Семей қаласында сауда нысандарын жаңғырту және олардың сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаладағы сауда нысандарын жаңғырту жұмыстарының барысы қаралды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес сауда базарларын жаңғырту бойынша Жол картасы бекітілген. Осы құжат аясында Семейдегі бірқатар сауда нысандарында құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
«СМОКК» базарында құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. «МЕРЕКЕ» базарында демонтаждау жұмыстары жүргізіліп, екінші және үшінші сауда қатарлары толық бұзылды. Қазір бетон құюға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ал «Ақшың» базарында ғимараттың қасбеті сырланып, нысанды одан әрі жаңғырту мәселесі пысықталуда.
Сонымен қатар «ЖАНСАЯ» базары мен «НИВА» сауда үйінде де ауқымды жұмыстар қолға алынған.
«ЖАНСАЯ» базарында қасбет жаңартылып, фиброцементті плиталар орнатылуда. Шатыр сырланып, аумақ абаттандырылуда. Негізгі жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
«НИВА» сауда үйінде шатыр толық ауыстырылып, қасбеті сырланды. Ғимараттың техникалық бөлігіндегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта үш жаңа сауда павильоны орнатылуда. Бұдан кейін кіреберіс бөлігін гранитпен қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сауда үйін қыркүйек айында қайта ашу жоспарланып отыр.
Сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары басқа кәсіпкерлік нысандарға да оң әсерін тигізуде. Мәселен, «Ұлар» сауда үйінде қасбетті заманауи материалдармен жаңарту басталды. Әуезов даңғылындағы «Жаңа-Базар» және «Жаңа Семей» сауда үйлерінің эскиздік жобалары келісіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Бұрынғы «Мереке» дүкенінің ғимараты да қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін нысанды қоғамдық тамақтану орны ретінде пайдалану көзделген.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне Жол картасының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ «ЖАНСАЯ» және «НИВА» сауда үйлеріндегі жұмыстарды аяқтау, «СМОКК» базары маңындағы жол қозғалысын реттеу мүмкіндігін қарастыру және заңсыз нысандарды ретке келтіру бойынша шаралар қабылдау міндеттелді.
«Сауда нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіру – ең алдымен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға, сауда қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған маңызды міндет. Бұл жұмыстар тек Семей қаласымен шектелмеуі керек. Аудан орталықтарындағы сауда нысандары да заман талабына сай болуы тиіс. Бұл елді мекендердің көркі мен архитектуралық келбетіне тікелей әсер етеді», – деді Берік Уәли.
Фото: Облыс әкімінің баспасөзінен
По сообщению сайта Arna Press