Популярные темы

Абай облысының әкімі қысқы жол күтімі бойынша нақты тапсырмалар берді

Дата: сегодня в 15:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Абай облысының әкімі қысқы жол күтімі бойынша нақты тапсырмалар берді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында қысқы кезеңде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін күтіп ұстау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға дайындық барысы және 2025–2026 жылдары жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі таңда Абай облысындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Өңірде 210 көпір және 3329 су өткізгіш құбыр бар. Қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда дайындық жұмыстары жүргізілген.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 91 арнайы техника жұмылдырылады. Биыл мердігер ұйымдар 30 техниканы жаңартты. Сонымен қатар 200 тонна тұзды ерітінді, 3200 тонна құм, 2500 тонна елеу қалдығы, 2000 тонна бензин және 2000 тонна дизель отыны дайындалған.

Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 242 арнайы техника тартылса, Семей қаласының көшелерін қысқы кезеңде тазалауға 131 техника жұмылдыру көзделген.

Облыстық маңызы бар жолдарда қар басу қаупі жоғары 10 учаске анықталған. Бұл аумақтарда ұзындығы 12 шақырымнан асатын қар тоқтатқыш қалқандар орнатылған. Дегенмен олардың шамамен 40 пайызы тозған және қалпына келтіруді немесе ауыстыруды қажет етеді. Биыл үш учаскеде жалпы ұзындығы 700 метр қалқан қалпына келтірілді. Сондай-ақ «Көкпекті – Преображенка – облыс шекарасы» автомобиль жолының қар жиі басатын бөлігінде тағы 200 метр қалқан орнату жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолының 970-шақырымындағы «Байбура» асуында жылыту бекеті жаңғыртылды. Жоба аясында жолаушыларға арналған жылыту орны, арнайы техникаға арналған ангар, санитарлық торап және төтенше жағдай кезінде тікұшақ қонатын алаң қарастырылған.

Аймақ басшысы қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – төтенше жағдай орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Әсіресе, қар басу қаупі жоғары жол учаскелеріне, шалғай ауылдарға қатынайтын бағыттарға және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Сондықтан жолдарды қардан уақтылы тазарту, арнайы техниканың дайындығы, қажетті материалдық қорлардың жеткіліктілігі және төтенше жағдайлар кезінде тиісті қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуі басты назарда болуы тиіс», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қардан уақтылы тазартуды, арнайы техниканың дайындығын және көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті қорын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды бірінші кезекте тазарту, мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейту, қар басу қаупі жоғары учаскелерде алдын алу шараларын жандандыру міндеттелді.

Төтенше жағдайлар кезінде тиісті қызметтердің үйлесімді жұмысын ұйымдастыру, тұрғындарды жолдардың жай-күйі туралы жедел хабардар ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.

Кеңесте 2025–2026 жылдары жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары да қаралды. Аудит барысында анықталған кемшіліктерді жою, бухгалтерлік есепті цифрландыру жұмыстарын жандандыру, бюджетті жоспарлау мен қаражатты тиімді жұмсауға бақылауды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөзі

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями