Популярные темы

«Ұлттық құрылтай — қоғам үні деуге болады» 18 июня 2022, 09:57

Дата: 18 июня 2022 в 10:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Стоковые изображения от Depositphotos

16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай қоғамдық институтын құру ұсынған болатын. Артынша Президент Ұлттық құрылтай отырысы өтетінін мәлімдеді. Ал 15 маусымда Қазақстанда Ұлттық құрылтай құрылды. Құрылтайдың негізгі мақсаттары қандай? Алғашқы отырыста қандай мәселелер көтерілді және құрылтайдың болашағы қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев түсіндіріп берді. 

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады», — деген еді Президент 16 наурызда Қазақстан халқына жолдауында. 

Ең алдымен Кәрімбек Арыстанбекұлы Ұлттық құрылтайдың құрылуына қатысты ойын айтты. 

«Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын жариялағаны белгілі. Ұлттық құрылтай өткізілуі осы бағыттан туындайды десек қателеспейміз. Халық мен биліктің арасындағы алтын көпір міндетін атқарып, елдің мұң-мұқтажын, хал-жағдайын ашық айтып, қоғамда ой-пікір қалыптастырып, елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген айтулы азаматтар құрамына енген Ұлттық қүрылтайдың көтерер мәселелері ауқымды болмақ. Осыған дейін құрылған Қоғамдық кеңес аймақтық, аумақтық деңгейдегі жергілікті атқарушы биліктегі шешімін таппаған көкейкесті мәселерді қарастыратын болса, Ұлттық құрылтайда еліміздің стратегиялық бағытта қабылданар тағдыршешті басым бағыттар талқылынатын болады. Президенттің өзі төрағалық етуі — жаңа құрылған консультативті-кеңесші органның қабылдайтын шешімдері орындалатындығына кепіл бола алады», — дейді профессор. 

Профессор Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев

Кәрімбек Құрманәлиев құрылтайдың алғашқы отырысында қандай мәселелер көтерілгенін атап өтті.

«Құрылтайдың алғашқы отырысында Президент Ұлттық құрылтайда келешекте қаралатын басым бағыттарды айқындап берді. Референдумда қолдау тапқан конституциялық реформаларды нақты іске асыру тетіктерін тілге тиек етті. 25 қазанды «Егемендік күні» етіп мемлекеттік мерекелер қатарына енгізуді ұсынды. Ұсыныс құрылтай мүшелері тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, қазақ тілін латын ғаріпті әліпбиге көшіру туралы да Президент өз ұстанымын жеткізді. Бұған дейін қабылданған екі нұсқа да сәтсіз болғанын еске алып, Тіл білімі институтына әліпбиді жетілдіріп, орфографиялық ережелерін дайындауды тапсырғанын айтты», — деп түсіндірді профессор.

Профессор Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуіне қатысты көзқарасын айтты. 

«Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік мәртебесінен айырылып, 2003 жылдан бастап, қатардағы көп қоғамдық бірлестікке айналып, республикалық бюджеттен қаржыландыру тоқтатылған болатын. Бұл шешімнің қате болғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Бұрынғы кеңестер кезінде одақтас республикалар арасында 3-ші орында болған академияның халі мүшкіл жағдайға түсті. Мемлекеттен бір тиын алмайтын академия өзінің ғылыми әлеуетінің арқасында «өлместің күнін» көріп келген еді. Осыны ескерген ел басшылығы ғылымды одан әрі дамыту мақсатында Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беруге шешім қабылдады. Ғылыми жұртшылық Президенттің бұл ұтымды ұсынысына ризашылық білдіргенін баса айтқым келеді. Алдағы кезде Ұлттық ғылым академиясы елдің ғылымын дамытудың басым бағыттарын айқындайтын болады, Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын үйлестіру де осы мекеме құзыретіне кіреді. Осылайша, «ғылым мәселелерін ғалымдардың өздері шешеді» деген Мемлекет басшысының ұстанымы ғылыми жұртшылыққа зор жауапкершілік жүктейді. Жалпылай айтқанда, ғылымға деген көзқарас түбегейлі өзгеру алдында деп толық сеніммен айта аламын», — дейді Кәрімбек Арыстанбекұлы. 

Жақында Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінгені белгілі. Профессор білім және ғылым министрлігінің екіге бөлініп, оның біреуі Ғылым және жоғары білім министрлігі болғанын дұрыс деп санайтынын айтты. 

«Білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, оның біреуі Ғылым және жоғары білім министрлігі болғанын дұрыс деп бағалаймын. «Еңбектеген баладан, еңкейген карияға» дейінгі азаматтардың тәрбиесі,білімі мен ғылымы бір министрліктен үйлестірілетін еді. Ауқымы кең ауыр міндеттер бір орталық мемлекеттік органга жүктелгені қызмет сапасына әсер ететіні түсінікті ғой.. Енді, ғылым мен жоғары білім жүйесін белгілі бір министрлікке жүктегенін жағымды жаңалық деп қабылдадық. Ғылыми-зерттеу институттары мен университеттік ғылымды ұштастыру — Жоғары білім беру департаментінің экс-директоры ретінде, оң шешім болғанын баса айтқым келеді. Тағы да осыған қосарым, министрлік басшылығына Саясат Нұрбек сынды әлемдік білім-ғылым жүйесіндегі қазіргі кездегі трендтерден тағлымы мол, болашақ мамандықтар парадигмасын жете түсінетін, Білім министрлігінің «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті болған кезде, әлемдік жоғары оқу орындары мен ғылыми-инновациялық орталықтармен «қоян-қолтық» қызмет атқарған білікті тұлғаның тағайындалуы үміт отын жағады», — дейді профессор. 

Кәрімбек Арыстанбекұлы Ұлттық құрылтайдың болашағы туралы сөз қозғады. 

«Жоғарыда атап өткенімдей, ұлтты ұйыстыруда, азаматтық қоғам құруда, ел ынтымағын сақтауда, бекем бірлікті арттыруда Ұлттық құрылтайдың рөлі зор болатынына сенімім мол. Ашықтық, әділдік пен шынайылық салтанат құрғанда ғана елдің экономикалық-әлеуметтік әлеуеті көтерілетіні анық. Халық қамын ойлайтын мемлекет қағидасы күн тәртібінен түспеу керек. Ол үшін қоғам үнін мемлекеттік органдарға жеткізіп, елдің әл-ауқатын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында Ұлттық құрылтай мүшелері аянбай атсалысатыны, қоғамның тыныс-тіршілігі туралы шындықты ту етіп ұстайтындығы күмән тудырмайды. Сондықтан, Ұлттық құрылтайды қоғам үні деуге әбден болады», — дейді Кәрімбек Құрманәлиев. 

Еске салайық, 15 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда Ұлттық құрылтай құрылған болатын. Құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда өткен еді. Ал келесі Ұлттық құрылтай Түркістанда өтетіні белгілі. 

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями