Стоковые изображения от Depositphotos
Жануарларға арналған «Екінші өмір сыйлайық» орнында қосымша торлар мен жауыннан қорғайтын бастырма салу жоспарлануда. Сондықтан ерікті Ольга Матвеева құрылысшылармен бірге жұмыс орнын өлшеп, ақылдасып жүр. Жаңа тор немесе үйшік болсын, цемент құю немесе шатыр жабу болсын, мұндай жұмыстар – Ольганың міндеті. Сырттай қарағанда нәзік көрінетін талдырмаш қыз ерлерге тән жұмысты жауапкершілікпен атқаруда. Ол – төрт аяқты достарына арналған осы мекеменің негізін қалаушылардың бірі.
«Мен осы мекеме құрылған күннен бері жүрмін. Екі-үш құрбы жүріп, көшеде көлік қағып кеткен итті тауып алдық. Ойласа келе фейсбукке осы туралы пост жарияладық. Қарасақ, жануарларға жаны ашитын мұндай жандар аз емес екен, барлығы бір уақытта жолығып, итті аман қалып қалуға сеп болды. Оны клиникаға апарды, операция жасады. Содан осынау қайырымды істі бірге жалғастыруға бел будық», – дейді зооволонтер Ольга Матвеева.
Жабдықтау мен құрылыстан бөлек Ольганың маңызды міндетінің бірі – жануарларға болашақ иелерін тауып беру. Зооволонтер басқа жұмыстарға қарағанда мұның қиын екенін айтады. Себебі, кейбір адамдар асырап алған ит-мысықты қайта тастап кететіндіктен, жануарларды сеніп тапсыруда қателеспеу – аса маңызды. Ольга жануардың одан кейінгі өмірін қадағалап тұруға бел буған. Бір қуаныштысы – кейбір азаматтар мертіккен жануарларды да асырауға алуда.
«Шынымды айтсам, қанша итті асырауға бергенімнің есебінен жаңылысып та қалдым. 40-тан кем емес деп ойлаймын. Иә, 40 итті анық иесіне бердім. Тіпті, арасында жарымжан жануарлар да бар еді, мысалы, алақаны жоқ, көзі мүлде көрмейтін иттер де бар. Бір отбасы бізден көзі көрмейтін екі бірдей итті асырауға алды. Осындай да жақсы отбасылар бар», – дейді Ольга Матвеева.
Ал кейде ауырған немесе өте кішкентай иттер Ольганың үйінде біраз тұрып қалатыны бар. Оның өзінің де иті бар. Дегенмен, жаны ашитын болғандықтан, бұл әдетті тастай алмаймын дейді волонтер.
«Мен мұның барлығын шын жүрегіммен істеп жүрмін. Біздің елде мұндай жанашырлық таңқаларлық жағдай болып көрінуі мүмкін, дегенмен, мен көшеде қалған, жарақат алған жануарларға бей-жай қарай алмаймын. Бұл істі өмірімнің мәні деп санаймын. Адамдарға мүмкіндігінше төрт аяқты достарымызға мейірімділікпен қарауды үйретуіміз керек. Егер кемінде бір адамды болса да жақсылық жасауға үйрете алсам, жануарларға оң көзқараспен қарауға себепкер болсам, мұның өзі үлкен жетістік саналады», – дейді волонтер.
Ольга Матвееваның басты ұстанымы – қаңғыбас иттер мен мысықтардың кең таралып кетуін тоқтатудың бірден-бір жолы – оларды стерильдеу мен піштіру. Ал қазір бұл орында 80-ге жуық жануар өмір сүруде. Олардан бөлек волонтерлердің үйінде уақытша тұратындары да бар. Әзірге бұл жандарға жанашыр жандардың қаржысы көмек болуда.
«Жануарларға – қамқорлық» жобасы АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсетілген Америка халқының көмегімен, Internews-тің USAID қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асырылатын Орта азиялық MediaCAMP бағдарламасы аясында жасалды.
Мазмұнына Vera.kz жауап беретін бұл шығарылым USAID немесе АҚШ Үкіметі немесе Internews-тің көзқарасын білдірмейді.
Последние новости Шымкента:
По сообщению сайта Vera.kz