Кәсіпкерлерге кеңес берілді, техника алу мүмкіндігі шешілді

Дата: 14 апреля 2018 в 13:22

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облыс әкімінің бастамасымен қолдау тапқан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қазір Темір ауданында жалғасты.

Бұған дейін құрамында теологтар мен діни қызметкерлер бар жұмыс тобы Мұғалжар ауданында болып, халықпен кездесіп, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді, шағын және орта бизнестегі мәселелерді шешуге көмектесіп, кеңес берді. Естеріңізге салсақ, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында аудан тұрғындарымен 6 бағытта жұмыс жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Апта басында Темір ауданына барған мамандар мен діни қызметкерлер бірінші және екінші бағыт, яғни ауданда дін саласын қамтып, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша жұмыс жүргізді. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Есенбол Жолдығариннің айтуынша, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша Темір ауданында шағын және орта бизнес кәсіпкерлігінің саны 1802-ге жеткен.  Оның ішінде жеке кәсіпкерлік саны — 1306 және 397 шаруа қожалығы тіркелген.

— Қазір жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың саны — 1699. Олардың бөлшек тауар айналымы 2018 жылдың 1 наурызына 438,2 миллион теңге, яғни 102,4 пайыз. Өткен жылға қарағанда өсім бар. Бүгінгі күні ауданда шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Айта кетсек, өткен жылы өңірде шағын және орта бизнес бағытында 12 ғимарат пайдалануға берілді. Биыл біз тағы да 13 ғимаратты халық игілігіне тапсыруды жоспарлап отырмыз. Аудан тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылықтары жоғары. Сондықтан жұмыс тобы өкілдерінің осы мақсатта ауданға келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің өзі — жергілікті тұрғындар үшін үлкен қолдау, — деді Е.Жолдығарин.

Ауданға жасаған сапары кезінде жұмыс тобы мүшелері тұрғындарға елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндірді. Сонымен қатар, топ құрамындағы облыстық ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, басқармалары мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», «Қазақстанның Халық Банкі», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалдарының, «Ақтөбе ауыл шағын несие» шағын несие ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері тұрғындарға несие алу және оны рәсімдеудің жолдарын түсіндірді.  Бұл орайда ауыл шаруашылығы бағытында бизнес ашуға ниеттенгендер тарапынан бірқатар мәселелер мен өтініштер айтылды. Топ мүшелері айтылған мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын қарастырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржау Тұрғамбековтің айтуынша, Темір ауданында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының екінші бағыты бойынша жұмыс жасаған топ мүшелерін облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев бастап барды. Бұл бағыт бойынша жұмыс атқарған топтың құрамында 12 маман болыпты.

— Мамандар ауыл адамдарына бизнесті жүргізу, оны ашудың жолдарын ұғынықты түрде түсіндіріп, несие алуларына көмектеседі. Сондай-ақ, мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік  субъектілеріне инфрақұрылым тарту мүмкіндігі де кеңінен түсіндіріледі, — деді ол.

9-13 сәуір аралығында Темір ауданына барған топ мүшелері үшін осы уақыттарда аудан орталығы мен 6 селолық округтің тұрғындарымен кездесу жоспарланған.

 Мамандар мәселені шешеді

Аудан халқымен кездесу кезінде топ мүшелері Темірге келудегі сапарларының мақсаты мен міндеті турасында түсіндірді.

Ләззат Сакиева, «Ақтөбе ауыл шағын несие» шағын несие ұйымы» ЖШС несие инспекторы:

— Менің міндетім — бүгінгі күні ауыл үшін қандай бағдарлама бойынша несие алудың мүмкіндігі барын ауылдықтарға жан-жақты және ұғынықты түрде түсіндіру. Сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерлерге несие алудың жолдарын, яғни несие алушыға құжат рәсімдеу процесінде ешқандай кедергілер туындамас үшін бұл мәселені жан-жақты түсіндіру де маңызды.

Серік Ниетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының несие менеджері:

— Кәсіп ашуға ауыл тұрғындарының санын неғұрлым көптеп тарту — біздің басты мақсатымыз. Себебі, қазақстандықтар өз қолдарымен өздерінің жағдайын жасауы керек. Себебі, бүгінде мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған. Атап айтсақ, тұрғындарға бизнес ашуда жылдық үстемеақысы 6 пайызбен берілетін несие де, субсидия беру мәселесі де оңтайлы шешілген. Сондықтан біз бұл іске қызығушылық танытушыларға несие рәсімдеу жолдарын түсіндіреміз.   

Елена Югай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

— Ауданға жасаған сапарымның мақсаты — сәулетшілердің мемлекеттік қызметтерін кәсіпкерлерге түсіндіру. Қазір кәсіпкерлік мақсатқа тұрғызылатын ғимарат құрылысы үшін қажетті құжаттарға оңай қол жеткізуде мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бұл өз бизнесін құрушылар үшін өте маңызды. Бізге көптеген адамдар жолығады, ал біз олардың әрқайсысына толық ақпарат береміз.

Жұмыс тобы мүшелері Кеңқияқ селолық округі тұрғындарын да қабылдап, олардың түрлі мәселелер бойынша айтқан ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, шешілу жолдарын қарастырды.

Шаруалар кеңес алды

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын Темір ауданында жүзеге асырудың алғашқы күнінде мамандарға 20-ға жуық ауыл кәсіпкері түрлі мәселелермен жолықты.

Саркөл ауылының тұрғыны  Ескерген Мұрзағалиев топ мүшелерінен өзіне тайлағыш-жинағыштың қажет екенін, ол үшін мұндай ауыл шаруашылығы агрегатын қайдан алуға болаты турасында кеңес сұрады.

— Жеке шаруа қожалығым бар. Бүгінде шаруашылықта 400 қой және ірі қара бар. Иелігімдегі екі трактормен барлық шаруаны жүргіземіз. Алайда 3 мың гектар жерден шөпті уақытында жинап алу үшін бізге тайлағыш-жинақтағыш техникасы керек, — деді шаруа.

Бүгінде Саркөл ауылындағы кәсіпкер Айкерім Тілеужанованың өз дүкені бар. Ол өз шаруасына мемлекеттен қолдау алудың тиімділігін сұрап, кеңес алды. Себебі Айкерім бизнесті кеңейтуді қалайды. Яғни, жылыжай ашып, жергілікті өнімдерді өз дүкенінде сатуды жоспарлайды. Ал ауыл тұрғыны Маржан Оразова жолдасымен бірігіп құс шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаудың ретін сұрады.

— Құс шаруашылығымен айналысу үшін жерімізқолайлы әрі жақын маңда су тоғаны да бар, — деген Маржан белгіленген жерге құс бағу үшін шаруашылық базасын тұрғызу керектігін әрі балапан қаз алу қажеттігін  айтты. Ол топ мүшелерінен шаруашылықты қалыптастырудың жолдарын сұрап, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Бұдан кейін топ мүшелері Тасқопа селолық округінде болып, онда жергілікті халықпен 5 рет кездесу өткізді. Шара барысында мамандар тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Бұл жерде «Ауыл бизнесі — тәуекелдерді төмендетудің жолдары» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Ауылға жасаған сапарлары кезінде топ құрамындағылар «Айбол» шаруашылығында болып, қожалықтың жұмысымен танысты.  Мамандардың ауыл тұрғындарымен кездесуі өз нәтижесін де берді. Топ мүшелері алғашқы  екі күнде үш шаруа қожалығы иесіне ауыл шаруашылығы техникасын алуға мүмкіндік жасаса, ал он адам облыстық кәсіпкерлік палатасында «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша оқуға жолданды.

Бір апта бойы мамандар Шұбарши, Саркөл, Тасқопа, Кеңесту және Ақсай селолық округтері мен аудан орталығы Шұбарқұдықта тұрғындармен кездесті.

Санат РАШ.