«Тәңіріме бір уәде беріп ем…»

Дата: 21 марта 2019 в 11:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


 «Тәңіріме бір уәде беріп ем…»

Жұма күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлының 50 жылдық мерейтойына арналған «Тәңіріме бір уәде беріп ем…» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, белгілі қаламгерлер мен ақынның оқырмандары қатысты.

Кеш Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әзірлеген қойылымымен басталып, ортада жастар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұдан кейін сахнаға кеш кейіпкері шығып, жиналғандарға «Бесқала», «Қоңырат», «Қазақ», «Қыз бен мұрын», т.б. өлеңдерін оқып берді.

Кешті  жүргізген белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев Бауыржан Бабажанұлының шығармашылық жолына, поэзиясының ерекшелігіне тоқталды.

— Бауыржан — екі ғасырды көрген кейінгі буынның өкілі. Өткен ғасырдың 80-90 жылдары өте аласапыран заман болды. Адамдардың барлығы оптимизмнен пессимизм күйіне түсті. Экономика құлдырады, ұлттық құндылықтар түрлі түрткіге түсті. Егер өлең, поэзия құритын болса, сол кезде құрып кетуі керек еді. Бірақ өлең, поэзия құрыған жоқ, оның есесіне сол жылдары біздің қазақ әдебиетіне қуатты қаламгерлер тобы қосылды. Кейін қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбеков осы топқа «алтынкөпірліктер» деп баға берді. Сол буынның басында біздің Бауыржан Бабажанұлы тұр, — деген ол ақынның алғашқы өлеңдері «Аспан мен жердің арасы» атауымен жинақ болып басылғанын, сондай-ақ ақын тек өлең ғана жазып қоймай, бүгінде әртүрлі тақырыпта жазған көркем эсселері республикалық басылымдарда жарияланып жүргенін атап өтті.

Бұдан кейін шарада облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ақынға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің арнайы құттықтауын жеткізіп, жүрекжарды лебізін білдірді.

— Сіздің жазған өлеңдеріңіз бен эсселеріңіз ұлт, ана мен бала махаббаты, дәстүр мен мәдениет тақырыбын қамтиды. Сіз бүгінгі күні тек шығармашылық жолда ғана емес, үлкен лауазымда қызмет етіп, Елбасының саясатын насихаттауда зор еңбек етіп жүрсіз. Сондықтан сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілейміз, — деген Марат Тоқжанов ақынға шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ сахнаға шыққан қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың атынан ақынды мерейтойымен құттықтады.

Кеште ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған бір топ қаламгер сахнаға шығып, ақынға өз лебіздерін білдірді.

— Ирландиялық драматург әрі жазушы Джордж Бернард Шоу: «Біз мына техникалық — революциялық прогрестің арқасында аспанда құсша ұшуды, суда балықша жүзуді үйрендік, бірақ әлі күнге дейін адамша өмір сүруді үйрене алмай келе жатырмыз», — деген екен. Осы адамша өмір сүруге үйрететін бір ғылым болса, ол әдебиет деп ойлаймын. Сол әдебиеттің ішіндегі қазақтың қанына сіңген өнер — ол поэзия. Сондықтан бүгінгі поэзия мерекесі баршаңызға құтты болсын!

Аты көп аталмайтын, бірақ ұмытуға болмайтын қазақ поэзиясында үлкен із қалдырған Ақтөбенің перзенті Ізтай Мәмбетов ағамыздың: «Мен туыппын ақпандатқан боранда, Кім біледі, бәлкім, әлде сонан ба?!» деген өлеңі көкейімізде жатталып қалған. Сол сияқты әр ақынның өзінің туатын, жырлайтын мезгілі болады. Біздің Бауыржан — көктемнің жыршысы. Бауыржан «Аспан мен жердің арасы» атты жыр жинағымен әдебиеттің «ине шаншар орын жоқ, иін тіресіп тұрған» ақын-жазушыларының ортасынан өзінің ойып орнын алды. Бүгін, міне, ол 50 жасқа толып отыр. Сондықтан 800 мүшесі бар Қазақстан Жазушылар одағының атынан Бауыржан Бабажанұлын бүгінгі мерейтойымен құттықтаймыз, — деп тілегін білдірген Ұлықбек Есдәулет кеш кейіпкеріне шапан жапты.

Ал ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов ақынның шығармашылығына тоқтала келе:

— Бауыржанның керемет ақын болатыны ол өзінің ағаларының ортасында өсті. Өзінің топырағында есейді. Айта кету керек, Бесқала жерінде өскен ақындар өте сезімтал, өте нәзік болып келеді. Төлеген Айбергеновті алып қараңыз! Содан кейінгі біздің Бауыржанды алыңыз. Сондықтан ағалардан қалған алтын тұяқ сияқты қазақ поэзиясына өзіңнің еңбегіңді сіңіріп жүре бер. Мерейің үстем болсын! — деді ол.

Бұдан кейін көрнекті ақын, ҚР Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов өз тілегін білдірді.

— Өлең — мейірімділіктің, адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласының айғағы. Соның жақсы нәтижесін Бауыржанның шығармашылығынан көреміз. Бауыржанның өлеңдері — Өтежаннан бәлкім одан да бұрынғы ақындардан бастау алған оқиғаға құрылған лирикалық өлеңдер. Осыны әрі қарай дамытса дейміз. 50 жас деген бар болғаны екі «жиырма бес» қана! Сондықтан Бауыржанның жазатыны әлі алда, — деді ол.

Поэзия кешінде сондай-ақ белгілі ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы, Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова өздерінің тілектерін жеткізсе, ақын, композитор, әнші Елена Әбдіхалықова ақын Ерлан Жүністің сөзіне жазылған «Сағыныш-ғұмыр» атты әнін орындап берді.

Кеште философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы ақынның шығармашылығы туралы өз пікірін айтты:

— Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Бауыржан Бабажанұлының жарияланған бір топ өлеңдерін оқыдым. Өлеңдері керемет. Сондай-ақ ақынның «Өзек» деген өлеңі бар. Бұл өлең ақынның шығармашылығының өзегі болса керек, онда қазақтың тыйымы, нанымы, дәстүрі туралы айтылады. Сондықтан бүгінгі біздің темірқазығымыз — қазақтың дәстүрі, наным-сенімі, имандылығы туралы жазып, осы салада абыройлы еңбек ете беруіңе тілектеспін.

Жалпы ақынның шығармашылық кеші өте жоғары деңгейде өтті. Көрермендер ақынға арналған әрбір тілекке қосылып, шапалақпен өз ықыластарын білдіріп отырды.

Аға буын өкілдерінің тілегінен кейін сөз алған Бауыржан Бабажанұлының студент кезден бері танитын курстастары, тұстастары — ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты  Маралтай Райымбекұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіп, ақын, журналист Сағындық Рзахметовтердің жүрекжарды лебіздері зал толы көрерменнің ортақ тілегіндей өте әсерлі шықты.

— Қазақта бес-алты ұлы ақын бар болса, бүгін соның жартысы осы кешке келіп отыр. Жалпы әр ұрпақ бір буыннан мейірім көреді, біз осы отырған ағалардың мейіріміне бөленіп өстік. Бауыржан — бақытты ақын, бүгінгі кешке осындай ағалары келіп отыр.  Баукеңе амандық, шығармашылық табыс тілеймін, — деген ақынның досы Маралтай Райымбекұлы жиналғандарға «Махамбеттің мүсіні» атты өлеңін оқып берді.

Сондай-ақ жыр кешінде Берік Жүсіп сахнада домбырамен ән шырқап, көрерменді бір сілкінтсе, ақын Жанат Әскербекқызы ақынға арнап жазған өлең шумақтарын оқыды.

Ақындардың әдемі өлеңдерін, әзіл-қалжыңға толы тілектерін ұйып тыңдаған көрермен оларға қошеметтеп, қол соғып, мерейтой иесіне алқызыл гүл шоқтарын сыйлады.

Бұдан кейін ақынға аудан әкімдері атынан сый-сияпат табысталып, олардың ішінде Мұғалжар және Байғанин ауданы әкімдерінің орынбасарлары жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Кешті жүргізуші Ертай Ашықбаев ақынның мерейтойы ол еңбек ететін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ында, бірнеше кітапханада атап өтіліп, құрмет көрсетілгенін тілге тиек етті.

Кеште Бауыржан Бабажанұлының сөзіне жазылған Айгүл Бажанованың «Ауылға хат» әнін әнші Светлана Айтбаева шырқаса, «Білмеймін, сені баласындым ба?» әнін облыстық филармонияның әншісі Аймұрат Мәжікбаев орындады. Кеңес-Жанар Кемалбаевтар орындаған «Аңсар» атты ән де жұртшылықтың көңілінен шықты. Ән авторы — Орал Байсеңгір.

Шара соңында ақын жиналғандарға өзінің ризашылығын жеткізіп, «Уәде» атты өлеңін оқып берді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями