Рухани қазына: көшпелі семинарлар жер-жерде өтеді  

Дата: 22 октября 2019 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Рухани қазына: көшпелі семинарлар жер-жерде өтеді  

Байғанин ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Клубтық мекемелер жұмысын ұйымдастыру: жолдары жəне жаңа талаптар» атты облыстық көшпелі семинар өтті. Басқосуға 60-тан астам сала маманы қатысты.

Семинардың бірінші бөлімі Жарлы ауылдық клубынан басталды. Жиын барысында əріптестер клуб жұмысымен танысып, ши тоқу үйірмесінің шеберлік сағатын, қолөнер шеберлерінің көрмесін,  «Шапағат» үлгілі би ұжымының жəне ауыл өнерпаздарының концертін тамашалады.

Одан соң шара Байғанин аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. «Рухани қазына-2019» республикалық фестивалі», «Рухани жаңғыру» бағдарламасын клубтық мекемелерде жүзеге асырудың мақсат-міндеті» тақырыптары бойынша баяндама жасаған Ләйла Омарова, Гүлнар Сейталиналар мәдениет саласының маңызына да айрықша тоқталды.

Қатысушылар Байғанин аудандық Мәдениет үйінің «Ақ тілекті әжелер» халықтық ансамблі шеберлік сабағы мен концертін де тамашалады. Жетекшісі — Мәншүк Қозыбақова. Үш буын өкілдерінен құралған ансамбль мүшелерінің орындауында халық әндері шырқалып, қазақтың қыз ұзату салт-дәстүрі көрсетілді.

Облыстық көшпелі семинарда «Құстар қайтып барады» қойылымы сахналанып, музейге экскурсия да ұйымдастырылды. Мұнда қазір 5 мыңға тарта жәдігер бар.

Айта кетейік, мұндай семинар Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында да өтті. Ұйымдастырушылар көшпелі жиындардың сала мамандарына берері мол болатынын айтып, өзге аудандарда да міндетті түрде жалғасатынын тілге тиек етті.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями