Чемпиондар лигасының 2025/2026 жылғы маусымындағы 1/8 финалдың қарымта ойындары өз мәресіне жетіп, ширек финалға шыққан командалар анықталды.
Автор: Дамир Кульбаев
Ең нәтижелі матч Барселонада өтті. «Барселона» өз алаңында «Ньюкаслды» 7:2 есебімен тас-талқан етті. Ойынның 6-шы минутында Рафинья есеп ашса, 15-ші минутта Эланга таразы басын теңестірді. Алайда 18-ші минутта Берналь каталондықтарды қайта алға шығарды. 28-ші минутта Эланга дубль жасап, есепті 2:2-ге жеткізді. Бірінші таймның соңында, 45+7-ші минутта Ямаль пенальтиден гол соғып, «Барселонаны» алға шығарды. Екінші таймда 52-ші минутта Фермин Лопес, 56 және 61-ші минуттарда Левандовски, ал 72-ші минутта Рафинья гол соғып, ірі жеңісті рәсімдеді. Жалпы есеп — 8:3.
Мюнхенде «Бавария» «Аталантаны» 4:1 есебімен сенімді түрде жеңді. 25-ші минутта Кейн есеп ашса, 54-ші минутта дубль авторы атанды. 56-шы минутта Карл үшінші голды соғып, 70-ші минутта Луис Диас есепті 4:0-ге жеткізді. 85-ші минутта Самарджич айырмашылықты қысқартты. Екі матч қорытындысы бойынша «Бавария» айқын басымдықпен келесі кезеңге өтті.
«Ливерпуль» «Галатасарайды» 4:0 есебімен ұтып, камбэк жасады. 25-ші минутта Собослаи есеп ашты. 51-ші минутта Экитике, 53-ші минутта Гравенберх, ал 62-ші минутта Салах гол соқты. Бірінші ойында ағылшындар 0:1 есебімен жеңілген еді.
Тағы бір матчта «Тоттенхэм» «Атлетиконы» 3:2 есебімен жеңді. 30-шы минутта Коло Муани есеп ашса, 47-ші минутта Альварес жауап қайтарды. 52-ші минутта Симонс «шпорларды» алға шығарды. 75-ші минутта Ганцко есепті теңестірсе, 90-шы минутта Симонс пенальтиден дубль жасап, жеңісті алып келді. Алайда екі ойын қорытындысы бойынша келесі кезеңге «Атлетико» өтті.
Осылайша, ширек финалға «Барселона», «Бавария», «Ливерпуль» және «Атлетико Мадрид» жолдама алды.
По сообщению сайта SportInfo