Филиппинде пара велоспорттан Азия чемпионатында қазақстандық пара велошабандоздар Кенжеғұл Сейтжан (стокер), Сұлтанмұрат Миралиев (пилот), Анастасия Калаус (стокер), Полина Братчикова (пилот) командалық микс дисциплинасында күміс жүлдегер атанды. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
«Азия біріншілігі рейтингтік жарыс болып табылады. Бұл бәсекеде Қазақстан тарапынан 15 спортшысы жекелей және топтық сында өнер көрсетеді. Осы жарыстан кейін 28 сәуір мен 1 мамыр аралығында Бельгияның Мидделкерке қаласында пара велоспорттан өтетін әлем кубогы өтеді. Аталмыш додада да спортшыларымыз үздік өнер көрсетеді деп сенеміз», — деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара велоспорттан команда басшысы Дархан Кошербаев.
Айта кетейік, тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында пара велоспорттан Азия чемпионаты 25 наурыз бен 1 сәуір аралығында өтуде. Жарыста Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Филиппин, Тайланд және БАӘ командалары өнер көрсетеді.
TELEGRAM
По сообщению сайта SportInfo