Популярные темы

Абай облысында зейнетақы жинағы: миллиардтар тұрғын үй мен емделуге жұмсалған

Дата: вчера в 21:08 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Абай облысында зейнетақы жинағы: миллиардтар тұрғын үй мен емделуге жұмсалған

Абай облысында біржолғы зейнетақы төлемін (БЗТ) пайдалану бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Абай облыстық филиалы 2021 жылдан бері өңір тұрғындары тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу ақысын төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарын пайдалануы жайлы филиал басшысына бірнеше сұрақтар жолдаған едік, — деп хабарлайды Arnapress корреспонденті.

Сұрақтар мазмұны мынандай болған еді:

1.      Біржолғы зейнетақы төлемдерін көз және тіс емдеуге пайдалану барысында қандай нақты жүйелік проблемалар анықталды?

2.      2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап тіс емдеуге, ал 4 желтоқсаннан бастап көз емдеуге өтінім қабылдаудың тоқтатылу себебі неде? Бұл шектеу 15 сәуір 2026 жылға дейін ғана сақтала ма, әлде ұзартылуы мүмкін бе?

3.      2025 жылы Абай облысы тұрғындары зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын қандай көлемде алды? Қаражаттың негізгі жұмсалу бағыттарын (тұрғын үй, стоматология, офтальмология және т.б.) көрсетуді сұраймыз.

4.      Кей өңірлерде ем жасалмай, зейнетақы қаражаты құжат жүзінде рәсімделген фактілер анықталғаны белгілі. Абай облысында немесе Семей қаласында мұндай жағдайлар тіркелді ме? Тіркелсе, қандай шаралар қабылданды?

БЖЗҚ басшыларының жауап бергені, біржолғы зейнетақы төлемі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардан жүзеге асырылады. Бұл қаражатты тек уәкілетті операторлар — екінші деңгейлі банктер арқылы пайдалану қарастырылған. Мәселен, біржолғы зейнетақы төлемдері Отбасы банк арқылы уәкілетті оператор ретінде жүзеге асырылады. Бұл ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын сақтаушы ретінде қаражатты тікелей азаматқа емес, банк ашқан арнайы шотқа аударады. Азамат Отбасы банк платформасында өтінім беріп, оны электронды цифрлық қолтаңбамен растайды. Өтінім мақұлданған соң, БЖЗҚ қажетті соманы банк арқылы арнайы шотқа аударады. Қаражат тек тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатына пайдаланылып, оны растайтын құжаттар уәкілетті операторға ұсынылады. Белгіленген мерзімде құжаттар тапсырылмаса, қаражат қайтадан жеке зейнетақы шотына қайтарылады. Отбасы банктен басқа, Қазақстан Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, Altyn Bank, ForteBank арқылы тұрғын үй рәсімдеуге болады.

БЖЗҚ дерегінше, Абай облысында 2021 жылдан бастап 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 8,8 млрд теңгеге 4 448 өтінім орындалған. Ал емделу ақысын төлеу бағыты бойынша өңірде 17,9 млрд теңгеге 19 089 өтінім жүзеге асырылған.

Емделу бағыттарына қатысты нақты мәліметтер мен қаражатты пайдалану шарттары уәкілетті операторлар арқылы анықталатынын да атап өткен екен.

Осылайша, Абай облысында зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тұрғын үй мәселесін шешу мен емделу қажеттілігін өтеудің маңызды тетігіне айналып отыр. Алайда саладағы шектеулер мен талаптардың қатаюы, сондай-ақ қаражаттың мақсатты жұмсалуына қойылатын бақылау азаматтардың бұл мүмкіндікті пайдалануына тікелей әсер етпек. Сондықтан жауапты органдардың алдағы шешімдері өңір тұрғындары үшін өзекті болып қала бермек.

Гүлнұр АХМЕТЖАН

Фото: Arnapress.kz

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями