Популярные темы

Астанада «Өзіңнен баста» атты тегін әлеуметтік-спорттық жоба басталады

Дата: сегодня в 13:36 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Астанада «Өзіңнен баста» атты тегін әлеуметтік-спорттық жоба басталады

6 маусымнан бастап елордада салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған «Өзіңнен баста» атты жыл сайынғы тегін әлеуметтік-спорттық жоба бастау алады. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының  баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Спорттық жоба «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласы әкімдігінің, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның ұйымдастырушысы — MMA бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жаттығулар тамыз айының соңына дейін ашық аспан астында қаланың екі нүктесінде — Триатлон саябағында және Ботаникалық бақта өтеді. Жобаға қатысу тегін әрі жасына, физикалық дайындығына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлық ниет білдірушілерге ашық.

«Бұл жобаны дәстүрлі жоба деп айтуға болады, себебі ол биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы жобаға 5 мыңнан астам адам қатысты. Жаттығулар кешкі уақытта — сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бұл қала тұрғындарының жұмыс немесе оқудан кейін келіп, жаттығуға қатысуына қолайлы жағдай жасау үшін ұйымдастырылған.

Біз үшін жастарға үлкен өзгерістер адамның өзінен басталатынын көрсету маңызды. Адамның жақсырақ, мықтырақ әрі дені сау болуға деген жеке шешімі — басты қадам. Сондықтан жобаның негізгі қағидасы оның атауында көрініс тапқан — «Өзіңнен баста».

Қазір балалардың жазғы демалысы басталды, көпшілігі үйде. Осыған байланысты елорда тұрғындарының барлығын жаттығуларға қатысуға шақырамыз», — деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айткалиева.

«Өзіңнен баста» спорттық жобасының салтанатты ашылуы 6 маусым күні сағат 18:00-де Триатлон саябағындағы «Арқар» көпірінің астында өтеді.

Жоба қатысушыларын функционалдық жаттығулар, өз салмағымен орындалатын жаттығулар, жалпы дене дайындығы элементтері, воркаут сабақтары, сондай-ақ танымал спортшылармен, қоғам қайраткерлерімен және жастарды өз үлгісімен шабыттандыратын пікір көшбасшыларымен кездесулер күтеді.

Жобаның негізгі мақсаты — жастар үшін қолжетімді спорттық орта қалыптастыру, тұрғындарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру және тәлімгерлердің, спортшылар мен қоғам қайраткерлерінің жеке үлгісі арқылы салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру.

По сообщению сайта SportInfo

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями