Популярные темы

Қазақстандағы тәртіпсіздіктер: қаза болған жоғары лауазымды шенділер 13 января 2022, 12:51

Дата: 13 января 2022 в 13:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Қазақстандағы тәртіпсіздіктер: қаза болған жоғары лауазымды шенділер
                13 января 2022, 12:51
Стоковые изображения от Depositphotos

Кейінгі күндері Қазақстанда бірнеше жоғары лауазымды шенді қаза болды. Бірі атыс кезінде қаза тапса, бірінде инфаркт болған, енді бір полковник өз үйінде өлі табылған. Tengrinews.kz тілшісі таяуда өмірден өткен шенділер туралы баяндайды. 

Дастан Әділбай

Жамбыл облысы ҰҚКД Терроризмге қарсы орталығының бөлім бастығы подполковник Дастан Әділбай қаскөйлер қолынан қаза тапты. Тараздағы тәртіпсіздіктер кезінде қаскөйлер өңірдегі ҰҚК ғимаратына басып кірмек болған. 

Дастан Әділбай. Фото: ҚР ҰҚК

«Ғимаратты қорғау кезінде жеке құрамның өмірі мен денсаулығына, күзетілетін нысан қауіпсіздігін, сондай-ақ атыс қаруы бөлімін басып алу қаупін ескере отырып, шабуылдаушыларға жауап ретінде оқ атылды», — дейді ҰҚК баспасөз қызметі өкілі.

Шекара қызметі департаментінің арнайы жасақ тобымен бірлесе отырып, 3 қарулы шабуылға тойтарыс берілген.

«Жамбыл облысы ҰҚКД Терроризмге қарсы орталығының бөлім бастығы подполковник Дастан Әділбай оқ жарақатынан қаза тапты», — деді ведомство өкілі.

Әділбай қаза тапқаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградтаған. 

Сәндібек Хайыров

Ал Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде Қарулы Күштердің офицері Сәндібек Хайыров қаза тапты. Мұны Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Хайыров 2004 жылы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын, 2021 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірген. Қарулы Күштер қатарында взвод командирінен бастап, авиациялық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымына дейін қызмет еткен. 

Биыл 40 жасқа толуы керек еді, офицер тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған. Мезгілсіз қаза болған Сәндібек Хайыровтың артында жары, ұлы Әбілқайыр мен қызы Сабина қалды.  

«Ол тәжірибесін бөлісті, адал, сенімді және лайықты командир үлгісін көрсетті. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштердің жеке құрамы қайғыларына ортақтасып, отбасы мен жақындарына көңіл айтады», — деді ведомство өкілі.

Жанат Сүлейменов

Генерал Жанат Сүлейменов — Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы. 1962 жылы дүниеге келген, ішкі істер органдарында 1980 жылдан бастап қызмет етеді. 

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы лауазымына Жанат Сүлейменов 2020 жылдың ақпанында Қордай ауданындағы оқиғалардан кейін тағайындалған еді.

Генерал Жанат Сүлейменов

Таяуда желіде Жанат Сүлейменов дүниеден өткені туралы ақпарат тарады. Артынша Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады. 

«Жанат Сүлейменов қайтыс болғаны рас. Бірақ қандай жағдайда қайтыс болғаны анықталып жатыр», — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс бойынша соталды тергеу жүріп жатыр. Істің мән-жайы анықталып жатыр.  

Таңат Назанов

Алматыда да жоғары лауазымды полицей қайтыс болды. Түрксіб ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Танат Назанов дүниеден өтті. 

Танат Назанов өмір бойы жедел бөлімшелерде қызмет еткен, ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес басқармасын басқарған. 

Назанов қайтыс болғанын қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Ресми ақпаратқа сәйкес, ПБ басшысының орынбасарында инфаркт болған. 

«Ол жұмыс орнында мерт болды», — дейді Алматы ПД өкілдері. 

Азамат Ибраев

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Азамат Ибраев өлі табылды. Бұл туралы комитет мәлім етті.

Әзірше полковник неден қайтыс болғаны хабарланбады. Белгілісі — оның денесі өз үйінің ауласында табылған. 

«2022 жылы 10 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өз үйінің ауласында ҰҚК полковнигі Азамат Ибраев өлі табылды», — делінген хабарламада.

Дерек Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция департаменті бөліміне 10 қаңтарда тіркелген. Соталды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жандос Жағалбаев

7 қаңтарда Алматыда ҰҚК академиясына қарулы шабуыл жасалған еді. Атыс кезінде капитан Жандос Жағалбаев қаза болды. Ол 26 жасында қаза тапты.

Жандос Жағалбаев

Марқұмның туыстарының айтуынша, экстремистер ҰҚК Шекара академиясы ғимаратына күтпеген жерден шабуыл жасаған. Шабуыл жасаған адамдар қаруланған және әскери киім киген.

«Атыс болды. Жандос қарсылық білдіруге тырысты бірақ, күші тең болмады. Шабуылшылар қаруланған, оларда пулемет болған сияқты. Аса қатыгездік танытқан. Оқ Жандостың басына тиді», — деді марқұмының туысы.

Жандоспен қатар академияның бірнеше курсанты атыс кезінде қаза тапқан. Кеше ол жерде ақтық сапарға шығарып салу рәсім өтті.

«Жандос тәрбиелі, өте ақылды болатын. Ойлағанын іске асырмай қоймайтын. Балаларымызға әрқашан үлгі болды. Сабырлы, қашанда көмекке дайын жүретін», — дейді Жағалбаевтың туысы.

Жандос Жағалбаев бірнеше ай бұрын үйленген екен. Бақытты басы тұңғышы дүниеге келуін күтіп жүрген. Жандос отбасындағы жалғыз бала. Ол туған жері ШҚО Үржардағы Бестерек кентінде жерленді.

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями