивті қызмет;
мансап орталықтары;
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері.
Әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін де мансап орталығы азаматқа жұмыс іздеуге жәрдемдесуді жалғастырады.
4. Төлем мөлшері мен мерзімі
2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңінде тағайындалады. Оның төлену мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді және 3 айдан аспайды.
Төлем мөлшері соңғы 24 айдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды. Бұл ретте есепке алынатын орташа айлық табыс ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін арттыру көзделген. Осыған байланысты жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346 500 теңгеге дейін ұлғаяды.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
По сообщению сайта Arna Press