Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Атакәсіп тізгіні кімнің қолында?

Дата: 08 августа 2019 в 11:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Атакәсіп тізгіні кімнің қолында?

ОБЛЫСТЫҚ «АҚТӨБЕ» ЖӘНЕ «АКТЮБИНСКИЙ ВЕСТНИК» ГАЗЕТТЕРІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КЕЗЕКТІ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ БАСЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕГЕ ӨҢІРІМІЗДЕГІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ ҚАТЫСТЫ ЕҢБЕК АДАМДАРЫ, МАЛ МАМАНДАРЫ, САЛАНЫ ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ШАҚЫРЫЛДЫ.

БАСТЫ ТАҚЫРЫП — МАЛ ӨСІРУДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ, БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІ, ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ.

Шаруа адамының мұқтажы

Нұрмұханбет Дияров, «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі:

— Біздің облыстық газетте, ол кезде «Коммунизм жолы» деп аталатын, «Малшының мың бір мұқтажы» деген тақырыпта көкейкесті мәселе көтерілді. Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсы еді. Шалқар ауданының «Жаңа қоныс» кеңшарының шопаны Әбутжан Мәжікенов мал шаруашылығындағы проблемаларды нақты мысалдармен келтіріп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Сол кезде осы мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, үлкен қозғау туғызды. Редакциямызға көптеген хаттар келіп түсті.

Содан бері отыз бес жылдай уақыт өтіпті. Мал шаруашылығында қандай өзгерістер орын алды? Бүгінгі проблемалар қандай? Малшы еңбегі жеңілдеді ме? Осы тақырыпта әңгіме өрбітсек…

Алғашқы сөзді фермерге бергіміз келіп отыр.

Жұмабай Бекмағамбетов, Хромтау ауданындағы «Аслан» шаруа қожалығы жетекшісі:

— Менің шаруа қожалығым 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бөгетсай селолық елді мекеніне қарасты Қарлау елді мекенінде қонысымыз бар. Қазіргі уақытта бағымымда 2 мыңға жуық қой, 200-дей жылқы, 600 ірі қара бар. Ірі қараның жетпісі асылтұқымды мал деп саналады.

Биылғы қуаңшылық біраз қиындықтар тудырып отыр. Ораққа ілінетін шөп жоқтың қасы деуге болады. Соған қарамастан өзен жағалаулары мен жыра бойын жағалап, қолға іліккенді жинастырып жатырмыз.

Оның үстіне малға берілетін субсидия кешіктіріліп жатыр. Бұл да бізді алаңдатады.

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы:

— Сөзіңізді бөліп, субсидияға қатысты мен бірден жауап бере кетейін. Жалпы бұл мәселедегі кідірушілік Ауыл шаруашылығы министрлігіне қатысты екенін айтпай кетуге болмайды. Соңғы кездері субсидия алушыларға қатысты талаптар бірнеше рет өзгертілді. Осыған байланысты құжаттар дайындау тәртібінде де жаңаша пункттер пайда болды.

Біздер осы кезге дейін субсидия бойынша облыстың мал өсірушілеріне 750 миллион теңге төледік. Қазіргі уақытта бюджетте 1,5 миллиард теңге бар, ол қаржы фермерлерден түскен өтінімдер бойынша төленеді. Осы тамыз айында біз сіздердің қарыздарыңыз бойынша толық төлем жасап боламыз. Егер өзіңізге қатысты нақты білгіңіз келсе, деректеріңізді айтыңыз, біз жауап береміз.

Жаңа біліп отырмын, сіз бастапқыда «Қолдау» жүйесі арқылы өтінім бергенсіз, одан кейін ИАС бағытына ауысып кеткенсіз. Ал қазір біз нақ «Қолдау» арқылы субсидия беру үстіндеміз.

Келдібай Еспағамбетов, облыстық қоғамдық кеңестің ауыл шаруашылығы, экология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комиссиясының төрағасы:

—  Субсидия — мал шаруашылығындағы бүгінгі күні орын алып отырған мәселелердің біреуі ғана. Бұл арада талаптың өзгеруін алға тарта беруге болмайды. Ең бастысы — фермерлердің хабардар болуының жетіспеушілігі дер едім. Егер мал бағып отырған адам дер кезінде жаңалықтарды біліп, соған орай құжатын ұсына алатын болса, субсидияның соңына түсіп, алаңдауын қояр еді. Өкінішке орай, бұл жеке дара жағдай емес, сондықтан оған бәріміз де, яғни мал шаруашылығына қатысты ұйымдар мен мекемелер де жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Сөз реті келген соң айта кетейін, әлі күнге дейін малшының еңбегі еш, тұзы сор деуге болады. Мәселен, қай қой отарларына барсаңыз да, тері мен жүннің үйіліп тұрғанын көрерсіз. Оны ешкім сатып та алмайды, керек те қылмайды.

Бүгінгі күні облыс аумағындағы қой-ешкінің саны 1,4 миллион шамасы деп есептейтін болсақ, әр қойдан орта есеппен қырқылатын 1-1,5 килограмм жүн жиынтығы қанша болатынын шамалай беріңіз. Осының барлығы ысырап болуы тиіс пе? Негізінде қой шаруашылығының рентабельділігінің 45 пайызы жүн сатуға қатысты деп саналады.

Панабек Бимұратов:

— Біздің есебімізше, 400 тонна мал шикізаты Татарстанға жөнелтілді. 300 тоннадай жүнді былтыр Атырауға жібердік. Жүн бағасы мүлдем төмен. Оның әр килограмы үшін белгіленген баға 50 теңгеден аспайды. Ал бір қойды қырқу жұмысы үшін 200-500 теңге сұрайды. Негізінде қой қырқумен шұғылданатын бригадалар бар. Тағы бір айта кететін жайт, теріні сыртқа шығаруға тыйым салынған.

Жұмабай Бекмағамбетов:

— Қазіргі уақытта менің қорамның сыртында екі мыңдай қойдың жүні жиналып қалды. Өтпейтіні өз алдына, өртеп жіберейін десем, солярка құйсаң да жанбайды. Сондайда елімізде қой жүні неге пайдаланылмайды, оны өңдейтін орындар неге ашылмайды деген сауал өз-өзінен туындайды. Біз бүгінгі күні біреу келіп тегін аламыз десе де, қуанар едік.

Біздің тағы бір проблемамыз бар. Ол — жұмыс істейтін адамдардың жетіспеушілігі. Рас, менде ауыл шаруашылығы колледжінің малдәрігерлік бөлімін бітірген түлектері жұмыс істейді. Ал, механизаторлар мен малшылар жетіспейді. Ауыл адамдары мал бағуға шыққысы келмейді.

Шетелден келетін жұмысшыларды өзімізге тартқымыз келеді. Мысалы, Өзбекстаннан жұмыс істеуге келген адамдарды біз пайдаланғымыз келеді. Алайда мемлекет оларға ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуге квота бөлмейді екен, тіпті маусымдық жұмыстарға да ала алмаймыз.

Сағынғазы Құрманалин, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы:

— Ия, ондай жағдайлардың орын алғаны рас. Қобда ауданында бірқатар шаруа қожалықтары басшылары сырттан келгендерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартқаны үшін құқық қорғау органдары тарапынан жауапкершілікке тартылды.

Негізінде бізде жекелеген адамдардың еңбек миграциясына рұқсат етілген. Алайда жұмыс істеушінің еңбек ететін нақты мекенжайы көрсетілуі тиіс. Ал алқапта жұмыс істейтін фермер нақты мекенжайын көрсете алмайды.

Бұл мәселені біз өткен жылдан бері көтеріп келеміз. Көршілес Батыс Қазақстан облысында осы бағытта ілгерлеушілік бар. Олар шетелден келетін жұмысшыларды шаруа қожалықтарына тартудың жолын тапқан. Қазіргі уақытта «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бизнес-қауымдастықтар мен фермерлер атынан үндеу көтеруді ойластыруда.

Көптеген басшылар фермерлердің жай-күйін, проблемаларын сырттай ғана біледі. Былтыр біз ауылдардағы маусымдық жұмыстарға қатысты өтінімдерді жинастырғанбыз. Сонда қара жұмысқа қажетті адамдардың жетіспеушілігінің өзі 600-ге жетті.

Сөз кезегі келіп тұрған соң мына жайды да айта кетейін. Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС-ның директоры Аманғос Төлеуов ағамыз облыстық газет ұйымдастырып отырған осы кездесуге келе алмаса да, өзінің 100 бас асылтұқымды бұқасына субсидия ала алмай отырғанын жазып жіберіпті.

Бұл мәселені біз жақсы білеміз. Мал бордақылау алаңының өлшемдері бойынша ол жерде қатты жабынды жасалуы тиіс. Бұл — мал сырқатының таралмауы үшін жасалатын сақтық шарасы. Егер осы талап орындалса, «Степное» ЖШС-на субсидия берілу мәселесі оңтайлы шешіледі.

Жастар неге жұмыстан қашады?

Қойшыбек Әминов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

— Бүгінгі жастарды біз мал баққысы келмейді деп кінәлап жатамыз. Шындығында, жастар ғана кінәлі ме бұған?

Біздің қоғамымыз осыдан жиырма жыл бұрын мал шаруашылығы кадрларын тәрбиелеуге қатысты үлкен қателік жіберіп алды. Меніңше, төрт түлік малдың қадірін білуді, үйретуді балабақшадан бастау қажет. Егер де осы қалпымызбен кете беретін болсақ, ендігі он бес жылда мал шаруашылығынан айырылып қаламыз ба деген қаупім бар.

Естеріңізде ме, біздің жас кезімізде мектептерде мал шаруашылығы негіздері пәні оқытылатын. Балалар жылқы мен сиырдың, қой мен ешкінің, түйенің ерекшеліктерін, пайдасын жақсы білетін. Сол кездерде барлық дерлік шаруашылықтарда комсомол-жастар бригадалары ұйымдастырылды. Жастар жалындап жүріп жұмыс істеді. Олардың бірқатары бірер жыл жұмыс істеп, жоғары оқу орындарына аттанса, енді бірқатары шопандық жұмыстарын жалғастырды.

Бүгінгі күні мал шаруашылығы дамыған дейтін аудандарды бұл саладан мүлдем хабары жоқ басшылар басқаратын жағдайларды көргенде, орын алып отырған проблемалардың шешілуіне күмән келтіретініміз рас. Фермерлеріміздің кейде қорғанышсыз қалып, билік органдарынан қолдау ала алмай жататынының бір себебі — осында деп білемін.

Мен кезінде комсомол-жастар бригадасына жетекшілік жасап, еділбай тұқымды қой өсіру жөнінен облыс чемпионы атандым. Бұл бағытта тәжірибем бар деп ойлаймын. Егер Жастармен кездесулер ұйымдастырылып жатса, мен өз білгенімді оларға кеңінен түсіндіріп берер едім.

Келдібай Еспағамбетов:

— Кешегі күні шопан мамандығының мәртебесі жоғары болған кездерін көрдік. Үздік малшылар астарына сыйлыққа көлік мініп, бағалы сыйлықтарға ие болып жататын. Мал баққан жастар жоғары оқу орындарына түскенде белгілі бір мөлшерде жеңілдіктерді пайдаланды.

Бәлкім, осыған ұқсас ынталандыру және марапаттау механизмдерін уақыт ағымына сәйкестендіріп қарастырған дұрыс болар.

Шопанның еңбегі сағатпен өлшенбейді. Ол тәуліктеп еңбек етуі керек. Жыл бойы өзі соңында жүріп семірткен малын өзге адамға бір айға қалдырып, еңбек демалысына да еркін шыға алмайды. Ендеше ол бейнетіне сай зейнетін де көруі керек, лайықты демалудың да мүмкіндігін қарастырған жөн.

Бүгінгі күні қаладағы кәсіпкерлер ауылға бет бұра бастағаны байқалады. Олар құрылыс не басқа да бизнеспен бірыңғай шұғылданбай, мал шаруашылығымен де айналысу тиімді екенін түсіне бастады.

Жастарда осы бастаманы кеңінен қолдайды деген сенімдемін.

Мал аурулары қауіпті ме?

Абат Қаратаев, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі:

— Малшы еңбегінің нәтижесін жоққа шығаратын, малдың өсуіне кедергі келтіретін бір жайт — мал аурулары екені белгілі. Бұрын кеңшар, ұжымшар кезінде әр шаруашылықтың өз мал мамандары, мал дәрігерлері болатын. Олар белгілі бір талапқай сай жұмыстар атқарып, алдын ала егумен дәрілеу шараларын жүзеге асыратын. Малдан ауру пайда болған жағдайда дабыл көтеріліп, залалдың беті қайтарылатын.

Бүгінгі ахуал қалай? Өз алдына тіршілік жасап жатқан шаруа қожалықтары қандай күй кешуде?

Иса Базаров, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

— Мал ауруларын болдырмау — осы сала еңбеккерлері үшін басты шарт болуы тиіс. Басқасын айтпағанда, ауру малдың өнімін тұтынушыға қалай ұсынасыз?

Бүгінгі күні ветеринария саласының басты бағыттары — ауыл шаруашылығы малдарының аса қауіпті жұқпалы ауруларының, энзоотиялық аурулардың алдын алу, бруцеллезге,  т.б. жұқпалы ауруларға диагностикалық зерттеуге биоматериалдар тапсыру, туберкулезге аллергиялық зерттеу, ауыл шаруашылығы малдарын толық бірдейлендіру және бірдейлендіру дерекқорымен жұмыс жүргізу, ішкі сауда объектілерінде ветеринария саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.

Облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласында ветеринария саласындағы қызметтерді орындауға мемлекеттік ветеринарлық стансалар, ауылдық округтерде ветеринарлық пункттер құрылған. Олар 176 арнайы ветеринарлық техникалармен, 13 дана биологиялық қалдықтарды өртеуге арналған жылжымалы инсинераторлармен және 6 стационарлық инсинераторлармен, құрал-жабдықтарымен, кеңсе жиһаздарымен, ұйымдастыру техникасымен толық қамтамасыз етілген.

Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қазіргі таңда аса қауіпті ауыл шаруашылығы малдарының аурулар тізбесіне кіретін, соның ішінде  сібір жарасына, пастереллезге, мүйізді ірі қара нодулярлы дерматитке қарсы дауаланып, туберкулезге аллергиялық зерттеу,бруцеллезге серологиялық зерттеу іс-шаралары бекітілген жоспарға  сәйкес жүргізілуде.

Мүйізді ірі қара малдарының терісінің сапасын, өнімін арттыру мақсатында энзоотиялық ауруларының (мүйізді ірі қара малының гиподерматоз ауруы) алдын алу шаралары қарастырылуда. Осы мәселені шешу үшін облыс бюджеті қаржысы есебінен гиподерматоз ауруына қарсы барлық мал басын қамтуға есептелген препарат сатып алынып, аудандарға жеткізіліп берілді. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында алдын алу іс-шаралары жүргізіледі.

Темірбек Нұртазин, облыстық ветеринарлық бақылау аумақтық инспекциясының басшысы:

— Көпшілікті хабардар ету мақсатында айта кетейін, Ақтөбе қаласы мен аудандардың ветеринария бөлімдерінің мемлекеттік ветеринарлық дәрігерлері сауда орындарына тасымалданған мал өнімдерінің құжаттарын, өнімдердің базар жанындағы ветеринарлық зертхананың сараптамасынан өткізуге рұқсат ететін  құжаттарын күнбе-күн  тексеріп  отырады.

Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы малдары арнаулы мал сою орындарында сойылады. Мал өнімдері ветеринарлық-санитарлық  сараптаудан өткеннен соң ғана базарларда  сатуға рұқсат етіледі.

Облыс аудандарында 6 — ет өңдеу кәсіпорны, 17 — мал сою пункті, 38 — мал сою алаңы, барлығы 61 арнаулы мал сою орындары  рәсімделген.

Сонымен қатар, ветстанса мен ветеринарлық пункт  мамандарының кәсіптік деңгейін көтеру мақсатында Батыс Қазақстан агротехникалық университетімен келісім бойынша бір жетілік курстарда 64 маман оқып, сертификат алды. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қараша айларында қалған мамандар да біліктілігін арттыру курстарына жіберіледі.

Панабек Бимұратов:

— Бүгінгі күні облыс бойынша 450 мың ірі қара болса, соның 250 мың — аналық мал. Жыл өткен сайын мал басы өсуі байқалады. Асылтұқымды мал импортына бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау нәтижесінде 2018 жылы 12 мың мал сатып алуға қаржы бөлінді. Қазірдің өзінде 11 мыңдай сиыр сатып алынды. 2019 жылға тағы да 16 мың бас сиыр сатып алу жоспарланды. Оның 12 мыңына өтінім қабылданып, қазірдің өзінде 8 мыңы шаруашылықтарға жеткізілді.

Мемлекет етті бағыттағы малды молырақ өсіруге қолдау көрсетуде. Алыс шетелден ангус, Ресейден герефорд тұқымды малдар әкелінуде. Қазір еліміздің ішінде мал сатып алуға рұқсат етілді. Сондықтан Павлодардан, Қостанайдан, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарынан мал сатып алудамыз.

Бүгінгі күні қолымыздағы малдың 7,5 пайызы асылтұқымды болып саналады. Болашақта бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін көтеруіміз керек.

Менің айтайын дегенім, сырттан мал сатып алғанда сол аймақтағы ветеринарлық ахуал терең зерттеледі. Бұл ретте шаруа қожалықтары басшылары да сақтық танытуы тиіс. Өйткені мал ауруы зардабы күллі шаруаға зиянын тигізетінін ұмытпауымыз керек. Бұл орайда облысымыздағы ветеринарлық қызметтер өз міндеттерін дұрыс атқаруда.

Сөз түйіні

…Әрине, мал шаруашылығының мәселелері бір басқосумен толық қамтылмайтыны белгілі.

Осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен, мал шаруашылығының проблемаларын бір кісідей білетін Келдібай Еспағамбетов басқосу қорытындысында «Қалай болғанда да жастар атакәсібін жалғастыруға келуі керек. Біздің жұмысымыздың бір желісі осы ауқымды қамтуы тиіс. Бүгін қозғалған жайларды біз облыстық қоғамдық кеңес отырысында жалғастыратын боламыз. Басқа да шешімін күткен мәселелер барын білеміз. Айтпаса сөздің атасы өледі. Қозғамаса түйін шешілмейді» десе, Қойшыбек Әминов «Орта мектеп бағдарламасында екі сағаттық мал шаруашылығы негіздері пәнін енгізу қажет» деген ұсынысын тағы бір мәрте нақтылады.

Ал дөңгелек үстелге қатысқан ауыл шаруашылығын қолдау қоры басшысының орынбасары Әлия Жолдасова мен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Динара Абаева қазіргі кезде еңбек етіп жатқан фермерлер мен шаруа қожалықтарының өз істерін одан әрі дамыту үшін қаржылай қолдау мүмкіндіктері кеңейе түскенін баяндап берді. Сондай-ақ, қаржы институттарының ауылдарға жиі шығып, жұртшылық арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырғанын тілге тиек етті. Осы шаралардың барлығы мал басын молайтуға септігін тигізетінін жеткізді.

Дөңгелек үстел басындағы пікірталаста Әйтеке би ауданының тұрғыны Ғафу Мейманның «Баға қайда шарықтап барады?» деген сауалы оқылды. Ауыл тұрғыны базарларда бір бума шөптің 500-600 теңге, ал бір рулонның 7 мың теңгеге дейін баратынын айтады.

Бұл сауалға қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов түсіндірме жасады.

— Біз әлі күнге дейін табиғатқа тәуелді болып келеміз. Неге бұлай деп айтып отырмын? Осында екі қаржы институтының өкілі қатысып отыр. Солар арқылы кез келген шаруа қожалығы жауын жаудырғыш қондырғысын жеңілдік несие бойынша алуына болар еді. Сонда шабындыққа қатысты бірқатар проблема шешілер еді деп ойлаймын. Егер қысқа шөп дайындалмайтын болса, шаруалар қолындағы малын жаппай сата бастайды. Сонда кімге пайда, кімге зиян? Мал жаппай азайса, дағдарысқа ұшарамаймыз ба? — деді ол.

Негізінде облыстың агроөнеркәсіп саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша алдағы уақытта ірі қараны 1,2 миллион басқа, жылқыны 230 мыңға, қой-ешкіні 2,6 миллионға жеткізу жоспарлануда.

Бұл ауқымды міндетті ойдағыдай жүзеге асыруға бүгінгі орын алып отырған проблемалар мен шешімін күткен мәселелер кедергі келтірмей ме? Әңгіме түйіні нақ соған тіреліп отыр бүгінде.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями