Астанада таеквондодан Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирінің екінші жарыс күні өтті. Бұл жолы бәсеке жастар арасында жалғасты. Қазақстан құрамасы 27 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Турнир чемпиондары қатарынан Мәулен Рахметолла (-45 кг), Юсуф Анвар-Әлиев (-48 кг), Павел Ем (-63 кг), Алидар Әбдікәрімов (-68 кг) және Аяру Есенғали (-42 кг) көрінді.
Күміс жүлдені Ұлықбек Торавеков (-45 кг), Хусан Жалолитдинов (-48 кг), Алинұр Еркін (-59 кг), Аманай Құралбаев (+78 кг), Малика Мұрат (-44 кг) және София Пахритдинова (-49 кг) жеңіп алды.
Қола медальді Арман Мұрат (-45 кг), Бекнар Адыр (-48 кг), Таир Меңдібаев (-51 кг), Алан Жүнісов (-55 кг), Ерасыл Нұрберген (-55 кг), Арыстанбек Желеу (-59 кг), Дияр Қасым (-59 кг), Кирилл Бродяной (+78 кг), Шынар Арғын (-42 кг), Ақниет Асылханқызы (-42 кг), Маржан Нұржанова (-44 кг), Рухшона Азимханова (-52 кг), Аида Гожалимова (-52 кг), Жанару Қалыбай (-59 кг), Амили Асылбек (-59 кг) және Балгерім Өтеген (-68 кг) иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 5 алтын, 6 күміс және 16 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Түркия құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен екінші орынға тұрақтаса, Ресей командасы 3 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді.
Бұған дейін ересектер арасындағы сында ел спортшылары 3 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінген болатын.
Айта кетейік, Kazakhstan Open — World Taekwondo ұйымының ресми күнтізбесіне енген G-1 санатындағы халықаралық рейтингтік турнир. Жарыс 25–27 маусым аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Турнирдің қорытынды күні, 27 маусымда, жасөспірімдер өзара мықтыны анықтайды.
По сообщению сайта SportInfo