Стоковые изображения от Depositphotos
Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп eGov Mobile мобильді қосымшасында «Нотариаттық онлайн консультация» сервисін енгізді, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтың айтуынша, сервис білікті заңгерлік көмекке мұқтаж адамдар үшін тиімді құрал болмақ.
«Онлайн-кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке байланысты құқықтық сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар кез-келген сұрақтарға жауап береді. Бұл уақытты үнемдеуге және уақтылы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.
Жобаның мақсаты — нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру.
Қызметті алу үшін:
1. «eGovMobile» қосымшасына кіру керек;
2. Е-нотариат бөлімінде «Онлайн кеңес алу» қызмет түрін таңдап, өтінімді толтыруыңыз қажет;
3. Кеңес алу үшін бейне қоңырау арқылы қажетті сұрағыңызды қоясыз;
4. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы 1 АЕК мөлшерінде нотариустың қызметін төлеу керексіз.
Сурет: Әділет министрлігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press