Популярные темы

Қаржы пирамидасынан сақтаныңыз: негізгі белгілері мен қорғану тәсілдері

Дата: сегодня в 19:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Қаржы пирамидасынан сақтаныңыз: негізгі белгілері мен қорғану тәсілдері

Бүгінде қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар азаматтардың сеніміне кіру үшін әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, цифрлық технологияларды және психологиялық қысым тәсілдерін кеңінен қолданады. Олар жоғары әрі тұрақты табыс табуға уәде беріп, жобаларын «инвестициялық клуб», «инновациялық қор», «онлайн бизнес» немесе «қаржы бағдарламасы» ретінде таныстыруы мүмкін, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап. 

Алайда олардың жұмыс істеу қағидаты өзгермейді: бұрынғы қатысушыларға төленетін қаражат нақты кәсіпкерлік қызметтен емес, жаңадан тартылған адамдардың жарналарынан құралады.

Жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәдесі. Нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары, тәуекелсіз пайда ұсыну – күмәндануға негіз.
Жаңа адамдарды тарту талабы. Қатысушыларға таныстары мен туыстарын шақырғаны үшін қосымша сыйақы немесе бонус ұсынылады.
Лицензия мен ашық ақпараттың болмауы. Ұйымдастырушылар лицензиясын көрсетпейді, қаржылық есептілікті жарияламайды және қаражаттың сақталуына кепілдік бермейді.
Әлеуметтік желілердегі белсенді жарнама. Жобалар жабық чаттар мен мессенджерлерде насихатталып, ақшаны қолма-қол немесе күмәнді электрондық әмияндар арқылы аудару сұралады.
Заңды бизнес түрінде бүркемелену. Алаяқтар өз жобаларын инвестициялық қор, қаржы орталығы, қарыз бағдарламасы немесе криптожоба ретінде көрсетуі мүмкін.
Аз мөлшердегі бастапқы жарна. Алғашқы салымның аз болуы адамды қауіп жоқ деп ойлауға итермелейді. Кейін одан көбірек ақша салу талап етіледі.

Кейбір жалған букмекерлік жобалар лицензиясыз-ақ «кепілдендірілген ұтыс» ұсынады. Төлем жасалғанын дәлелдеу үшін мессенджерлерде жалған чектер жіберуі мүмкін. Ал заңды букмекерлер төлемді ресми электрондық немесе кассалық чектермен растайды.

Жалған инвестициялық жобалар азаматтарға онлайн-жобаларға немесе криптостартаптарға ақша салуды ұсынып, болашақта мол табыс табатынына сендіреді. Қаражат жиналғаннан кейін ұйымдастырушылар байланысқа шықпай кетуі мүмкін. Мұндай схемаларда жаңа қатысушыларды тарту талабы әрдайым бола бермейді.

Заңды желілік маркетингте табыс нақты тауарлар мен қызметтерді сатудан түседі. Ал қаржы пирамидасында төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан жобаның атауына емес, табыстың қайдан қалыптасатынына назар аудару қажет.

Полицияға және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігіне мүмкіндігінше тезірек хабарласыңыз.
Хат алмасуларды, келісімшарттарды, чектерді және ақша аударымдарын растайтын құжаттарды сақтап қойыңыз.
Туыстарыңыз бен таныстарыңызды күмәнді жоба туралы ескертіңіз.

Жобаның және оны ұйымдастырушылардың заңдылығын, тиісті лицензиясының бар-жоғын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан тексеріңіз.
Қолма-қол ақша бермеңіз және белгісіз электрондық әмияндарға қаражат аудармаңыз.
«Кепілдендірілген пайда», «тәуекелсіз инвестиция» деген жарнамаларға сын көзбен қараңыз.
Жабық чаттарда ғана ұсынылатын және «тек таңдаулыларға арналған» деп жарнамаланатын жобалардан сақ болыңыз.

Есте сақтаңыз: қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда мүлікті тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заңда жекелеген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру да қарастырылған.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

 

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями