Популярные темы

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады

Дата: сегодня в 15:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері Қарулы Күштер қатарында орын алған әскери қызметшілердің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arnapress.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік басшылығы қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, бұл жағдайлардың аса ауыр екенін атап өтті. Ведомство әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық жауапкершілік алатынын мәлімдеді.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған бірқатар шұғыл шаралар қабылданды. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен тәрбие жұмысына бақылау күшейтіліп, қару-жарақ қолдану, оқу-жаттығулар мен атыс кезінде қауіпсіздік талаптары қатаңдатылды.

Сондай-ақ әскери бөлімдерде жеке құрамды кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін арнайы комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйі мен қызметтік міндеттерді орындауға дайындығына қайта бағалау жүргізілуде.

Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылып, әскери полиция күштерімен бірлескен тексерулер ұйымдастырылды. Әскери бөлімдерде тәулік бойы бақылау енгізіліп, бейнебақылау күшейтілді.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланыс орнатылып, бөлімше командирлері ата-аналармен ресми арналар арқылы тұрақты байланыста болмақ.

Орын алған оқиғалар бойынша бірқатар кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылық құрамы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, әскери қызметші қаза тапқан бөлімнің командирлері лауазымдарынан босатылды.

Министрлік қабылданып жатқан шаралар әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталғанын атап өтті. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасады.

Фото: жасанды интеллект арқылы жасалды

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями