Облыс әкімі Берік Уәли қалаға жұмыс сапары барысында сол жағалауда орналасқан «Заря» жағажайына барып, оның қазіргі жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семей қаласында жаз мезгілінде тұрғындар жиі баратын үш негізгі жағажай бар. Олар — «Заря», «Затон» және «Пристань» жағажайлары. Аталған демалыс орындары халық арасында сұранысқа ие болғанымен, инфрақұрылымдық тұрғыда толық жабдықталмаған.
Қала әкімі Әділет Қожанбаев өңір басшысына жағажайларды абаттандыру және алдағы шомылу маусымына дайындық аясында атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, биыл бұл бағытта кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.
Жоба аясында «Заря» жағажайында бірқатар инфрақұрылымдық жаңарту қарастырылған. Атап айтқанда, 2 құтқару мұнарасы, 40 шезлонг, 20 күннен қорғайтын қолшатыр, 5 биодәретхана, 4 киім ауыстыратын орын орнатылады. Сондай-ақ қауіпсіз шомылуға арналған шектеу буйкалары қойылып, 1 медициналық пункт жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, жағажай аумағында күзет қызметі мен сауда нүктелері ұйымдастырылады. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қосымша орындықтар мен көлеңкелеу элементтері орнатылады. Сонымен қатар аумақты тазарту, тегістеу, санитарлық жағдайды жақсарту, қоқыс жәшіктері мен контейнерлер қою және маусым бойы тұрақты қызмет көрсету шаралары да жоспарланған.
Жаңғырту жобасымен танысқан облыс әкімі қала әкімі мен жауапты мекемелерге қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды және жағажайларды шомылу маусымына дейін толық дайын етуді тапсырды.
«Ертіс жағалауы болған соң жаз мезгілінде тұрғындар көп келеді. Жағажай жай ғана демалыс орны емес, қауіпсіз әрі қолайлы кеңістік болуы керек. Барлық санитарлық талаптар сақталып, шомылу маусымы басталғанға дейін толық ретке келтірілуі тиіс. Ең бастысы – қауіпсіздік. Құтқарушылардың кезекшілігі тұрақты ұйымдастырылуы қажет. Бұл мәселе жеке бақылауымда болады», – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, «Абайға құрмет» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысы тарапынан да жағалауды абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Фото: Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press