Стоковые изображения от Depositphotos
Алматыда 13 мыңнан аса лифт тіркелген. Оның 200-ге жуығының жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асып кеткен.
Krisha. kz жаңа лифт қанша тұратынын, оны бөліп төлеу арқылы рәсімдесе тұрғындар қанша жыл ақша төлейтінін анықтады.
Жолаушы таситын жеделсаты — қымбат дүние. Оның құны өндіруші мен техникалық сипаттамасына байланысты бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін.
Krisha. kz-ке «Алматы Тұрғын Үй«ЖШС (Алматыдағы ТҮКШ жаңғырту бағдарламасының уәкілетті операторы) мамандары құрылғының орташа бағасы 8 млн теңге болатынын айтты.
Лифт — бір үйдегі мүлік иелерінің бәріне ортақ мүлік. Демек оны күтіп-баптау, жөндеу және ауыстыру үшін әр тұрғын өз қалтасынан ақша шығаруға міндетті.
Бірақ мұның бәріне ПИК немесе МИБ ортақ қорындағы қаражатты жұмсауға болады. Ал егер қорда ақша болмаса, жаңғырту бағдарламасына қатысып, мемлекеттен қарыз алуға мүмкіндік бар.
Бағдарлама шартына сәйкес көп қабатты үйдің тұрғындары лифт ауыстыруға қажет соманы еш пайызсыз қарызға ала алады.
Төлем жасау мерзімі 7 жылдан 15 жылға дейін, қанша жыл төлейтінін өздері шешеді.
Ол үшін тұрғындардың кем дегенде 51 %-ы келісім беруге тиіс. Сол себепті алдымен жалпы жиналыс өткізген жөн.
Содан кейін жауапты тұлға, яғни тұрғындардың өкілі сайланады. Дәл сол кісі мүлік иелері атынан өтінім беріп, келісімшартқа қол қояды және жұмыс аяқталған соң қабылдап алады.
Кейін ол бағдарлама операторының кеңсесіне жүгінуі керек. Әр қалада әртүрлі компания қызмет етеді.
— Алматыда: «Алматы Тұрғын Үй» ЖШС, Ғабдуллин к-сі, 90а;
— Астанада: «Өркен Қала» ЖШС, Республика даңғ, 32.
Биыл Алматыда 100-ден астам жеделсатыны ауыстыру жоспарда бар. Қазір бөліп төлеуге қатысты 75 өтініш қабылданды деді «Алматы Тұрғын Үй» мамандары.
Барлық мәселе жалпы жиналыста шешіледі. Тұрғындар өзара келісіп, соманы, төлем мерзімін бекітеді, жеткізушіні және т. б. таңдайды.
Қарыз сомасы үйдегі бүкіл мүлік иесіне теңдей бөлінеді. Бірінші және екінші қабаттағы тұрғындар жеделсаты пайдаланғаны және электр қуаты үшін ғана шығындалмайды.
Жаңа жеделсаты үшін бірінші қабаттағылар да, дауыс бермегендер де, коммерциялық мүлік иелері де ақша төлеуге міндетті.
Кім қанша төлейтіні жалпы сомаға, бөліп төлеу мерзіміне және үйдегі пәтер санына байланысты.
Мысал
Мысал ретінде 36 пәтерлі тоғыз қабатты үйді алайық. Лифт ауыстыруға 10 млн теңге кетеді делік.
Егер 15 жылға рәсімдесе, әр мүлік иесі жылына 18 500-ден, ал ай сайын 1 500 теңгеден беріп отырады. Төлем мөлшері пәтердің ауданына да байланысты.
Барлық жұмыс толық аяқталып, қабылдау актісіне қол қойған соң ғана қарызды өтей бастау керек.
Жеделсатыны ауыстыру қызметіне жұмсалатын сома коммуналдық төлем түбіртегіне қосылады.
Ел қазынасынан лифт ауыстыру үшін ғана емес, күрделі жөндеу жүргізу керек болғанда да ақша алуға мүмкіндік бар.
Жаңғырту бағдарламасы арқылы шатырды, инженерлік және электр желілерін ауыстыруға, үйдің кіреберісі мен қасбетін жаңартуға болады.
По сообщению сайта Крыша