«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 36-бабының 1 тармағына сәйкес, егер Салық кодексінде өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші салықтық міндеттемені орындауды өз бетінше жүзеге асырады. Өз кезегінде, Салық кодексінің 36-бабының 5-тармағында Салық кодексінде белгіленген жағдайларда салық төлеушінің уәкілетті өкілі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу, әлеуметтік аударымдарды аудару кезінде төлем құжаттарында ақшаны жөнелтуші салық төлеушінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауын және оның сәйкестендіру нөмірін көрсететіні көзделген. «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 4-тармағы 4) тармақшасына сәйкес, сәйкестендіру нөмірі шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруын қоспағанда, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды аудару, сондай-ақ салықтық міндеттемелерді орындау кезінде қолданылатынын атап өту керек. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағы 15) тармақшасында Салық кодексінде көзделген жағдайларда салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуге байланысты операцияларды қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағында резиденттер арасындағы валюталық операцияларға тыйым салынғаны көзделген. Қазақстан Республикасы заңнамаларының жоғарыдағы нормаларын ескеріп және шет ел азаматының сәйкестендіру нөмірінің жоғын назарға алып, шет ел азаматы үшін уәкілетті тұлғаның мемлекеттік бажды төлеуі мүмкін емес.