Жаңа жылдан бастап жұмысшылардың жалақысы өседі

Дата: 06 ноября 2018 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Елбасы Қазақстан хал­қына кезекті Жолдауында «Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, 28 мың­нан 42 мың теңгеге дейін өсіруді тап­сырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсі­п­о­рындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды» деген болатын.

Осы мәселеге байланысты облыстық әкімшілікте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Президент тапсырмасын жүзеге асыру барысы күн тәртібінде қаралды.

— Біз барлық кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы құрылымдарында, басқа да мекемелерде нақты есеп жүргізіп, экономиканың әр саласындағы жалақының мөлшеріне талдау жасап, оларды көтеру мүмкіндіктерін шешуіміз керек. Ең бастысы, әрбір еңбек адамы Жолдауда айтылғандай, өзінің еңбегіне алатын жалақысының өскенін сезінуі тиіс,— деді облыс басшысы.

Аталған бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева ірі және орта кәсіпорындарда төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбекақысын көтеру туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 278 шағын, орта және ірі жекеменшік компания бар, оларда жалақысы 42500 теңгеден төмен 1046 адам жұмыс істейді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында болып отыр. Мұндағы 464 адамның орташа айлық жалақысы 33,3 мың теңгеден 49,3 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Құрылыс жұмыстарында да осындай мөлшерде айлық алып отырған жұмысшылар кездеседі.

Алдағы 1 қаңтардан бастап осы компаниялардағы жұмыс істеушілердің жалақысы 27 пайыздан 56 пайызға дейін арттырылады деп күтілуде. Облыста арнайы құрылған жұмыс тобы жалақыны арттыру мәселесі бойынша жоспарлы түрде жұмыстар жүргізуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, облыстағы орта және шағын кәсіпорындардағы 120,8 мың қызметкердің 82 пайызының айлығы орташа айлық жалақыдан төмен. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің тең жартысы осындай күйді бастан кешуде.

Алдағы жылдан бастап жұмысшылардың орташа жалақысын көтеруді 22 кәсіпорын жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Қазақойл» және «Стройбетонснаб» барлық жұмысшылардың айлық жалақысын 10 пайызға көтермекші. «Ақтөбемұнаймашкомплект» және «Стройдеталь» кәсіпорындары 7 пайыздық көрсеткішті ұстанбақ. «Қазақтүрікмұнай» және «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» жалақыны 5 пайызға өсіреді. «Каспийнефть», «Трансэнерго» мекемелерінде осындай оң бағыттар орын алмақ.

Аталған кәсіпорындарда барлығы 7,5 мың адам жұмыс істейді. Олардың жалпы алғанда 4,2 мыңының жалақысы жаңа жылдан бастап орташа есеппен 7 пайызға көтерілетін болады.

Бүгінгі күні тағы да 30 кәсіпорында жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі қарастырылуда.

Облыс басшысы еңбекақының өсімі халықтың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетінін атап көрсетіп, кәсіпорындардың басшылығымен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғастыру қажеттігін айтты.

Жиында облыстық индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары Ерлан Назаров, Анар Даржанова, Құсайын Сәрсембай және басқалары өздері жетекшілік ететін салалардағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жиын қорытындысында облыс басшысы тиісті орындардың бұл мәселені жүзеге асыруға жауаптылықпен қарап, нақты талдау, айқын есеп жүргізуді негізге алу қажеттігін айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.