Популярные темы

Тазалық және тұрғындар

Дата: 23 января 2020 в 12:12


Тазалық және тұрғындар

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегеновтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысы өтті.

2019 жылы ұйымдастырылған Ашық есік күндерінде аудан әкімдігіне 273 тұрғын жолығып, 384 сұрақ түскен. Сұрақтардың дені әлеуметтік көмектің тағайындалуына қатысты болса, тұрғын үй мәселесі бойынша жолыққандар да баршылық.

Бағжан Тілегеновтің айтуынша, бүгінгі күні  аталған сұрақтардың 125-і шешімін тауып, 259 сұраққа түсініктеме беріліп, қажетті құжаттарды жинақтауға көмек көрсетілген.

Жиында баяндама жасаған аудан әкімі жыл бойы атқарылған жұмыстар турасында айтып берді. Ол алдымен ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан аумағындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоқыс шығару жұмыстарымен «NEO PLUS» ЖШС айналысады. Сонымен қатар санитарлық жағдайды жақсарту және облыс әкімімен бекітілген жоспарды іске асыру мақсатында көктем-күз айларында жалпықалалық сенбіліктер өткізілген.  Өткен жылы «Бірге — Таза Қазақстан» акциясы және жалпықалалық сенбіліктер аясында аудан аумағынан 500 тонна қоқыс шығарылыпты.  Ал республикалық «Орман отырғызу» акциясы аясында 12 мыңнан астам ағаш егілген. Жасыл желекті жаз мезгілінде суару үшін Әбілқайыр хан даңғылында жалпы ұзындығы 2640 метр болатын, ал Бөкенбай батыр көшесінде жалпы ұзындығы 4430 метрді құрайтын су құбырының құрылыстары жүргізілген.

— Бүгінгі таңда аудан аумағында 56 сквер мен саябақ бар. Қаланың 150 жылдығына орай  облыс аудандары  қолданыстағы 1 саябаққа жаңарту жұмыстарын жүргізіп берсе,  3 жаңа саябаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізіп тарту етті. Сонымен қатар өткен жылы  балаларға арналған 14 ойын алаңдары орнатылды. Бүгінде аудан аумағында барлығы 234 ойын алаңы жұмыс жасап тұр.

Бұдан бөлек, 2019 жылы жаңбыр мен еріген суды кетіру үшін канал салуға бөлінген қаржыға Жаңақоныс тұрғын алабы мен Алматы көшесіне ұзындығы 271 метр  болатын суағар салынды. Қазіргі күні аудан бойынша 63 көшеде ұзындығы 258 817 метр болатын суағар арықтар бар.  Және өткен жылы аудан аумағында 6032 шаршы метр жаяу жүргінші жолдары салынды, — деді Бағжан Тілегенов.

Сондай-ақ өткен жылы «Бауырластар-1», «Бауырластар-3», «Бауырластар-4», «Жаңақоныс-2», «Думан» тұрғын алаптарына электр желілері мен газ желілерінің құрылысы жүргізілді.

— Сонымен қатар, демеушілер көмегімен Жаңақоныс тұрғын алабындағы  40 лет Победы, Садовый тұйық көшесі, Ленин көшелеріндегі екі қабатты 5 үйдің кәріз желілері жаңартылып, орталықтандырылған кәріз желісіне қосылды.Кәріз қақпақтарының ұрлануының ұлғаюына байланысты, аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызмет өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Рейдтік іс-шаралар кезінде талапқа сай келмейтін 206 қақпақ пен құдықтар аңықталды. Қазіргі уақытта  206 қақпақтың 194-і сәйкестікке келтіріліп, ал қалған 12 құдық иелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес кемшіліктерді жою туралы әкімшілік материалдар толтырылып, ұйғарым берілді, — деді аудан әкімі.

Астана ауданы бойынша 43 мектеп бар. Оның 4-еуі — үшауысымдық.

— Мектептерге жүргізілген талдау қорытындыларына сәйкес, 2019 жылы №1, 3, 36, 40, 68, 69 орта мектептердің айналасына 2389,6 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынды.  2019 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Батыс-2 ауданында жалпы аумағы 3750 шаршы метрді құрайтын 150 орындық балабақша іске қосылды және Құрашасай ауылында 600 орындық мектеп ашылып, №58 мектептің 2 ауысымдыққа көшу мәселесі шешілді. Ал № 56 орта мектепке қосымша кеңейтім салу жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы №9, №21, №27, №37 мектептерге қосымша кеңейтім салу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Қазіргі таңда, Батыс-2 шағын ауданының халық санының өсуіне байланысты 1200 және 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, — деп ауданның әлеуметтік саласына тоқталған Бағжан Тілегенов Астана ауданы әкімдігі ұйымдастырған Ашық есік күндері өздерінің өтініштерімен келген көпбалалы және аз қамтылған 27 отбасына азық-түлік, киім-кешекпен көмек көрсетілгендігін айтты. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен 25 бала толық қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекпен қамтылған.

Аудан әкімі өз баяндамасында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Аудан аумағында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының 3 бағыты бойынша да нәтижелі жұмыстар жасалып жатыр.  Жалпы жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығымен 10 кезекті және 4 мамандандырылған бос жұмыстар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 632 адам жұмысқа орналасқан.

Жиында сұрақ-жауап кезегі келгенде қала әкімі мен аудан әкіміне көшелерді жарықтандыру, ауыл ішін қоқыстан тазалау, ауыл ішіндегі көшелерге атау беру мәселелері көтерілді.

— Жаңақоныс ауылында тұрып жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Біз тұрып жатқан көшенің әлі күнге дейін атауы жоқ. Былайғы күні ештеңе емес, ауырып қалып, жедел жәрдем шақырғанда қиын. Бұдан бөлек, ауылдағы қоқыс мәселесін де айтқым келіп тұр. Үйлерден шығарылған қоқысты уақытында алып кетпегендіктен, желмен шашылып жатыр. Оған кім жауапты?

Және айтайын деген үшінші мәселем, көшелерге жарық орнатылды. Бірақ ол бір күн қосылса, бір күн қосылмайды, — деді ауыл тұрғындары атынан сөз алған ақсақал.

Бұған аудан әкімі былай деп жауап берді:

— Бірінші көтерілген мәселе бойынша айтатын болсақ, үй саны өсіп, көшелердің көбеюіне байланысты бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы көше атауларына байланысты ономастикалық комиссияға 24 көшеге қатысты ұсыныс берілді. Келісу жұмыстары жүргізілгеннен кейін атау берілетін болады. Ал екінші көтерілген мәселе — ауыл ішіндегі қоқысты тазалау. Бұл жұмыспен «NEO PLUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Аталған мәселе бойынша компания өкілдерімен бұған дейін де сөйлестік. Ауыл ішіндегі қоқыстың уақытында тазартылмауының басты себебі — тұрғындардың қоқыс үшін ай сайынғы төлемдерін уақытында жасамауында.  Ал көшелерді жарықтандыру жұмыстары әлі де жалғасады. Қазіргі таңда осы ауылдағы 18 көшеге жарық шамдарын орнату қажет.

Бұдан өзге есепті жиын барысында ауыл тұрғындары жеке мәселелерімен қатар ауылға Мәдениет үйі қажет екендігін айтты. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мәселе биыл өз шешімін тауып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі таңда Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптамадан өткен. Тек қаржы мәселесінің шешілуін күтіп отыр.

Тұрғындарды толғандырған мәселелер мен аудан әкімінің есебін тыңдаған қала әкімі Мавр Абдуллин жиын соңында сөз алып, кездесуде айтылған мәселелердің барлығы қадағалауда болатындығын айтты.

— Бүгінгі айтылған әңгіменің барлығы орынды, көтерілген мәселенің барлығы өзекті. Дегенмен бәрі қаржыға байланысты. Қазақта «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген сөз бар. Басқа да көкейкесті мәселелер жеткілікті. Бүгін ауыл ақсақалдары көтерген ұсыныстардың барлығын қараймыз. Жеке үйлердің жұмысы ешқашан бітпейді. Жалқау адамның сылтауы көп. Сондықтан біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып аталған жұмыстарды бірлесе атқаруымыз қажет, — деді қала әкімі.

Айта кетейік,  тұрғындармен байланыс орнату және Астана ауданы әкімі аппаратының жұмысы мен іс-шараларының өткізілуі жөнінде ақпарат тарату мақсатында инстаграм, фэйсбук әлеуметтік желілерімен қатар http://astana.akt.gov.kz ресми интернет ресурсы жұмыс жасайды.

Аудан әкімдігінің ресми парақшаларында тұрақты түрде ақпарат жаңартылып, тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстары қарастырылады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Поделитесь новостью с друзьями