Популярные темы

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы командалық әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды

Дата: сегодня в 10:36 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Қазақстан жасөспірімдер құрамасы командалық әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы (16 жасқа дейінгілер) Шымкентте өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша іріктеу кезеңінде табысты өнер көрсетуде. Шешуші матчта Тайланд командасын тізе бүктірген Ярослава Шведованың шәкірттері турнирдің ширек финалына шықты. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Топтық кезеңде қазақстандық теннисшілер үш кездесу өткізді. Жарыстың басында топ фавориті – Жапония құрамасына есе жібергенімен (0:3), екінші турда отандастарымыз Гонконг командасын 2:1 есебімен ұтып, сенімді ойын өрнегін көрсетті.

Топтағы екінші орын үшін өткен шешуші кездесуде қыздарымыз Тайланд құрамасымен таласты. Тартысты өткен жекелей сындағы матчтар отандастарымыздың жеңісімен аяқталды:

Жекелей сындағы екі жеңістен кейін жалпы есеп 2:0 болып, Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Сол себепті, алдағы плей-офф ойындарының алдында теннисшілердің күшін сақтап қалу мақсатында жаттықтырушылар штабы жұптық кездесуді өткізбеу туралы шешім қабылдады.

Топтағы үш ойында да жеңіске жеткен Жапония құрамасы бірінші орын алса, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы екінші сатыға жайғасты. Жеребе қорытындысы бойынша, ертең, 14 мамырда өтетін ширек финалда қыздарымыз Оңтүстік Кореяның мықты командасымен кездеседі.

Биылғы маусымда Каролина Лигай, Тамина Сакен және Мариям Нұржаннан құралған команданы даңқты теннисші Ярослава Шведова баптап жүр.

Шымкенттегі іріктеу кезеңіне Азия және Тынық мұхиты аймағының 16 мықты жасөспірімдер құрамасы жиналды. «Beeline Arena» халықаралық теннис орталығының корттарында өтіп жатқан дода 16 мамырға дейін жалғасады.

TELEGRAM

По сообщению сайта SportInfo

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями