Популярные темы

Министрлер еңбек жолын қайдан бастаған? 28 января 2022, 13:29

Дата: 28 января 2022 в 13:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Министрлер еңбек жолын қайдан бастаған?
                28 января 2022, 13:29
Стоковые изображения от Depositphotos

Биыл Қазақстанда бірқатар жаңа министр тағайындалды. Жалпы, елімізде 18 министрлік бар. Министрлердің алғашқы қызметі қандай болғанын білесіз бе? Tengrinews.kz тілшісі министрлер еңбек жолын қайдан бастағанын жинады. 

Министр қызметіне таяуда ғана тағайындалғандар бастайық. Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі қызметіне келгеніне бір апта болды. 

Жақсылықов өмір бойы әскери салада жұмыс істеп келеді. Әскери академияларда оқыған. Ал еңбек жолын 21 жасында взвод командирі қызметімен бастаған. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров түрлі БАҚ-та, компанияда жұмыс істеген. 

Ал еңбек жолын 1997 жылы 21 жасында мәдениет мәселелесі республикалық орталығының экономика бойынша маманы қызметімен бастаған.

Әділет министр Қанат Мусин «заңгер» мамандығын тәмамдаған. Ал еңбек жолын 1984 жылы 18 жасында бұрынғы Целиноград қаласының Ленин аудандық халық сотының сот орындаушысы ретінде бастаған. Кейін онда сот отырысының хатшысы, архивариусы болып қызмет еткен.

Ажар Ғиният та — биыл министр қызметіне келгендердің бірі. Ол Денсаулық сақтау министрлігін басқарады. Ажар Ғиният өмір бойы медицина саласында қызмет етіп келеді. «Педиатр» мамандығы бойынша тәлім алған. 

Ал қызметін атырау қалалық поликлиникасында учаскелік педиатр ретінде бастаған. Бұл қызметке ол 23 жасында келіп, екі жыл қызмет еткен. 

Таяуда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Қайырбек Өскенбаев «заңгер» мамандығын тәмамдаған. Ал еңбек жолын 18 жасында бастаған. 1982 жылы Ленин аудандық ішкі істер басқармасының тергеушісі қызметін атқарған. 

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «халықаралық құқық» мамандығын тәмамдаған. Ал еңбек жолын 22 жасында Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Алдымен референт, атташе, кейін үшінші хатшы қызметтерін атқарған.  

Әлібек Қуантыров биылдан бастап Ұлттық экономика министрлігін басқарады. Ол еңбек жолын 2005 жылы 22 жасында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маман болып бастаған. Кейін бес жыл бойы осы министрлігінде түрлі қызметті атқарған.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мамандығы — экономист. Еңбек жолын осы саладан бастаған. 23 жасында Alem Bank Kazakhstan-да экономист, кейін бас экономист қызметін атқарған. Онда бір жыл жұмыс істеген.  

Серікқали Брекешев — былтырғы қыркүйектен бері экология, геология және табиғи ресурстар министрі. «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығын тәмамдаған. 

Еңбек жолын 23 жасында бастаған. Сол кезде «Қазақстан-Ресей сауда үйі» БК бас директорының орынбасары болған, кейін экономист болып жұмыс істеген.

Серік Шәпкенов бір жылдан аса уақыт бойы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарады. Мамандығы — экономист-математик. Ал еңбек жолын 21 жасында өзі оқыған Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы қызметімен бастаған. Онда бір жыл еңбек еткен.

Серік Шәпкенов секілді Ерұлан Жамаубаев та еңбек жолын оқытушы ретінде бастаған. 22 жасында Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы болып қабылданып, екі жыл еңбектенген. Ал 2020 жылдың 18 мамырынан бері қаржы министрі. 

2020 жылы қыркүйекте қайта құрылған Төтенше жағдай министрлігін басқаратын Юрий Ильин И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскерлiк командалық училищесiн тәмамдаған. Оның да алғашқы жұмысы оқытушы болған. Ол 24 жасында Украинаның Сумск облысы Азаматтық қорғау 390-курстарының оқытушысы атанып, онда бір жыл еңбек еткен. 

Ербол Қарашөкеев — былтырғы қыркүйектен бері ауыл шаруашылығы министрі. Ол «заңгер» мамандығы бойынша білім алған. 23 жасында Статистика агенттігі Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып жұмысқа орналасқан. Онда бір жыл жұмыс істеген. 

Ерлан Тұрғымбаев 2019 жылдың 12 ақпанында ішкі істер министрі болып тағайындалған. Негізі министр «заңгер» мамандығын тәмамдаған.

Министрдің еңбек жолы құқық қорғау органында басталған. 22 жасында ол Қарағанды облыстық ІІБ Саран ауданы қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып қызмет атқарған. Сол жақта болашақ министр екі жыл еңбек еткен.

2019 жылдың 13 маусымынан бері Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігін басқарып келеді. Қарағандыда «тарихшы, тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәлім алған. Кейін «құқықтану» факультетінде оқыған.

20 жасында ол өзі оқыған Қарағанды мемлекеттік университетінде қызметкер болып жұмыс істеген. 21 жасында Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты атанған.

Бақыт Сұлтанов сауда және интеграция министрі болып 2019 жылы 17 маусымда тағайындалған. Жоғары білімді «инженер-электрик» мамандығы бойынша алған. Бір жылдан кейін экономист мамандығын тәмамдаған.

Сұлтанов еңбек жолын бірден мемлекеттік қызметте бастаған. Ол Қаржы министрлігіндегі бөлімдердің бірінде жетекті экономист болған.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл қызметті 2019 жылдың 18 қыркүйегінен бері атқарып келеді. Болашақ министр 23 жасына дейін шетелдік институттарда тағылымдамадан өткен. 

Ал еңбек жолын 1993 жылы Азия елдері басқармасының атташесі қызметінде бастаған. Бұб басқармада үш жылдай жұмыс істеген.

Бағдат Мусин — 2020 жылдың 2 қыркүйегінен бері цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. Ол «компьютердің техникалық және бағдарламалық жасақтамасы» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 21 жасында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының инженер-бағдарламашысы қызметімен бастап, кейін онда директор орынбасары қызметіне дейін көтерілген. 

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями

Читайте также