Астанада таеквондодан Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирінің алғашқы жарыс күні өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 13 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 3 күміс және 7 қола. Сондай-ақ ұлттық құрама ересектер арасындағы жалпыкомандалық есепте екінші орын иеленді. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Турнир жеңімпаздары қатарынан Самирхон Абабакиров (-68 кг), Батырхан Төлеуғали (-87 кг) және Бейбарыс Қаблан (+87 кг) көрінді.
Күміс жүлдені Жавохирхон Исламов (-58 кг), Нұрай Бауыржанова (-49 кг) және Нодира Ахмедова (-53 кг) жеңіп алды.
Қола медальді Баходир Шапулатов (-54 кг), Мерген Ганиев (-80 кг), Нұрқанат Қожахмет (-87 кг), Рита Бакишева (-49 кг), Аружан Әбдіқадыр (-53 кг), Тоғжан Қазнабек (-57 кг) және Айша Әділбекқызы (-62 кг) иеленді.
Ересектер арасындағы командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға тұрақтады. Түркия құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 10 қола медальмен бірінші орын алса, Өзбекстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, турнир Астанада World Taekwondo ұйымының ресми күнтізбесі аясында өтіп жатыр. Kazakhstan Open — G-1 санатындағы рейтингтік жарыс. Мұнда спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпай жинайды. 26–27 маусым күндері жарысты жасөспірімдер мен жастар жалғастырады.
По сообщению сайта SportInfo