Популярные темы

«Етті аса ұнатпайды» — Чехияда бірнеше бизнес ашқан қазақ 09 декабря 2021, 14:27

Дата: 09 декабря 2021 в 14:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Стоковые изображения от Depositphotos

Алматылық Данияр Жанасбаев — 24 жасында үш түрлі шағын бизнес иесі. Оған қоса Қазақстанда емес, Чехия Республикасында. Данияр Чехияға 2015 жылы тіл үйрену курстарына барып, кейін ČVUT университетіне машина жасау мамандығына түскен. Осында өмірлік серігін де кезіктіріп, үйленген. Tengrinews.kz тілшісі алматылық жігітпен тілдесіп, қандай бизнес ашқанын сұрады. 

Данияр университетте оқып жүргенде қосымша жұмыс істей бастаған. 

«Ешкімге тәуелді болғанды ұнатпаймын, өзім қалаған іспен айналысқым келеді. Алғашқыда өзім сияқты оқуға келген қазақстандық студенттерге көмектескім келді. Себебі менің кезімде виза, сақтандыру мәселелері бойына кеңес беретін адам болған жоқ. Содан осы саланы зерттей келе, достарыма көмектесе бастадым. Уақыт өте басқа да адамдар келіп, тұрақты клиенттер пайда болды. Визаны ұзарту жұмысы — маусымдық бизнес», — дейді ол.

Сондықтан университеттегі оқуына кедергі келтірмейтіндей ақша табудың басқа жолдарын іздей бастаған.

«Ол кезде өз көлігім болатын, оқудан бос уақытта такси жүргізушісі ретінде жұмыс істедім. Көп ұзамай тағы бірнеше көлік сатып алып, флотилия құрдым, осылайша оларды жалға бере бастадым. Қазір қолданыста 5 көлік бар», — дейді ол.

Қазақстандық жігіт оқуын аяқтаған соң жарымен тағы бір іс бастағысы келгенін айтты. Содан кофехана ашқан. Артынша мейрамхана иесі атанған.

«Әрине пандемия кафелер мен мейрамхана жұмысына өзгерістер енгізді, біз де талаптарды сақтай отырып, тамақты онлайн режимінде жеткізуге көштік. Осылайша екінші бизнес жобаны қолға алдық. Прагада отандастарымыз үшін Қазақстанның бір бөлшегін жасап, қазақ асханасымен мейрамхана аштық. Аспазшы қазақ қыздарын таптық. Жергілікті тұрғындарға да біздің тағам мен мәдениетімізді таныстырғымыз келді», — дейді Данияр.  

Сурет: Данияр Жанасбаев мұрағатынан

Оның айтуынша, чехтер қуырдақты жақсы көреді, ал қазақтың асылған етін аса ұнатпайды. 

Алматылық жігіттің тағы бір ісі — Чехияға жұмыс визасын жасаумен көмектесу. 

«Чехияда ұзақ жылдар тұрып, жұмыс визаларына қатысты қиындықтар көп екенін байқадым, себебі ісіне жауапсыз қарайтын компаниялар көп, бағасын да көтермелеп тастайды, ал делдалдары сенімді адам болмауы мүмкін. Сондықтан осы мәселені шешу үшін жұмыс визасын рәсімдейтін компания аштым. Алдағы уақытта осы саланы дамытқым келеді», — дейді ол. 

Данияр Жанасбаев шетелде бизнес ашқысы келетін қазақстандықтарға кеңес айтты. 

«Өз күшіңе сенсең және жайлы орныңнан тұрудан қорықпасаң, бәрін істеуге болады. Чехияда түрлі салада бизнес ашқан қазақстандықтар көп. Мысалы, барбершоп желісі, стоматология, монша, спорт залы және тағы басқалары. Осындай адамдармен қосыла отырып, біз қазақстандықтарды біріктіретін және оларға көмектесетін қазақ диаспорасын ашқымыз келеді. Әрине көп ел бірінші кезекте өз азаматтарын қолдайды, сондықтан біз мәселелер туындап жатса, Қазақстан елшілігіне жүгінеміз», — деді ол.

Қазақстандық жігіт болашақта өз мамандығымен де жұмыс істеп көргісі келетінін айтты. 

«Қазір болмаса да жақын арада жоспарда бар. Пандемия басталғалы бәрі үйден жұмыс істеуге көшті, жұмыс орындары қысқарып қалды. Оған қора мейрамхана жұмыстарын да пысықтау керек болды. Осының бәрін аяқтаған соң өз мамандығыммен жұмыс істеуді жоспарлап отырмын», — деді Данияр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями