Популярные темы

«Қоғам балаға еш уайымы жоқ нысан ретінде қарауды доғарса екен». Неміс психиатрымен сұхбат 01 февраля 2022, 11:05

Дата: 01 февраля 2022 в 11:13 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Стоковые изображения от Depositphotos

ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын 700 000 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Иә, жантүршігерлік статистика. Ең өкініштісі, суицид деңгейі бойынша рейтинг жылына 4 рет жаңарып отырады. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі Германияның медицина ғылымдарының докторы, психотерапевт Хайо Хейнмен сұхбаттасып, суицидтің психотипі және оның алдын алу жолдарын сұрады. 

Хайо Хейн — жоғары санатты психотерапевт, бүгінде ол Лейпциг университеті клиникасында дәріс оқиды. Сонымен қатар, спикеріміз UNICEF халықаралық ұйымының зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қозғалысының бастамашысы. Кейінгі жылдары неміс профессоры суицид тақырыбын зерттеумен айналысып жүр, оның еңбектері қызу талқы үстінде. 

TN: Сіздің R&P журналында шыққан ғылыми зерттеуіңізде суицидке анықтама берілген. Бұл провокация емес пе?

Провакия адам өмірімен өлшенбесе керек, сол себепті өз ойымды қисынды деп санаймын. Суицид — әлеуметтік құбылыс. Тек сосын ғана оны қоғам мен ортаның индикаторы ретінде қарастыруға болады. Сондықтан да оның нақты диагнозы жоқ, ал көпшілік кеңінен көсілетін факторлар болжам болып қана қала береді. Бұл суицидтің адамзат пайда болғалы бері дерті табылмаған, ең қауіпті ауру екенін айшықтайды.    

TN: Демек, суицидтің алдын алу мүмкін емес деген сөз бе?

Кез келген даудың жолы бар, бірақ қазір біз жіпсіз байланып отырмыз. Әңгімені мынадан бастайықшы, өз-өзіне қол салу эпидемиологиясы бойынша ақпарат ашық болғаны маңызды, мұны бірінші мәселе деп қарастырайық. Екіншіден, суицидология ғылымының мүмкіндігі мен тиімділігіне нақты баға беру керек. Өкінішке қарай, суицидке қарсы барлық акциялар мен шаралар тиісті нәтиже беріп жатқан жоқ және алдағы уақытта да бұл процестің өздігінен өзгере салатынына сене алмаймын. Иә, талай адам белгілі бір көмектің арқасында ажалдан аман қалды, бірақ бұл жағдайларды суицид емес, демонстрация мен манипуляция деп қарастырған жөн.

TN: Демонстрация туралы тарқатып беріңізші. Сонда жыл сайын қабылданатын доктриналар мен стратегиялар қайда қалды?

Қолда бар статистика мен тәжірибені сөйлететін болсақ, бұл сұрақтың жауабын оңай табуға болады. Мамандар өз-өзіне қол жұмсау психотипін қарапайым 2 арнаға бөледі: суицид және парасуицид. Бүгінде суицидтің алдын алатын шаралардың барлығы бірінші жағдайдың алдында дәрменсіз, бұл менің пікірім емес, факт. Ал түрлі ұйымдар мен жекелеген топтардың іс-әрекеті тек екінші типті қамтиды, яғни негізгі мақсаты өлім болмаған пациенттермен жұмыс жасайды. Біз оларды демонстранттар деп қабылдаймыз. Дәл осы тұста ой қайшылығы болмауы үшін кесіп айтайын, суицид тіркелсе, ол нәтиженің тиімсіздігін көрсетеді, ал суицидтің жолы қиылса, бұл себебі мен салдарына байланысты басқа мәселе болып шыға келеді. Сонда біз кімді алдап жүрміз? Демонстрацияның өзіне тоқталсақ, біз оны эмоционал реакция деп бағалаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда, парасуицид амалдарына бару арқылы өз қалауына қол жеткізу. 30 жылдық тәжірибемде демонстранттардың біршамасын көрдім, талдау жасадым. Ашығын айтқанда, пациенттерімнің 73 пайызы суицидті назар аударту құралына айналдырған болып шықты. Десе де, өз-өзіне қол салу дерегі расталған барлық фактор жеке қаралуы керек екенін айтқым келеді. Кез келген демонстрация қауіпті және оған бей-жай қарауға болмайды, біз мұны жоққа шығармаймыз. 

 TN: Демонстранттар өлімді көздемейтін болса, суицидке баратындар кімдер болды?

Енді бұл сұраққа жауап беру кімге де болсын оңай емес, себебі сүйенетін нақты дерек жоқ. Дегенмен, өз-өзіне қол жұмсап, таңғажайып жағдайда тірі қалған адамдардың сөзіне мән берсек, бұл таза биопсихоәлеуметтік фактор. Алайда мұны да нақты ақпаратқа жарытуға болмайды, егер олардың қайта суицидке не эвтаназияға баратынын ескерсек, утопиямен бетпе-бет келеміз. ДДСҰ 800-ден астам суицидтің себебін санап шыққан екен, оның ішінде жан ауруы мен отбасылық проблемалар 36 пайызға тең болса, 41 пайызы белгісіз. Бұл нені білдіреді? Суицидке кез келген адам баруы мүмкін деген сөз. Қазір қоғамда көптеген жансақ пікір бар. Мәселен, әлеуметтік жағдайы тұрақты, психологиялық ауытқуы жоқ, дені сау адамдар тобын суицидтен аулақ деп ойлайды. Дегенмен, өлім еш факторға қарамайды. Мысалы, экономикасы дамыған әрі адами құндылықтарды жоғары қоятын Жапонияда суицид дерегі жыл сайын 4 пайызға өсуде, былтыр 20 мыңнан астам жапониялық өз-өзіне қол салды. Психологиялық ауытқуға келсек, бұл топ өкілдері дүниежүзілік суицидтің тек 19 пайызына тең. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын көпшілік болып іздеуіміз керек.

TN: Жақсы, ал ол жауапты қайдан іздейміз? Симптомдары бар ма? 

Менің қынжылатыным да осы еді, барлық адамның психологиясына тән симптомдар болса, жағдай осыншалықты ушықпас еді. Десе де, көптеген психиатр Дюркгеймнің мынадай талдауына сүйенеді. Біріншіден, өз-өзіне қол салғысы келген адам мұны ұзақ уақыт бойы жоспарлайды. Осы кезде сөз арасында өлім туралы ой-пікірлер көбейеді, әдетте суициденттер өз жақындарына ескерту жасайды. Мәселен, хат жазады, естелікке сыйлық береді. Екіншіден, жақындарымыздың бойындағы депрессия мен шарасыздықтың салдарын байқауымыз қажет. Үшіншіден, адамның іс-әрекетіндегі ашушаңдық пен ұзақ мерзімді стресті келтіруге болады. Ғалымдар анықтаған басты деректер осылай деп тұр. Өзімнің қосатыным, егер адамның мінез-құлқы бірден өзгеріп, апатияға жақын болса, бірінші болып дабыл қағыңыз. Неге десеңіз, психологияда адам табиғатының лезде өзгеруі жақсылықтың нышаны емес, дәл осы себеп бойынша 18 пайыз суицид дерегі белгілі болған.   

TN: Статистика басқа не дейді? Жалпы бүгінге дейін қандай зерттеулер жүргізіліп жатыр?

Америка ұлттық зерттеу орталығы ЛГБТ өкілдерінің гетеросексуалдардан 7 есе көп суицид жасайтынын анықтады. Бұл толыққанды зерттеу нәтижесі болғандықтан айшықтап отырмын. Одан кейін отбасылы адамдардың бойдақтарға қарағанда өз-өзіне жиі қол салатыны расталды. Бұл қатарға 15 пен 27 жас аралығындағы жастарды да жатқызуға болады. Сонымен қатар, есірткі мен алкогольге салынғандар және мүгедектер арасында да суициденттер аз емес. Негізі статистиканың түр-түрі бар, оның барлығын тізіп шығу мүмкін емес, оның үстіне, тек салыстыру үшін қолданылған цифралар теория бола қоймас.

 TN: Жастар туралы зерттеуді айтып қалдыңыз...

Иә, жаңа атап өткен факторлар жастарға жоламай, қаша жөнелмейді. Сорақысы, олардың қатарында кәмелетке толмаған балалар да бар. Қоғам балаға еш уайымы жоқ нысан ретінде қарауды доғарса екен деймін. Суицидке барған жастардың басым бөлігінің проблемалары ересектердің жағдайымен бірдей: отбасыдағы жанжал, буллинг, әлеуметтік теңсіздік, зорлық-зомбылық, гендік ауру, сексуалды ориентация және т.б. Дәл осы сәтте балаға ерекше көңіл бөлінуі қажет, өйткені олар қалыптасу процесінде болады. Бала тәрбиелеу үшін оның бойынан белгілі симптомдардың пайда болғанын күтудің мүлде қажеті жоқ. Тек суицид емес, кез келген мәселе қырағылықпен шешіледі. Палеозой дәуірінде емеспіз, жан-жаққа қарап, етек жиятын кез келді, оның үстіне бұған дейінгі суицид тарихының өзі біз үшін үлкен сабақ болады. Осы бағытта көп жұмыс істеуіміз керек, яғни бір-бірімізге қаншалықты қажет екенімізді түсіндіре алуымыз маңызды.   

TN: Қалай көмектесеміз? Cонымен түйіндейік. 

Суицид алдында жүрген адамға, ең алдымен, эмпатия білдіру керек. Сондай-ақ, оны тыңдай білу және сұрақ қою арқылы ғана көмек көрсете аласыз. Қысқа қайырғанда, қандай қажеттілігі бар, сол бойынша қол ұшын созған дұрыс. Ең бастысы коммуникация екенін ұмытпаған абзал, сондықтан әңгіме барысында абай болу керек. Адам жанын емдейтін қасындағы жақыны ғана, ал біз тек жағдайға баға береміз. Сөз соңында айтарым, суицид туралы тағы басқа материалдармен танысып, айналаңызға бір көз салыңызшы, бәлкім, біреудің сіздің көмегіңізге зәру шығар. 

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Хайо Хейннің жеке мұрағатынан 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями