Мәжіліс депутаттары әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге бағытталған бірқатар заңнамалық түзетулерді қолдады. Жаңа өзгерістер қорғаныс және әскери қызмет саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Парламентінің Мәжілісіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, төтенше жағдайларды жоюға, терроризмге қарсы операцияларға және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге тартылатын Қарулы Күштер мен Шекара қызметі әскери қызметшілеріне үш есе мөлшерде ақшалай төлем белгілеу ұсынылды. Бұл шешім жоғары қауіп-қатер жағдайында қызмет атқаратын әскери қызметшілерді ынталандыруға бағытталған.
Сонымен қатар, казармалық немесе карантиндік режимде қызмет ететін әскери қызметшілер мемлекет есебінен толыққанды тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл шара жауынгерлік әзірлікті сақтау мен жеке құрамның денсаулығын қорғауға арналған.
Жаңа түзетулер Конституциялық сот қаулысын іске асыруды да қамтиды. Соған сәйкес, қылмыстық іс жүргізу барысында лауазымынан уақытша шеттетілген әскери қызметшілерге ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем төлеу қарастырылады.
Бұдан бөлек, 25 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар әскери қызметшілерге өз қалауымен зейнетке шығу мүмкіндігін беру ұсынылуда. Ал әскерге шақыру бойынша қызмет ететін офицерлерге декреттік демалыс кезеңінде қызмет мерзімін тоқтата тұру тетігі енгізіледі.
Сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысты қаржылық төлемдерді аудару тәртібі өзгертіледі. Енді бұл қаражат Қорғаныс министрлігінің арнайы шотына тікелей бағытталып, кейінгі төлемдер жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Тиісті өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Бітімгершілік қызмет туралы» заңдарға енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бастамасымен әзірленген бұл түзетулер әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған.
Фото: ЖИ
По сообщению сайта Arna Press