Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Екпінділер етпеттей жығылды

Дата: 14 мая 2019 в 10:02

11-12 мамырда өткен 10-турда чемпионаттың екпінділері етпеттей жығылды. Сөйткені емей немене, «Астана» мен «Қайрат» көш соңында келе жатқан «Тараз» бен «Атыраудан» таяқ жесе, уақытша болса да бірінші орынға шығудан дәмесі зор «Тобыл» 1:5 есебімен ұтылып, айды аспанға шығарды.

Одан әрі жылжысақ, бұл «Қайраттың» қатарынан үшінші рет ұтылуы болса, «Астана» да қатарынан екі рет еш ұпайсыз қалды. Оның есесіне қатарынан төрт тур бойы жеңіске жеткен «Қайсар» екінші орынға бір-ақ ырғып шықты.

«Ақтөбе» өз алаңымызда тағы да ұтылды. Рас, футболшыларымыз тым дәрменсіздік көрсетті деуге келмес. Тіпті ойынның алғашқы минуттарында жергілікті жанкүйерлерді желпіндірерліктей күш те көрсетті. Әттең, 6-минутта оң қанаттан үрей тудырған Асланбек Кәкімов қатарласа жүгірген үш футболшымызға пас тастай алмай, құр күйбеңдеп қалса, 8-минутта Абат Айымбетов көкшетаулық қақпашымен бетпе-бет шыға келген сәтті пайдалана алмай бармақ тістеді. Айта кеткен жөн, бұл жолы көкшетаулық қорғаушылар Абатты аттатпауға тырысып бақты, сол мақсаттарына жетті де. Әрине, бірінші таймның алғашқы жартысында капитанымыз Виталий Волков қақпамызға төнген екі голдың бетін қайтарғанын ұмытуға болмайды. Сөйтіп жүргенде 32-минутта көкшетаулықтар тұтқиылдан қарсы шабуыл бастады да, қайта-қайта оң қанаттан қауіп төндіріп жүрген, үнемі бақылаусыз қала беретін Дарко Зорич еркін қимылдап, аяғына тие қалған допты біздің қақпаның дәл алдына қарай зымырата тепті. Доптың бетін қайтармақ болған Жамбыл Көкеев автогол соқты да алды. Ал екінші таймда Артем Дмитриев бұрыштамадан келген допты алас-қапаста аяғының ұшымен торға енгізе салды. Біздің жігіттер Асланбек Кәкімов бұрыштамадан кемі екі рет тамаша тастаған осындай пасты пайдалана алмай қалғаны өкінішті-ақ болды. Әрине, қонақтар екінші голды соғып алған соң есеппен ойнады, қателіктер жібермеуге тырысты. Әйтпесе жерлестеріміздің ойын деңгейі көкшетаулықтардан төмен дәрежеде болды деуге тіпті де келмейді. ФИФА-ның қатал шешімінен кейінгі жағдай, әсіресе, резервтің жоқтығы, тың күштердің қосылмауы сүрінбеске амал қалдырмай отырғаны мәлім. Дегенмен жігіттеріміздің ұнжырғасы түспеуі, қай ойында да бар күш-жігерді сарқа жұмсауы келешектен үміт күттіреді. Басқа клубтарға қарағанда жанкүйерлеріміздің мол болуы да «Ақтөбе» командасына қуат болып қосылатыны анық. Осы 10-турда да Ақтөбенің Орталық стадионына тур барысында ең көп жанкүйер — 7500 адам жиналды. Ал барлық кездесулерге келгендердің жалпы саны — 20 200. Есептей беріңіз.

«Ақтөбе»-«Оқжетпес» — 0:2

Гол авторлары: Жамбыл Көкеев, автогол, 32-минут (0:1);  Артем Дмитриев, 54-минут (0:2).

Ескерту қағазын алғандар: А.Шурыгин, 29-минут; А.Сәулет, 69-минут («Ақтөбе») — А.Дмитриев, 50-минут; А.Сапаров, 90-минут («Оқжетпес»).

77-минутта Әділхан Таңжарықов («Ақтөбе») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Виталий Волков (капитан), Саят Жұмағали, Бағдат Қайыров, Антон Шурыгин, Ардақ Сәулет, Әділхан Таңжарықов,  Саша Марьянович, Жамбыл Көкеев (Есен Жасанов, 46-минут), Асланбек Кәкімов (Әлішер Әжімов, 78-минут), Абат Айымбетов (Рустам Темірхан, 85-минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

«Оқжетпес»: Джурахон Бабаханов, Нұрлан Дайыров, Владислав Касминин, Александр Кислицын, Артем Дмитриев (Мирас Төлеев, 79-минут), Милан Стоянович (Алтынбек Сапаров, 70-минут), Илья Калинин, Азат Ерсалимов, Дарко Зорич, Жасұлан Молдақараев (капитан), (Санат Жұмаханов, 59-минут), Данило Алвес.

Бас бапкер Андрей Карпович.

12 мамыр 2019 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 7500 адам. 

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Ертіс» (Павлодар)-«Ордабасы» (Шымкент) — 0:2

«Қайсар» (Қызылорда)-«Тобыл» (Қостанай) — 5:1

«Атырау» (Атырау)-«Қайрат» (Алматы) — 2:1

«Тараз» (Тараз)-«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 2:0

«Шахтер» (Қарағанды)-«Жетісу» (Талдықорған) — 2:0

*   *    *

10-тур:

Бұл турда 17 гол соғылды. 2:0 есебі төрт рет қайталанды. Чемпионат басталғалы 5:1 есебі екінші рет тіркелді. Бұдан бұрын «Жетісу» «Оқжетпесті» осындай есеппен ұтқан болатын.

25 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 2 футболшы жасыл алаңнан қуылды. Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Ең шапшаң гол авторы — Жан Али Пайруз («Шахтер»), 2-минут.

*   *   *

Сонымен алғашқы үш орында «Астана» (25 ұпай); «Қайсар» (20 ұпай); «Тобыл» (20 ұпай) тұр. «Астананың» басқалардан бір ойыны артық.

4-5 орындарды 17 ұпайдан жинаған «Жетісу» мен «Ордабасы» бөлісті.

6-орынға 16 ұпаймен «Қайрат» сырғып түсті. «Қайраттың» өзгелерден бір ойыны артық.

7-8 орындарға 14 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Оқжетпес» орналасты.

9-11 орындарды 9 ұпайдан жинаған үш команда еншіледі: «Тараз», «Ертіс», «Атырау». «Атыраудың» басқалардан екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-6) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

11-тур ойындары 18-19 мамыр, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

18 мамырда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісу» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

18 мамыр

«Оқжетпес» — «Қайсар»

19 мамыр

«Астана» — «Шахтер»

«Ордабасы» — «Тараз»

«Қайрат» — «Ертіс»

«Тобыл» — «Атырау»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями