Популярные темы

Семей қаласының 75 жастағы отставкадағы полковнигі скандинавиялық жүріспен айналысады

Дата: 06 декабря 2022 в 18:58 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Семей қаласының 75 жастағы отставкадағы полковнигі скандинавиялық жүріспен айналысады
Стоковые изображения от Depositphotos

Жетпіс бес жастағы еліне үлгі, жұртына өнеге, өмірде батырлық пен ақылдылық парасатын ұштастырған азамат, отставкадағы полковник — Александр Коновалов өзінің өмірі туралы баяндады, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқан жөн, Семейдегі Әлихан Бөкейханов атындағы университет қабырғасынан ашылған әскери кафедраның құрылуына едәуір үлес қосты. 2002 жылы кафедрада қызметін бастап 2017 жылға дейін жемісті жұмыс жасайды. Отставкадағы полковник бұдан кейін де қоғамнан тыс қалмайды. Ол қаладағы «Ардагерлер кеңесінің» мүшесі атанады. Бойындағы күш-қайраты сарқылмаған азамат бұдан кейін де жергілікті «Скандинавиялық жүріс» клубының жетекшісіне айналады. Денсаулығын нығайтамын деген қала тұрғындарының басын қосып, салауатты өмір салтын сақтау барысында  түрлі іс-шараларға ұйытқы болады. Александр Коноваловпен қатарласа жүгірген клуб мүшесі Елена Викторова  жетекшінің жасы жетпіс бесте екенін таяуда ғана біліпті. 

− Мен елуден енді асқан азамат шығар деп ойладым. Жақын таныса келе сұрап білсем, шынымен жетпіс бесте екен. Алайда Александр Коновалов әр жаттығуды айна-қатесіз, дұрыс орындайды. Сондай-ақ көрсеткіші де бізбен салыстырғанда өте жоғары. Оның қатарластарының көбісі балдаққа сүйеніп, әрең қозғалып жүргенде, біздің жетекшінің ширақ қимыл-қозғалыстарын қараған сайын таң қаламын. Бұл азамат – үлгі аларлық тұлға, − деді қала тұрғыны Елена Викторова.

− Александр Коновалов мырза, жетпіс бес жаста жүгіруді әдетке айналдыру қиын болмады ма?

− Олимпиада отаны саналатын Грекияда «денің сау болсын десең − жүгіре бер, ұзақ жас қаласаң − жүгіре бер, ақылды болам десең − жүгіре бер» деген нақыл сөз бар екен. Мен қала тұрғындарын дұрыс жүгіруге үйретіп, сондай-ақ қосымша скандинавиялық жүріс тәсіліне жаттықтырудамын. Семейліктерді салауатты өмір салтын сақтауға дағдыландыру қазіргі менің міндетім. Менің байқағаным, біздің клубқа мүше болғандардың бірталайы денсаулығын нығайтып, сондай-ақ  өмірге құлшыныстарын оятып, екінші демдері ашылды.

− Әскери салада өткен күндерден тарқата отырсаңыз?

− Мен әскери қызметімнің жиырма бес жылын Кеңес заманында атқарсам, ал қалғанын  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткіздім. Сондай-ақ, мен үш жыл Қытаймен шекаралас аймақта әскери қызметімді өтедім. Міне, сол жақ қауіпті аймақ саналды. Еліміздің оңтүстік-шығыс аймағының тыныштығын күзету мінезімді одан сайын қайсарлы қылды. Әскери қызметімнің ауқымды уақытын Семейде өткіздім. Семей қаласынан 53 Кеңес Одағының батыр шыққан. Кейбірімен етене жақын араласу бақыты да маған бұйырды. Мен үшін олардың жасаған ерлігі өлшеусіз. 

− «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен әлі де байланыстасыз ба?

− Иә, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен қарым-қатынас тығыз. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев бір шара ұйымдастырса, арнайы қонақ ретінде шақырып тұрады. Барған сайын тәжірибесі мол, көпті көрген әскери қызметші ретінде кеңесімді айтып отырамын. Жалпы, мен барлық күш-жігерімді, жинаған білімімді мемлекетіме арнаймын. Әсіресе, жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беруде зор үлес қоссам ба деймін. Қазір де мені қайта қызметке алса, лейтенант болып, бәрін басынан бастағым келеді. Себебі мен өзімді жетпіс бестегі ақсақал емес, жиырма бестегі тепсе темір үзетін жастай сезінемін.

− Өзіңізді сергек сезінудің жолы қандай? Өмірге деген осыншама құлшынысты қайдан аласыз?

− Менің бойымда жауынгерлік рух бар. Мен әскери отбасыда тәрбие алған соң, бала кезімнен  қайсар да өжет болып өстім. Қазір де қамал алар шақтамын. Отан үшін жанымды аямаймын. Осы күнге дейін әскери салада басымды қатерге тігуден қорыққан жоқпын. Қорықпаймын да!

Фото: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями