Достық негізіндегі ынтымақтастық

Дата: 17 мая 2018 в 12:02

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Орынбор облысының Ақтөбедегі күндері 18-19 мамырда  өтетіні белгілі. Көршілес елдер арасындағы достық пен татулықты нығайта түсетін бұл шарада ресейліктерді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бастап келмек. Біздің тілшіміз облыс басшысынан халықаралық ынтымақтастықты дамытудың болашағы және алдағы іс-шаралар турасында әңгімелескен болатын.  

 — Юрий Александрович, Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық байланыс үнемі дамып келеді. Шекаралас аумақтар арасындағы бұл үдеріске сіз қандай салмақ артасыз? 

— Ең алдымен егер мемлекетаралық деңгейде барлық қажетті шешімдер қабылданғанын басты назарға алсақ, ынтымақтастықты дамытудың құқықтық негізі әзірленді.  Жақын болашақта нақты аумақтар өз сөзін айтуы тиіс. Жалпы алғанда, шекаралас аумақтар мен Орынбор және  Ақтөбе облыстарының, сондай-ақ мемлекеттік шекаралардың бойындағы барлық өңірлердің мәртебесі 1990 — жылдардың басында ғана қабылданды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін делимитация бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, содан кейін бұрынғы одақтас республикалар арасындағы мемлекеттік шекаралар демаркацияланды. Бұл аймақтық деңгейде келіссөздер үстелінде шешілген маңызды мемлекеттік міндет — дипломаттар мен саясаткерлер үшін елеулі сынақ болды. Мұнда, шекаралас өңірлерде ортақ, экономикалық мәселелердің барлығы үшін өзара тиімді шешімдер жасалды. Және бұл, ең бастысы, біздің ең жақын шетелдік көршілерімізбен тату көршілік қатынастарға негіз болды. Бұлардан бұрын, картаға және жерге шекаралас сызық жасаған екі жақтың да алдарында бірдей проблемалар туындады. Ең алдымен, бұрын құрылған экономикалық байланыстарды сақтау міндеті тұрды. Мемлекетаралық ынтымақтастық механизмі жылдар бойы қалыптасты, оны қайтарымсыз ақаулардан қорғау қажет болды. Және бұл мүмкін де болды: экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі арналары сақталып қана қоймай, сонымен қатар ілгері дамуға қосымша ынталандыру туындады. Уақыт өте келе, жаңа перспективалы бағыттар пайда болды. Басқа да мәселелер гуманитарлық салада да орнықты. Тарихи өзгерістер шекараның екі жағындағы әртүрлі — этникалық шығу тегі орыс және қазақтың мыңдаған отбасыларына әсер етті. Ресей аумағында тек Орынбор облысының өзінде 120 мыңнан астам қазақ мекендейді. Сонда ағайынды екі адамның бірі кеңес дәуірінен бастап Ресейдің Орск қаласында, ал екіншісі Қазақстандағы Әлімбетов поселкесінде тұратын болып шығады. Былайша қарағанда шекарадан олардың арақашықтығы бар-жоғы 9 шақырым. Ал олар бір-бірімен кездесу үшін ондаған шақырым айналма жол жүруге мәжбүр. Әрине, бұл мәселенің шешімі табылды — шекаралас аудандардың тұрғындары үшін арнайы шекара өткелдері орнатылды. Сондай-ақ, көптеген осыған ұқсас, яғни тұрмыстық мәселелер шекаралық дипломатия арқылы шешілді. Барлық осындай жағдай: тіпті егер экономикалық байланыстар әлсіреген болса да, отбасылық, ұлттық, тату көршілік қарым-қатынастарды бұзуға болмайтынын көрсетті. Тұтастай алғанда, шекаралас өңірлердегі біз және біздің қазақстандық көршілеріміз өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретініне сенімдімін. Біз үшін бұл — экономикалық негіздеме, яғни экономикалық байланыстар, кооперация. Бізде өзіміздің халықтар арасындағы ғасырлар бойғы достық дәстүрлерімізбен байланысты гуманитарлық үрдісіміз бар. Бұл ретте осындай аймақтардың рөлі мен мәні ерекше.

— Бүгінде Орынбор мен Ақтөбе облыстары арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуында экономиканың қай саласы ерекше басымдыққа ие?

— Әрине, бұл отын-энергетикалық кешен, яғни газ өндіру және газды қайта өңдеу саласы бойынша екі ел арасында мықты өнеркәсіптік ынтымақтастықтың берік негізі бар. Бірнеше жылдан бері Қарашығанақ газконденсаты кен орнының газы толық қуаттылықтағы Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді. Бұл өңірлік экспорттың негізін құрайды. Былтырғы көрсеткіш — 65%, оны алдындағы 2016 жылы — 55% болды. Бұдан басқа, Орынбордан Қазақстанға мұнай, мұнай өнімдері, битум, қара металдар мен металдан жасалған бұйымдар, цемент, электротехникалық құралдар, жер үсті көлігі, вагондар, күкірт қышқылы, медициналық аппараттар және басқалары экспортталады. Сонымен қатар, шұжық өнімдері, сүт өнімдері, жарма, мал азығы, балық, ұн, макарон өнімдері кең сұранысқа ие. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, сыртқы сауда айналымы 21 пайызға, ал экспорттың көлемі 23 пайызға өсті. Импорттың тауарлық құрылымында отын-энергетикалық кешеннің өнімдері жетекші рөл атқарады. Ең бірінші кезектегі шаруа —  Қарашығанақ кен орнына газ жеткізу. Аймақ минералды өнімдерді, хром кенін және тағы басқаларын, машиналар мен электр жабдықтарын, азық-түлік өнімдерін импорттайды. Қазақстанның өңірлік сыртқы сауда айналымындағы үлесі — 28 пайыз, 2016 жылмен салыстырғанда аз да болса өсім бар. Қазақстандық серіктестермен біздің металлургия өнеркәсібі саласында да берік іскерлік байланыстарымыз бар. Новотроицк хром қосындылары зауыты өнімді Ақтөбе хром кенінен импорттайды. Медногорск мыс-күкірт зауыты кварцитті, ал Новотроицк цемент зауыты — өзінің негізгі өндірісі шикізатты сатып алады. Орынбор облысының шығысында кен орындарын бірлесіп игеру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сол жақтан кен Орскінің «Ормет» кен байыту фабрикасы мен «Ақтөбе мыс компаниясына» өңдеуден өткізуге жөнелтіледі.  Ақтөбе облысына мұнай мен мұнай өнімдері, машина жасау жабдықтары Орынбордан жеткізіледі. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты «Уральская сталь» зауытынан металл конструкцияларын сатып алады.Аймақтар арасындағы сауданың айтарлықтай көлемі азық-түлік өнеркәсібімен де қамтамасыз етілген. Кондитерлік өнімдер, ет-сүт және өзге де азық-түлік өнімдері — екі жақты жеткізілімдердің толық тізбесінде тұр. Жалпы, Орынбор облысының үлесі Ресей мен Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 5 пайыздан астамын құрайды. Көршілес Қазақстан өңірлері біздің  стратегиялық әріптесіміз болды және болып қала бермек. Сонымен қатар, Кеден одағының, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері өзара ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектерді ашады.

— Алдағы жылдарда екі жақ үшін қандай бағыттар мен жобаларды ең перспективалы және пайдалы деп санайсыз?

— Мемлекетаралық масштабта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін, «Меридиан» магистралін құру өзара қызығушылық тудырады. Географиялық орналасуына байланысты Орынбор және Ақтөбе облыстары — осы мега-инфрақұрылымдық жобалардың қатысушысы.  Әлбетте, аймақтық даму үшін трансконтиненталды магистралдың құрылысын салу ғана маңызға ие емес. Өте маңыздысы — осы жобалардың негізінде ашылған бағыттардың бойынан шағын бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Бұл автобекеттер мен көлік орталықтары, отын терминалдары, кемпингтер, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану қызметтері және тағы басқаларының құрылысы болуы мүмкін. Әлемде сервистік инфрақұрылым — бұл көптеген миллиардтық айналымы бар индустрия. Бізде осы мәселеде, мұны жаңадан қолға алынған шаруа деп айтуға болады. Яғни, жұмыс істеп, оны дамытқысы келетіндер үшін бұл сала — игерілмеген нарық. Мұның тағы бір саласы — қазақстандық әріптестермен бірлесіп жұмыс жасаудың нәтижесінде өндірістік ынтымақтастықтың кеңейе түскенін байқаймын. Мысал ретінде «Уральская сталь» және Ақтөбе рельс-арқалы зауыттары арасындағы ынтымақтастық тәжірибені айтуға болады. Бүгінде екі кәсіпорын арасындағы  ұзақ жылға жасалған  келісімшарттың шеңберінде ұзындығы 100 метрден асатын рельс шығаруға металл конструкциялары жеткізілуде. Батыл әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін бір зауыттың қуаттылығы, айналым қаражаты, технологиясы, мамандары әрдайым жеткілікті бола бермейді. Және бұл кез келген салаға қатысты. Біз бірлесіп жұмыс жүргізу арқылы  «1+1=3» деген синергетикалық әсерге қол жеткізуге тиіспіз. Бұл, мысалы, ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар — мал және өсімдік шаруашылығына қатысты да болуы мүмкін. Сонымен қатар, кез келген өндіріс немесе компаниялар тобында біз жоғары қосылған құны бар дайын өнімді өндіруге тырысуымыз керек. Шикізатты сату арқылы көп табыс таба алмайсыз. Дегенмен біз мұны өте жақсы жасай аламыз, яғни аяқталған өндірістік циклдар салу, логистиканы, маркетингті және басқа да құралдарды біріктіру және дайын өнімді нарыққа жеткізу логикалық тұрғыдан әлдеқайда қисынды. Ал бұл бізде жеткілікті. Меніңше, шекаралас өңірлердің аймақаралық қатынастарын дамыту перспективалары тек өндіріс саласымен ғана шектелмейді. Біз гуманитарлық салада әлеуметтік, экологиялық, атап айтқанда Ресей мен Қазақстанның шекаралас аудандарында даланың ландшафты-биологиялық әртүрлілігін сақтау  секілді жобаларды жүзеге асыру арқылы үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарттары бойынша, мәселен, қазақстандық серіктестердің денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және туризм саласын дамытуға қатысуы әбден мүмкін. Орынбор облысының инвестициялық әлеуеті зор әрі бұл тұрғыда қызықты ұсыныстар да бар, сол сияқты бүгін Орынборда ұсынуға дайын инвестициялық жобалар мен инвесторлар алаңы да жеткілікті. Қазіргі уақытта Орынбор облысында қазақстандық капиталдың қатысуымен 82 кәсіпорын тіркелген. Мен олардың саны барлық салаларда бірнеше есеге көбейетініне сенемін.

— Орынборға тек инвестициялық мақсаттармен ғана емес, шығармашылық жоспарлармен де келуге болатын шығар…

— Бізде көптеген мәдени, білім беру, дене шынықтыру-спорттық, еріктілер жобалары бар. Біздің қазақстандық достарымыз бұл жобалардың белсенді әрі  тұрақты қатысушылары саналады. Қазақстан Республикасының және Орынбор облысының өнер шеберлерінің тұрақты шығармашылық кездесулері мен тәжірибе алмасу жобалары дәстүрге айналған, сонымен қатар сапасы жоғары деңгейге жетті. Өткен жылы Тұзтөбе қалалық округінде Ақтөбе филармониясының камералық хорының концерті үлкен жетістікпен өтті. Орынбордағы Ақтөбе күндері аясында біздің қонақтарымыз өнер шеберлерінің концертін, қызықты театрландырылған қойылымдар мен қолөнер көрмесін ұсынды. «Орынбор қазақтары қауымдастығы» облыстық ұйымы Орынбор облысы Үкіметінің қолдауымен Новоорск ауданында «Дала тойы» қазақ мәдениеті мейрамын ұйымдастырды. Тек 2017 жылы облыстық және жергілікті деңгейде шамамен 30 түрлі мәдени іс-шара өткізілді. Сонымен қатар,  «Ұлттық ауыл» қазақ мәдениетінің дәстүрлі мерекесін де айтпай кетуге болмайды. Айтпақшы, осы мәдени-этнографиялық кешенде қазақ ауылы алғашқылардың бірі болып шаңырақ көтерді және он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Біздің өңірімізде шамамен 70 қазақстандық ұлттық шығармашылық ұжым тұрақты негізде жұмыс жасайды. Орынборлықтар да мәдени сапарлармен Қазақстанға барады, оларды әр уақытта күтіп және жақсы қабылдайды. Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге тек музыканттар ғана емес, әртістер де үн қосуда. Біздің әдебиетшілеріміз бен этнографтарымыз, музей қызметкерлері, кітапханашылар бұл жұмыстарға белсенді қатысуда. Мәдениет саласы бойынша білім беру мекемелерінде Қазақстаннан отыздан астам студент оқиды.   Осының бәрі біздің рухани байлығымызды нығайтуға, бір-бірімізді терең түсінуге ықпал етеді.

— Ақтөбедегі Орынбор облысы күндері аясында іскерлік қарым-қатынас орнатуға ерекше басымдық беріле ме, әлде гуманитарлық саланы дамытуға айтарлықтай көңіл бөліне ме?

— Аймақаралық ұқсас миссияларда және біздің жағдайда да халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ауқымы қай уақытта да анағұрлым кең сипатта өтеді. Орынборлықтар өздерінің экономикасын, медицинасын, білімі мен мәдениетін, спорт және туризм саласын кеңінен таныстыратын болады. Іс-шаралар бағдарламасынан неғұрлым Ақтөбе тұрғындарының көпшілігі өздерін қызықтыратын жаңалықтарды тапса екен деймін. Әрине, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Орынбор облысы Үкіметі өкілдері, өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер, салалық мамандар іскерлік тұрғыда өзара кездесетін болады. Бірақ мен басқа да іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырмын, мәселен, Ақтөбедегі көп қабатты ғимараттардың бірінің қабырғасына орынборлық суретшілер жаңа стритарт кескіндемесін салмақ. Орынборда және облыстың басқа қалаларында шығармашылық жастар осындай бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Бұл шығармашылық тұрғыда үлкен күш-жігерді талап етумен қатар, өте жауапты жұмыс. Бұл — суретшілердің қоршаған әлемді таңданарлықтай жарқын етуіне деген ықыласы. Ақтөбенің Орталық мәдени және демалыс саябағында Орынбордың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен қызықты мәдени бағдарламалар ұйымдастырылмақ. Әрине, мұның барлығының тартымды болатынына сенімдімін. Өзіме таныс бұл жерге де баруға үлгеремін деп ойлаймын. Біздің барлық көрші достарымызды Ақтөбеде өтетін Орынбор облысының күндерін тамашалауға шақырамыз!

Арман СЕРІКОВ.