Популярные темы

Бақылау орталығы Семейде қанша камера бар екенін және қандай жағдайларды бақылайтынын айтып өтті

Дата: вчера в 18:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бақылау орталығы Семейде қанша камера бар екенін және қандай жағдайларды бақылайтынын айтып өтті

Семей қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жедел басқару орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл туралы Arnapress.kz тілшісі сұрағына Жедел басқару орталығының кезекші бөлімінің ұйымдастырушысы және бақылау тобының инспекторы, полиция майоры Кәкіжанов Дидар Сайлауханұлы жауап берді.

Оның айтуынша, орталықтың негізгі міндеті — қаладағы жедел жағдайды үздіксіз бақылау, бейнебақылау камералары арқылы ақпарат жинау және полиция күштерінің жұмысын үйлестіру.

«Қазіргі таңда қала аумағында 3007 цифрлық бейнекамера орнатылған. Олар қоғамдық орындар мен халық көп шоғырланатын аймақтарды қамтиды. Сонымен қатар облыс бойынша 87 жасанды интеллект элементтері бар камера жұмыс істейді. Бұл камералар тәулік бойы бақылауда болып, іздеуде жүрген тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта олардың саны ұлғайтылмақ», — деді спикер

Шақыртулардың басым бөлігі жол-көлік оқиғаларына, отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға және түрлі құқық бұзушылықтарға қатысты. Барлық хабарламалар талданып, оқиға орнына ең жақын полиция нарядтары жедел жіберіледі.

Жыл басынан бері «102» арнасына 4321 қоңырау түскен. Өкінішке қарай, жалған шақыртулар да тіркеледі. Мұндай жағдайларда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабына сәйкес 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Полиция мәліметінше, жалған хабарламалардың көбі алкогольдік масаң күйде жасалады», — Дидар Кәкіжанов 

Жедел басқару орталығы қылмыстарға талдау жүргізіп, қай уақытта және қай аумақта құқық бұзушылықтар жиі орын алатынын анықтайды. 

«Қосымша камера орнату жоспарлануда. Өткен жылы бейнебақылау жүйесі арқылы облыс бойынша 94 қылмыс ашылған. Олардың қатарында ұрлық, көшеде тонау және өзге де құқық бұзушылықтар бар. Сондай-ақ тұрғындар тек «102» нөміріне қоңырау шалу арқылы ғана емес, арнайы мобильді қосымшалар арқылы да өтініш жолдай алады. Бейнекамералар қоғамдық тәртіпті ғана емес, абаттандыру талаптарының сақталуын да бақылауға мүмкіндік береді. Мәселен, қоқыс жәшіктерінің маңына тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастау деректері анықталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылған жағдайлар бар», — деді спикер

Полиция өкілдері тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады.

Гүлнұр Ахметжан

 

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша Семей
Поделитесь новостью с друзьями