Стоковые изображения от Depositphotos Қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ҚПК-тің 446-бабының 3-бөлігінің тәртібімен енгізілген Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) наразылығы, облыстық не оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуы бойынша не Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының үш судьясының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот судьялары) қаулысымен кассациялық сатыға берілген ҚПК-тің 486-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаттары бойынша ғана жүргізеді.
ҚПК-тің 485-бабының 1, 2 — бөліктерінде көзделген зардаптарға әкеп соққан қылмыстық және (немесе) қылмыстық-процестік заңдарды дұрыс қолданбау жағдайлары ғана заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады. Бұл негіздердің тізбесі толық болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.
ҚПК-тің 484-бабының 2-бөлігінің 2, 3 — тармақтарында санамаланған заңды күшіне енген сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.
Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері, оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда сот актілері ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Бас Прокурордың наразылығы бойынша ғана қайта қаралуы мүмкін.
Кассациялық сатыдағы соттың қаулылары Бас Прокурордың наразылығы бойынша: 1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғаған не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін; 2) адам өмір бойы бас бостандығынан айыруды өтеген жағдайларда ғана қайта қаралуы мүмкін.
Ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша бірінші сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары, олар апелляциялық сатыдағы сотта қаралғаннан кейін, ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулыларына Бас Прокурор наразылық білдіруі, сондай-ақ ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар кассациялық сатыдағы сотқа шағым жасауы мүмкін.
Ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыптаумен сотқа берілген адамдарға қатысты істер бойынша олардың әрекетін төмен тұрған соттар қылмыстық теріс қылық немесе ауырлығы онша емес қылмыс ретінде саралаған кезде сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат осындай қайта саралаумен келіспеген және іс-әрекетті бұрынғы аса ауыр бап бойынша саралау туралы мәселе қойылған жағдайда ғана берілуі мүмкін.
ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттарын (бұдан әрі – кассациялық өтінішхат) кассациялық сатының сот отырысында қарау үшін іспен бірге кассациялық өтінішхатты беру үшін негіздердің бар-жоғы туралы мәселені шешу үшін Жоғарғы Соттың үш судьясы сот отырысында алдын ала қарайды. Бұл қағидалар ҚПК-нің 446-бабының үшінші бөлігіне сәйкес енгізілетін Бас Прокурордың наразылығына, облыстық не оған теңестірілген сот төрағасының ұсынымына, сондай-ақ өмір бойы бас бостандығынан айыруды өтеп жүрген адамдардың және олардың қорғаушыларының кассациялық өтінішхаттарына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
ҚПК-нің 29-бабында көзделген сот талқылауының жариялылығын шектеу жағдайларын қоспағанда, кассациялық өтінішхатты алдын ала қарау бойынша сот отырыстарын судьялар ашық өткізеді.
Кассациялық сатыдағы соттың тексеру нысанасы тек құқық мәселелері, яғни сот актілерінің заңдылығы, соттардың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың нормаларын дұрыс қолдануы болып табылады.
ҚПК-нің 494-бабы он төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот талқылауының нысанасы болмаған фактілерді анықтауға немесе дәлелденген деп санауға құқылы емес.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін анықталған, іс бойынша елеулі мәні бар мән-жайлар, оның ішінде сот актілері заңды күшіне енген соң ұсынылған сарапшылардың қорытындылары мен тұжырымдары кассациялық сатыдағы соттың қарау нысанасы бола алмайды, өйткені олар бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда қаралмаған және қаралуы мүмкін болмаған. Бұл мән-жайлар ҚПК-нің 53-тарауында көзделген қағидалармен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау үшін ғана негіз бола алады.
Кассациялық өтінішхатқа (наразылыққа) қоса берілуі мүмкін қосымша материалдар деп анық мәліметтерді, оның ішінде сипаттамаларды, залалдың мөлшері туралы анықтамалар мен бағалауды және дәлелдемелер ретінде тануды талап етпейтін өзге де материалдарды қамтитын құжаттарды түсіну керек.
Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың материалдық немесе процестік заңды қолдануының, дәлелдемелерді бағалауының қате екендігін куәландыратын, соның негізінде сот айыптаудың дәлелденгені (дәлелденбегені), сотталғанның ролі мен кінәсінің дәрежесі туралы тұжырым жасаған қосымша материалдар істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алады.
Сот тергеуінің толық болмауы, оның ішінде бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың тараптар ұсынған дәлелдемелерге бағалауды жүзеге асырмауы да сот актілерінің күшін жоюға және істі жаңадан сот қарауына жіберу үшін негіз бола алады.
Тараз қаласы №2 сотының судьясы А.Қорабаева
По сообщению сайта Магнолия