Бақытқа жетелейтін бастама

Дата: 20 сентября 2018 в 10:52

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Бақытқа жетелейтін бастама

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе облысының орталығында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы бой көтеру еліміздегі әр азамат үшін қымбат, бүкіл адамзат бас иетін аналарға арналған республикада жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба екені мәлім. 

Осы орайда қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және белсенді топ өкілдерінің аталған жоба туралы пікірлері мен атқарып жатқан жұмыстары туралы білген едік.

 

Ақмарал ХОН,

облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы

БИЫЛ ЕКІ ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Биыл Ақтөбе қаласында «Анаға тағзым» орталығы салынғанына қуаныштымыз. Бұл орталықта ардақты аналарымыздың ерліктері, өнегелі істері ұлықталып, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Сонымен қатар отбасына, бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелердің алдын алуға септігі мол деп ойлаймын.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия әйелдерді қолдау мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Облыстық ішкі істер департаментінің тарапынан қанша әйел қиын жағдайға тап болып, шағымданғаны жөнінде мәліметтер алынады. Біз осы мәселелерді қолға алып, облыстық әкімдікке арнайы орталық ашу жөнінде ұсыныс білдірдік.

Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде — бір, биыл екі дағдарыс орталығы ашылды. Бұл орын тағдыр тауқыметін көріп, қандай да бір қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға арналып ашылып отыр. Орталықта заңгер, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар жұмыс істейді.

Бұл орталықта олар алты айға дейін тұра алады.

Біздің мақсатымыз — аналарды өз аяқтарынан тұрғызып, болашақта өзінің отбасымен жарастыру.

Мемлекет басшысының арнайы бекіткен «Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бар. Осы мақсатта 2030 жылға дейін іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл ең алдымен, тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту.

Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың жүкті болуы, ерте жастан түсік жасату мәселелерінің алдын алу. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ажырасу деңгейі облыста 39 пайызды құрап отыр. 2030 жылға дейін елімізде ажырасу фактілерін 25 пайызға дейін азайту көзделді.

Биыл бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарланды. Солардың бірі — «Отбасылық академия» жобасы. Бұл жоба енді некесін құрғалы жатқан жастармен тығыз жұмыс жасайды.

Сондай-ақ бүгінгі таңда облыс аудандарында да осы бағытта арнайы акциялар ұйымдастырылып жатыр.

Енді облыстағы ата-аналар «Анаға тағзым» орталығында бас қоса алады. Бұл жерде өмірі өзгелерге үлгі болған аналар туралы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Бұл, ең алдымен, болашақ ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде өте қажет, игі бастама.

Алмагүл САРЫБАЙ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі,  «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ — ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

Қыз — болашақ ана, отбасының ұйытқысы, бақыты және халқымыздың болашағы.

Елбасы 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты  Жолдауында: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау — ерекше мәселе. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар — болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», — деген болатын.

Сондықтан қыз балалар тәрбиесін қолға алып, осы бағытта облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған «Шолпы» клубы облыстағы игілікті бастаманы бірауыздан қолдайды.

«Шолпы» қыз балалар клубы 2012 жылдан бері қаланың барлық жоғары, орта арнаулы оқу орындарымен, мектептермен,  мекемелермен тығыз байланыста болып, жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіп келеді.

Клубты облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құруымның басты себебі, музей — таным мен тарихтың қайнар көзі.  Сондықтан қазақ халқының отбасындағы ұрпақ тәрбиесін халық арасында насихаттап, әсіресе қыз балалар тәрбиесіне үлкен мән беру басты міндетіміз.

2016 жылы М.Құсайынов атындағы мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатында «Ерке наз» қыз балалар клубының тұсауы кесілді. Биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жанынан  «Шолпы» ұлттық таным мен тағылым орталығы және «Жас келіндер» мектебі, М.Мәметова атындағы Ақтөбе медицина колледжінде «Абзал жандар», «Шашбаулым» клубтары өз жұмыстарын бастады.

Қыздарымыз ана болып қана қоймай, болашақты ойлаған, көреген дана болса, ұлтымыздың өркені өсер еді. Тарихқа көз жүгіртсек, Домалақ ана, Айша бибі, Ұлжан, Зере сияқты аналарымызды нағыз қазақ әйелдерінің символы деп білеміз. Ал бүгінгі күні көз алдымызда талантымен, тәлім-тәрбиесімен халықтың құрметіне бөленіп жүрген аналарымыз өте көп. Ел мақтанышына айналған аналарға тағзым ету — парызымыз. Қыздарымыз көрегенді болса, ұрпағымыз да мықты болады.

Сөз соңында айтарым, қыз балалар тәрбиесін басты бағыт етіп алған клубтың жетекшісі әрі көпбалалы ана ретінде «Аналарға тағзым» жобасына ел болып, қауым болып атсалысып, аяулы аналарымызға құрмет көрсетейік дегім келеді.

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы, «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі

 ӨЗ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК

«Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы — жас ұрпаққа берері мол жоба.

Мен қалалық әйелдерді қолдау орталығының жетекшісі ретінде қоғамдағы аналардың рөліне көбірек көңіл бөлінсе деймін. Себебі қазіргі аналар қоғамда белсенді. Олар  ерлермен бірге жұмыс істеп, алда келеді. Сонымен қатар бала тәрбиелеу ісіне де ерекше мән берген дұрыс. Сондықтан бұл бастама әйелдер, аналар үшін керек.

Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы 2001 жылы құрылды. Осы күнге дейін 11 мыңға жуық әйел біздің орталыққа келіп жүгінді. Оларға заңгерлік, психологиялық, т.б. көмек түрлері көрсетіледі.

Ақтөбе қаласындағы колледждер мен мектептердегі қыз балаларға арналып тәрбие сағаттары мен түрлі семинарлар ұйымдастырылды.

Бүгінде облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығында 600-ге жуық бірлестік бар. Оның 120-сы қазір белсенді жұмыс жасайды. Белсенді бірлестіктердің мүшелері аталған жобаға өз үлестерін қосып, атсалысады. Атап айтсақ, орталықта жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетіліп, тренингтер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Ақтөбе қалалық әйелдерді қолдау орталығы қыз-келіншектер мен отбасыларға отбасы құндылықтарды насихаттауға, ананы құрметтеуге бағытталған әртүрлі шаралар өткізбек. Сондықтан аналарға деген зор құрмет пен ықыласты білдіретін бұл жобаның маңызы ерекше.

ЖАС АНАЛАРҒА БЕРЕРІ МОЛ МЕКЕНЖАЙ  

Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде жас аналарға арналған орталықтар жұмыс істейді. Ақтөбедегі Аналар үйі 2014 жылдың наурыз айында ақтөбелік кәсіпкер Исламбек Салжановтың қолдауымен ашылды. 

Ақтөбедегі Аналар үйінің үйлестірушісі Таңсұлу Лақованың айтуынша, мұнда көмек сұрап келген барлық қыз-келіншектерге арнайы мамандардың кеңесімен моральдық жағынан қолдау көрсетілуінің арқасында олардың жағдайы алғашқыдан əлдеқайда жақсарған.

— Аналар үйі әлеуметтік жобасының негізгі мақсаты — әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы елімізде жетімдер санын азайтуды көздейміз. Жақындарынан қолдау таппай, тығырыққа тірелген жалғызбасты жас аналар баласымен бірге алты ай тұра алады. Өмірде небір жағдайлар туындауы мүмкін. Құндақтаулы баласымен далада қалған жас ана қиналғанда баласын жетімдер үйіне тастап кете баруы мүмкін. Кейін бармақ тістеп, опық жеп жатқандар да аз емес. Бірақ, қай жағдайда болмасын, баланың еш кінәсі жоқ, — дейді Таңсұлу Лақова.

Сондай-ақ бұл жерде аналарды аспаз, тігінші, шаштараз және өзге де мамандықтарға баулып, өмірдің қиындықтарын еңсеруге көмектесуде. Арнайы тегін курстар оқытылады

Бұл орталық баланы ана сүтінен айырмауға септігін тигізіп отыр. Тіпті осы шаңыраққа келгелі сəбиінің əкесіне қосылып, не қайта бас құрағандар қатары да баршылық.

Бүгінде Аналар үйінде 18-30 жас аралығындағы 10 жас ана сәбилерімен тұрып жатыр. Олар орталықта күнделікті бала бағу, үй тірлігімен ғана емес, қолөнер бұйымдарын жасау, тігін тігу сияқты сүйікті істерімен шұғылданады.

— «Аналарға тағзым» орталығы әрқайсысымыздың атсалысуымызбен, облыс әкімінің қолдауымен тұрғызылып отыр.

Биыл Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында «Қос жүректің лүпілі» атты отбасылық дуэттердің ән кеші өтті. Аталған шарадан түскен қаражат осы «Анаға тағзым» орталығының құрылысына аударылды. «Көп түкірсе — көл» демекші, бұл жоба көпшіліктің қолдауымен жүзеге асырылды. Ақтөбе осындай жарқын жобаларымен еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлер сапында келе жатыр. Бұл орталық біздің тарихымыздан белгілі батыр аналарымызға тағзым етілетін, сондай-ақ қазіргі таңдағы көпбалалы аналарға құрмет көрсетуге арналған орын. 

Орталықтың басты міндеті — әйелдің отбасындағы рөлін арттыру, қазақ халқының салт-дәстүрін ескере отырып, болашақ аналарға тәрбие беру.

Биыл Балалар жылының жариялануының өзінде ерекше мән бар. Анадан дүниеге келетін балаларға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек балаларға да зор мүмкіндіктер ашылды.

Елімізде ең алғаш болып қолға алынып жатқан «Аналарға тағзым» жобасының біз үшін, әсіресе, аналар үшін маңызы зор. Осы жоба аясында кез келген азамат елге еңбегі сіңіп, ерлік көрсеткен, үлгі-өнегесімен есте қалған аналардың өмір, еңбек жолдарымен танысып, бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие алады деп ойлаймын. Қаншама жас өрендер үлкен өмірге сабақ алары сөзсіз.

Алдағы уақытта орталық ашылған соң, жас аналарымыздың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастыру ойымызда бар. Сондай-ақ қалалық аналар кеңесінің мүшелерін шақырып, көпбалалы, өмірде өнегелі істерімен көзге түскен аналармен кездесу өткізіп, жас аналарға тәлім-тәрбие беретін іс-шаралар өткізгіміз келеді. Себебі мұндай шара жас аналарға өте қажет.

Осындай жобаны жүзеге асыру үшін бастама көтерген облыс және қала әкімдігіне жас аналар атынан ерекше ризашылығымызды білдіреміз, — дейді Таңсұлу Лақова.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.