КММ «Су және ойын спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» 2025 жылдың сәуір айында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қаулысымен құрылды деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Мектептің негізгі мақсаты — балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың дене шынықтыруын дамыту және халықаралық деңгейдегі спортшылар даярлау.
«Қазіргі таңда мектепте 7 спорт бөлімі жұмыс істейді: ескек есу слаломы, су добы (водное поло), жүзу, футбол, баскетбол, волейбол және футзал. Бүгінгі күні мектепте 1200-ден астам бала спортпен тұрақты түрде шұғылданады. 8 айлық кезең ішінде спортшыларымыз түрлі жарыстарда 435 медаль жеңіп алды. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 25 медаль иелендік», — дейді осы кешен әдіскері Мадий Байтубаев.
Азия чемпионатында ескек есу слаломы бойынша да көптеген жетістіктерге жеткен екен
«Ескек есуден Маулетқан Алуа 2025 жылы Азияның жасөспірімдер (U23) чемпионатында (Таиланд, Паттайя–Районг аймағы) өнер көрсетті және каноэ категориясында (3×С1Ж) командалық есепте 2-орын иеленді. Ал, ересектер арасындағы Азия чемпионатына (Қытай, Сиань) қатысып каноэ (3×С1Ж) командалық есепте 3-орын алды», — дейді жаттықтырушысы Наталья Игнатьева
Талапты, жүзуге ниеті бар балалар мен жасөспірімдерге арналған Абай Аренадағы бассейнді пайдаланады.
«Бассейн Олимпиадалық стандарттарға сәйкес салынған. Ұзындығы: 25–50 метр, тереңдігі: 1,2–3,5 метр. Электрондық таймер, жарыс құралдары және қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Бассейнде жеке және топтық жүзу сабақтары, су гимнастикасы және судағы жаттығулар жасаймыз. Балалар қызығушылықпен келеді, олармен жұмыс жасау қызықты», — дейді өз ісін сүйіп жасайтын тренер Абзал
Осылайша, «Су және ойын спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» балаларға тек спорттық дағдыларды емес, сонымен қатар дене шынықтыру, салауатты өмір салтын үйретіп, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік жасайды және болашақ чемпиондарды даярлайды.
Гүлнұр Ахметжан
Фото: спорт мектеп ұйымынан
По сообщению сайта Arna Press