Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының өкілі Анастасия Городко 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы алғашқы іріктеу кезеңіндегі өнеріне баға берді. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Еске сала кетейік, отандасымыз бірінші іріктеуде 12-орынға ие болып, финалға тікелей жолдама ала алмады. Ол жарысты екінші іріктеу кезеңінде жалғастырады.
«Шыны керек, өз өнеріме көңілім толмады. Бар мүмкіндігімді толық көрсете алмадым. Әрине, қобалжыдым. Белгілі бір сәтте қобалжу басым болды. Дегенмен Олимпиада күнде бола бермейді, мұндай жарыстың мәртебесі де өз әсерін тигізеді. Соған қарамастан, финалға шығуға әлі де мүмкіндік бар. Ертең екінші іріктеу кезеңі өтеді.
Бұл — менің екінші Олимпиадам. Әрине, 2022 жылғы Ойындармен салыстырғанда мүлде басқаша сезім. Жарыс барысы да өзгеше. Бірақ күресті жалғастырамыз. Әлі мүмкіндігіміз бар. Жарыс жолы ұнады, атмосфера өте жақсы. Жақсы дайындықтан өттік. Сондықтан алда өтетін бәсекеде барымызды саламыз», — деді Анастасия Городко.
Айта кетейік, екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық могулшылар Юлия Галышева мен Аяулым Әмренова да бақ сынайды. Іріктеу кезеңі сағат 15:00-де басталады.
По сообщению сайта SportInfo