Стоковые изображения от Depositphotos
Әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың қасиетті міндеті әрі ел тыныштығы мен болашағын қорғаудағы маңызды қадам. Әскер қатарына қосылу – бұл тек қызмет емес, патриоттық сезімді көрсетіп, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінудің жарқын үлгісі. Осы бағытта еліміздегі жинақтау пункттері маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Күзгі әскерге шақыру: Абай облысындағы жинақтау пункті
Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жыл соңына дейін жалғасты. Бұл ретте Абай облысындағы жинақтау пункті өз міндетін орындауға толық дайын болды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған пунктте санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалар сақталып, болашақ сарбаздарға үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Семей қаласындағы №7 емханамен келісімшарт жасалып, медициналық комиссия қажетті құрал-жабдықтармен 100% қамтамасыз етілген.
Облыстық жинақтау пунктінде жұмыс істейтін тәжірибелі дәрігер Нәзима Абданова соңғы жылдары жастар арасында түрлі аурулардың жиілегенін атап өтті.
«Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қазір көз ауруларының көбейіп бара жатқанын байқаймыз. Мұның басты себебі – компьютер мен телефонның әсері. Сонымен қатар, терапиялық аурулардан асқазан-ішек жолдарының мәселелері, дене салмағының артуы немесе жетіспеушілігі, жүрек аурулары, неврологиялық және хирургиялық патологиялар, мысалы, сколиоз, майтабан, варикоз жиі кездеседі. Бұл факторлардың барлығы жастардың әскерге жарамдылық деңгейіне әсер етеді», — дейді Нәзима Абданова.
Айта кетерлік жайт, жастардың денсаулығындағы ақауды анықтауда қазіргі медициналық тексеру процестері бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Әскерге шақырылушылардың денсаулығын зерттеу үшін КМИС медициналық бағдарламасы қолданылады. Егер қосымша тексеру қажет болса, МРТ, КТ сияқты заманауи зерттеулерге жіберу мүмкіндігі бар.
Әскерге шақыру жүйесінің цифрландырылуы
Қорғаныс министрлігі цифрландыру саясатын енгізу арқылы әскери есеп жүйесін жаңғыртып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдарды жүзеге асыруда. Қағаз негізіндегі есептің орнына электронды жүйе енгізіліп, бұл жүйе азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетті.
Жаңа жүйенің арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу рәсімдері жеңілдетілді. Мәселен, 17 жастағы жасөспірімдер алғашқы әскери есепке онлайн түрде тіркеледі. Ал мерзімді әскери қызметке шақырылушыларға қатысты мәліметтер басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен біріктірілген. Бұл процестің автоматтандырылуы уақытты үнемдеп, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік берді.
«Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Бұл әскерге шақырылушылар үшін қосымша құжат жинау қажеттілігін жойып, процесстерді жылдамдатты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерімен бірігу арқасында әскери шақырылушылардың медициналық мәліметтерін оңай тексеруге мүмкіндік туды», — дейді Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Руслан Омаров.
Жаңа жүйе әскерге шақырылушылардың құжаттарын онлайн қарауға мүмкіндік беріп, денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерімен біріктірілді. Бұл медициналық тексеруді жеңілдетіп, заманауи диагностикалық құралдарды қолдануға жол ашты.
Мерзімді әскери қызметтегі жаңа мүмкіндіктер
Президенттің жаңа заңнамасына сәйкес, әскерге шақырылған азаматтарға несиелік демалыс беріледі, олар ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, әскерде жүрген кезде түрлі мамандықтарды меңгеріп, мемлекеттік үлгідегі сертификаттар мен дипломдарға ие болады.
Отан қорғау – әр азаматтың борышы
Биыл Абай облысынан негізінен шекара қызметі, қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан және стратегиялық нысандарды қорғау бойынша азаматтар мерзімді әскери қызметке, жалпы 657 азамат шақырылды.
«Облыстық жинақтау пунктінің үйлесімді әрі сапалы жұмысының нәтижесінде әскерге жарамды жастарды іріктеу, оларды тасымалдау мен орналастыру мәселелері заңнама талаптарына сай мұқият ұйымдастырылған. Семей қаласындағы облыстық пункттен теміржол вокзалына дейін сарбаздарды тасымалдау да жолға қойылған» — дейді Абай облысы жинақтау пунктінің бастығы Жанерке Сағадиева.
Әскерге шақыру жүйесінің цифрландырылуы және жергілікті жинақтау пункттерінің үйлесімді жұмысы Қазақстанның әскери басқару жүйесін жаңа деңгейге көтерді. Бұл реформалар елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, болашақ ұрпақ үшін қуатты мемлекет құруға негіз болады.
Ел тыныштығын қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті. Қазақстанның әскери саласындағы реформалар осы мақсатқа жетуге сенімді жол ашып отыр.
Сурет: Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press