Ер Едігеге ескерткіш қойылады

Дата: 16 января 2020 в 10:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ер Едігеге ескерткіш қойылады

Ер Едігенің есімі қазақ халқына Алтын Орда дәуірінің әдеби мұрасына жататын «Едіге батыр» эпосы арқылы кеңінен мәлім. Ол тамаша эпос туралы Шоқан Уәлиханов өз зерттеу еңбегінде: «Едіге жыры — бұл қазақтың ең керемет тарихи жыры» деп аса жоғары баға берді. Ал Қаныш Сәтбаев 1927 жылы эпостың Шоқан нұсқасын Мәскеуде 3000 данамен қайыра бастырып, өз қолымен таңбалаған кіріспе сөзінде: «Ескі сөздердің ішінде қазақ жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт-санасы, әдеттері көп суреттеліп отырады. Бұл — тарихи жағынан құнды нәрселер. Шоқан бастап жиған осы Едіге батырдың әңгімесін тарих, тіл, әдебиет жақтарынан қарағанда қазақ ескі сөздерінің ішінде маңызды орын алуға лайық», — деп жазды. «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосының қазақ фольклорының алтын қорынан ойып орын алатын айтулы туынды екенін оны зерттеуші ғұлама ғалымдар бір ауыздан осылайша мақұлдаған.

«Едіге батыр» эпосының қазақ, ноғай, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен тілдеріндегі нұсқаларының болуы және олардың аударма емес, әр ұлтта дербес шығарма түрінде кездесуі эпостың түркі халықтарына ортақ мұра екендігін аңдатады. Соңғы зерттеулер бойынша, оның аталған түркі халықтарында қазіргі таңда 60-тан аса нұсқасы бар екені белгілі болып отыр. Олардың кейбіреулерінің көлемі отыз мың жолға жетеді. Барлығына ортақ сарын: «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер  еді»  болып келеді. Яғни, Едіге – күллі түркі халықтарының сүйіктісі.

1944 жылы Кеңес өкіметі эпосты айтуға тиым салды. Орта мектеп пен жоғары оқу орны бағдарламасынан алынып тасталды. Тәуелсіздіктің арқасында қайыра зерттелуде. Қазіргі күні «Едіге батыр» жырының оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шет ел Түркия (Саадат Чагатай нұсқасы) мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқындалды.

«Едіге» эпосы — Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры.  Түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы да туындының озықтығының бір қыры  болып табылады.

Эпостың қарақалпақша нұсқасының неміс, ағылшын тілдеріндегі аудармалары 2007 жылы белгілі неміс ғалымы Карл Райхлдің аудармасымен, ал ноғай нұсқасы 2012 жылы ағылшын тіліне Давид Ханттың аудармасымен  Еуропа фольклортанушыларына кеңінен мәлім болды. Атағы шыққан фольклортанушы ғалым Д. Хант «Едігені» «Әлем мәдениетінің асыл қазыналарының бірі» деп бағалады.

С. Бәйішев университеті Ақтөбедегі «Ер Едіге» қоғамдық қорымен бірлестікте 2018 жылы 27 сәуірде «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» тақырыбында халықаралық конференция өткізді, оған Татарстаннан, Башқұртстаннан, Қарашай-Шеркеш Республикасынан, Қарақалпақстаннан едігетанушы ғалымдар қатысты. 2019 жылы 18-19 сәуір күндері «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» деген атаумен екінші рет халықаралық конференция өтті. Бұған жоғарыда аталған елдерге қоса Әзербайжан, Өзбекстаннан танымал ғалымдар келіп, баяндама жасады.

Эпостың басты кейіпкері Едіге – 1356-1419 жылдар арлығында ғұмыр кешкен, заманында аты батыс пен шығысқа тегіс белгілі болған  тарихи тұлға. Ақсақ Темір үш рет шауып, тұралатып кеткен Алтын Орданы қайтадан қалпына келтірген көреген саясаткер. Орта ғасырдағы әйгілі тарихшымыз Қадірғали Жалайырдың жазуынша Ер Едіге Ортаңғы Бөрте өзені бойында қазіргі Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы территориясында өлген. Соңғы үш жылдағы үздіксіз ізденіс нәтижесінде ескі әскери карталардан «Едігенің моласы» деген табылды. Бұл мола «1869 г. Атлас Оренбургского края; 1904 г. Карта Темирского уезда Уралской области; 1983 г. Карта 200К-m40-26 (Категория Топокарты Генштаба)» деп аталатын Ресей оқымыстылары түсірген  карталарда таңбалаулы [көшірмесі қоса тіркеліп отыр]. Оның кірпішін зерттеген ақтөбелік археолог, профессор Рахым Бекназаров ХІV-ХVІ ғасыр аралығына жатқызды.

Мола іргесіндегі ауылда тұратын, жастары 100-ге тақап қалған Ығылман Көшімов, Сағымбай Мұқанов ақсақалдардың куәлік беруінше Ер Едігенің моласы 1943 жылға дейін құламай тұрған, өз көздерімен көрген. Осы мәселені арнайы талқылаған ауыл ардагерлері жиналысының қолымыздағы хаттамасы бойынша да бұл бейіт Едігенікі. Мұны халықаралық конференцияға қатысқан, бейітін 27.04.2018 ж. арнайы барып тексерген едігетанушы ғалымдар — ресейлік профессор Н.Суюнова, өзбекстандық профессор К.Алламбергенов бастаған, құрамы 10 адамнан тұратын экспедиция мүшелері мойындап кетті (видеожазбасы бар).

2019 жылғы конференцияға келген едігетанушы профессорлар — әзербайжандық А.Г.Сайылов, башқұртстандық Г.Р.Хусаинова, татарстандық Р.Р.Галиуллин бастаған ғылыми экспедиция да осындай тұжырымға тоқтады. Бұл мәселені Башқұртстанның «Құрмет» орденді Тарих және тіл мен әдебиет институты талқылап, оған қатысқан 17 ғалым Едіге Ақтөбе облысында «Едігенің жалы» аталатын төбеде жатыр деген шешімге келді. «Ер Едіге» қоғамдық қорының белсенді мүшелері Ислам Иманов пен Мұздыбай Сәңкібаев ол бейітке белгітас орнатты.

Ақтөбедегі «Ер Едіге» қоғамдық қорын басқарып отырған Ахат  Мырзалин мен Қайырқожа Елеусізовтің белсенді еңбегінің арқасында Едігенің атына қаламыздан даңғыл атауы алынды, жаңа даңғыл Сәңкібай көшесінен  облыстық ауруханаға  дейінгі аралықты алып жатыр, ұзындығы алты шақырым (Қобда тас жолының бойы). «Едіге» эпосы мен оның басты кейіпкерін көпшілік арасында насихаттауға «Ер Едіге» қоғамдық қорының белсенді мүшелері Марат Блимов, Бердіғали Әйтпембетов, Кенжебай Сүйеумағамбетов, Берік Алдоңғаров, Асылбек Нұрмұханов, бұларға ерген тағы қаншама азаматтар көп еңбек сіңірді.

Қаңтар айының аяғында ескерткіші бой көтермек. Ескерткіштің тұғыры бүгінгі күнге шейін жасалып бітті, ол қалалық Зауыт полициясы үйіне қарсы бетте орналасқан. Оны қолға алған — Қобда ауданы. Бұл іске Қобда ауданы азаматтары зор еңбек сіңірді, айналасын абаттандырды, тегістеді, қара топырақ төкті, гүлзарлар жасап, қарағай, шырша ағаштарын отырғызды, орындықтар орнатып, әсем жарық көздерін қондырды. Бір сөзбен айтқанда, жұрт демалатын  тамаша аллея жасады. Ескерткіш қоладан құйылуда. Биіктігі 4 метр. Мүсіншілері  — Жеңіс Жұбанқосов пен Тоқтар Ермеков.  Жеңіс бұрын Ақтөбедегі Әйтеке бидің, Бөкенбай батырдың ескерткіштерін құйған кәнігі сәулеткер. Ескерткішке қыруар қаржы салып, қайрат қылып жатқан азаматтардың орны тіптен де бөлек.

Осылайша орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың 750 жылдығы тұсында күллі түркі халқы ардақ тұтқан Ер Едігенің есімі Қазақстан бойынша біздің Ақтөбеде аталып өтеді. Ерлер есімін ұлықтаған елдің рухы әрқашанда биіктей бермек.

Жұманазар АСАН,

«Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями