15 жастағы қазақстандық шахматшы Сауат Нұрғалиев Испаниядағы XXVII Open Internacional de Sants – Ciutat de Barcelona турнирінде екінші орынды иеленді, сондай-ақ екінші гроссмейстерлік норманы орындады. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
10 тур қорытындысы бойынша халықаралық мастер Сауат Нұрғалиев мүмкін 10 ұпайдың 8,5-ін жинады. Сауат сегіз жеңіске жетіп, бір партияны тең аяқтады. Қазақстандық жалғыз рет жеңіліске ұшырады – турнир жеңімпазы француз гроссмейстері Жюль Муссарға есе жіберді. Нәтижесінде Сауат Нұрғалиев екінші болды.
Сауат Нұрғалиев – биылғы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, алдағы 46-шы Әлем шахмат олимпиадасында (15–27 қыркүйек, Самарқанд, Өзбекстан) Қазақстан құрамасының қатысушысы.
XXVII Open Internacional de Sants – Ciutat de Barcelona турнирі 21–30 тамыз аралығында швейцариялық жүйе бойынша 10 турмен, классикалық уақыт бақылауымен өтті. Оған 50-ден астам елді ұсынатын 359 шахматшы қатысты, оның ішінде 16 гроссмейстер, 35 халықаралық мастер және үш әйелдер гроссмейстері болды. Бұл турнир FIDE Circuit 2026–2027 сериясына кіреді және 2028 жылғы әлем шахмат тәжіне үміткерлерді іріктеу жолдарының бірі болып табылады.
Бұл турнирде басқа қазақстандық жасөспірімдер де сәтті өнер көрсетті. Атап айтқанда, 16 жастағы Малика Джаппарбекова 6,5 ұпай жинап, әйелдер арасында екінші орынды иеленді, АҚШ-тан келген гроссмейстер Ирина Крушқа ғана есе жіберді. Малика әйелдер халықаралық мастері нормаларын орындады. Турнирде 6,5 ұпайды 10 жастағы FIDE мастеріне кандидат Әміржан Әнетов жинады.
chess-results
По сообщению сайта SportInfo