Стоковые изображения от Depositphotos
Бүгін Алматыда Олимпиада ойындарына дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасынан қатысатын спортшы анықталды, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиадаға іріктеу белдесуінде Елдос Сметов үздік атанды. Ол өз кезегінде командаластары Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевтан басым түсіп, Париж Олимпиадасына қатысу құқығына ие болды.
Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша дюдодан Олимпиада ойындарына әр елден әр салмақ бойынша тек бір спортшыдан қатыса алады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үш қазақстандық дзюдошы, атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин Олимпиадалық рейтингте жолдама иегерлері тізімінде тұрғандықтан өзара іріктеу белдесуі ұйымдастырылды.
Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарына дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасынан 8 дзюдошы қатысады. Оның жетеуі – өз салмақ дәрежелерінде жекелей сайысқа қатысса, бір спортшы аралас-командалық жарыстың лицензиясына ие болды.
Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын дзюдошылар келесідей:
Әйелдер: Әбиба Абужақынова (48 келі), Кәмила Берліқаш (+78 келі), Эсмигүл Куюлова (аралас-командалық жарыс).
Ерлер: Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Данияр Шамшаев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Нұрлыхан Шархан (-100 келі).
Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдо бойынша жарыстар 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жоспарланған.
Сурет: olympic.kz
По сообщению сайта Arna Press