Стоковые изображения от Depositphotos
Бүгін Қазақстан Үкіметі отставкаға кетті. Мұндай шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қазіргі ахуалға байланысты қабылдады. Елімізде Үкімет қандай жағдайда отставкаға кеткен еді? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
2019 жылдың 21 ақпанында Сағынтаев бастаған Үкімет отставкаға кетті
2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанның шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, Евгений және Жанымгүл Ситердің бес қызы — Бақыт, Алина, Сабина, Элина мен Альбина қазаға ұшыраған еді. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен еді. Өрт сөндірушілер бес қыздың денесін жанып кеткен жер үйдің ішінен алып шыққан. Осы қайғылы оқиғадан кейін елде көпбалалы аналар наразылыққа шыға бастады.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Сол жылы 30 қаңтарда Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, бірнеше шенеунікті сынап тастаған болатын. Назарбаев министрлер кабинетіндегі шенеуніктер «қорқақ» екенін айтып, отставкаға кетуі керегін айтты.
Көп ұзамай 21 ақпанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасады. Ол «ел үкіметі отставкаға кетуі қажет» деді. Елбасы «әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын» айтқан болатын. Назарбаев Сағынтаев басқарған үкімет жүйелі жұмыс жүргізбеді деп сынады.
«Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді. Бұл ретте, мен ел Президенті әрі Конституцияның кепілі ретінде халықтың мүддесін ескере отырып, мынадай шешім қабылдадым. Үкімет отставкаға кетуге тиіс деп санаймын», — деген еді Назарбаев үндеуінде.
Осылайша 21 ақпанда Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет отставкаға кеткен болатын. Оның орнына Үкімет басшысы ретінде Асқар Мамин тағайындалған. Ал Сағынтаев 2019 жылдың 28 маусымында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Екі жылдан кейін Үкімет тағы отставкаға кетті
Бүгін Асқар Мамин бастаған Үкімет отставкаға кетті. Президент Тоқаев Үкіметті отставкаға жіберу туралы Жарлыққа қол қойды. Маминнің орнына Әлихан Смайылов премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Мұндай шешім елде болып жатқан наразылық шараларына байланысты қабылданды. Жаңаөзен мен Ақтаудың мыңдаған тұрғыны жаңа жылдан кейін бағасы күрт шарықтап кеткен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп, көшеге шыққан болатын. Олар жолдарды жауып тастаған. Артынша өзге қала тұрғындары да көшеге шығып, бүлік шығара бастаған. ІІМ мәліметінше, тәртіпсіздіктер кезінде 200-ден аса адам ұсталған.
Фото ©REUTERS
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті тапсырма берді. Өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттерінің қожайындары өз бастамасымен газ литрін 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарған. Кейінірек Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен комиссия құрылған болатын. Бүгін үкіметтік комиссия мүшелері Маңғыстау мен Жаңаөзен белсенділерімен келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша сұйытылған газ бағасы бүгінде 50 теңгеге дейін төмендегені хабарланды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews