Популярные темы

Абай облысында 10 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

Дата: сегодня в 13:28


Абай облысында 10 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

Жаңа оқу жылында Абай облысында 100 мыңнан астам оқушы мектепке барса, оның 10 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Семей қаласында биыл 5 мың бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап. 

Білім күніне орай облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы Степной кентінде орналасқан №46 жалпы орта білім беретін мектепке барып, оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Салтанатты шараға Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова да қатысты.

2022 жылы ашылған №46 мектеп жаңа оқу жылын 402 оқушымен бастап отыр. Білім ордасында оқушылардың сапалы білім алуына, шығармашылық, зерттеушілік және спорттық қабілеттерін дамытуына барлық жағдай жасалған.

Білім күніне орай мектепке жаңа автобус табысталды. Бұл алыстан қатынап оқитын 46 оқушы үшін үлкен қолдау болмақ.

Өткен оқу жылында Абай облысының 407 оқушысы республикалық және халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысып, 163 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе IT, дәл ғылымдар және робототехника бағыттарында жоғары нәтижелер көрсетілді.

Оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектебі»
ұлттық жобасы аясында облыста 5 мектеп салынды. Семейдің Қарағайлы ауданында 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Сонымен қатар Жарма ауданындағы Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Биыл облыстың жоғары оқу орындарына түсуге ниетті 200 түлекке облыс әкімінің гранты бөлінді.

Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Барша оқушыларға сәттілік, ұстаздарға шығармашылық шабыт, ата-аналарға қуаныш тілейміз!
Фото: облыс әкімінің баспасөзінен

 

По сообщению сайта Arna Press

Поделитесь новостью с друзьями