Стоковые изображения от Depositphotos
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласы тұрғындарымен кездесуі өтті, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Кездесуде өңірдің жеткен жетістіктері мен қолға алынған жобалар туралы айтылды.
«Семей – талай тарихи оқиғаның кәугері, еліміздің рухани-мәдени орталығы. Сүйікті қаламызды көркейтуге көңіл бөлініп жатқанын білесіздер. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Барлық салада оң өзгерістер орын алып, әлеуметтік-экономикалық даму ілгері баса бастады. Әрине, бағасын беретін сіздер, құрметті жерлестер! Біздің мақсат — халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру. Оған бағытталған жұмыстар жалғасын тауып келеді. Ең бастысы, басымызды біріктіріп, «берекелі ел» болу ұстанымынан ажырамай, берілген мүмкіндіктерді барынша пайдалану. Бұл — болашақтың қамы!» — деп бастады облыс әкімі.
Осы жылы облыстың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалды. Мәселен, құрылыс саласында бұл көрсеткіш 22,8%-ға, көлік саласында – 6,4%-ға, байланыс саласында – 15,8%-ға өсті.
«Тартылған инвестиция көлемі 471,6 млрд теңгені құрады. Оның 154,2 млрд теңгесі Семей қаласына тиесілі» — деп айтылды.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы жылдың 11 айында облыста 306,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 107,7 пайызға артық.
«Бұл көлемнің басым бөлігі – 74,8 пайызы Семей қаласына тиесілі. Жалпы ауданы 57,7 мың шаршы метр болатын 832 отбасын баспанамен қамтамасыз ететін несиелік және жеке 15 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Халықтың түрлі топтарын қолдау үшін биыл 12,2 млрд теңгеге 911 пәтер сатып алынды. Сонымен қатар, 4 млрд теңгеге тағы 115 пәтер сатып алу жоспарлануда».
Кездесуде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда деп айтылды. 2026 жылға дейін облыста жалпы құны 20,6 млрд теңгені құрайтын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның 33 жобасы биыл іске асырылды. Облыс орталығында 4 су құбыры нысаны іске қосылып, соның арқасында таза сумен қамтамасыз ету деңгейі 91,4 пайызға жетті.
Кездесуде Семейді жылу энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.
Ағымдағы жылы жалпы құны 18,5 млрд теңгені құрайтын 28 жоба аясында 17 жылу көзінде 27,5 шақырым жылу желілері ауыстырылып, жұмыстар аяқталды. Осы шаралардың арқасында жылу желілерінің тозуы 64,2%-дан 59,7%-ға төмендеді. Сонымен қатар, қаланың оң жағалау бөлігін қажетті жылу энергиясымен қамтамасыз ететін жаңа ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға 15,1 млрд теңге бөлінді. Биыл облыста 241 шақырым жол жөнделді. Семейде құны 47,3 млрд теңгені құрайтын автокөлік көпірі қайта жөндеуден өтуде.
Цифрлық форматта әзірленген Семей қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді. Облыс орталығын абаттандыруға 5,6 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың ішінде 62 аула және 4 қоғамдық орын қалпына келтірілді, соның ішінде Бейбітшілік аралындағы балалар темір жолы бар. Сонымен қатар жоспарға жеке инвестиция көмегімен аквапаркті қайта құру кіреді.
Қоғамдық көліктердің сапасын арттыру Семей қаласының негізгі міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары бұл салада айтарлықтай өзгерістер орын алды. Облыс құрылғанға дейін қаладағы маршруттарға техниканың шығу көрсеткіші небәрі 50 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш тұрақты 75 пайызды құрап отыр. 2023 жылдан бастап көлік инфрақұрылымын жаңартудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы қала әкімдігі тасымалдаушылармен бірлесіп 70 жаңа автобус сатып алды. 2024 жылы автопарк тағы 90 бірлік техникамен толықты.
«2025 жылға арналған жоспарлар бұдан да ауқымды. Жолаушыларға жайлылықты арттыру мақсатында 40-тан астам ірі класты автобустар сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдаушыларға төленетін субсидиялау жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Бұл шаралар қоғамдық көлік қызметін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», — деді қала әкімі.
Семей қаласында тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигонын салу жоспарлануда Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында жаңа заманауи тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу қарастырылған. Жобаны іске асыру 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Құрылысқа 100 гектар жер телімі бөлінді.
Осы жылы «ТҚҚ полигонын салу» жобасы әзірленді. Бүгінде аталған жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілді. Семейдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін шешу үшін қала әкімдігі жағдайды тез арада жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. 2023 жылы әкімдік пен қоқыс шығаратын компания арасындағы меморандумның арқасында муниципалды автопарк айтарлықтай жаңартылды: қала 10 жаңа қоқыс шығаратын көлікке ие болды. 2024 жылы бұл автопарк тағы бір техника бірлігімен толықты. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі заманауи стандарттарға сай 2450 контейнер сатып алып, 400 алаңды жабдықтады.
Семейдің шет аудандарын дамыту көзделген. Қаланың шеткері аудандары мәселелерін шешу үшін қысқа мерзімді жол картасы қабылданды. Бобровка және Мұрат саяжайларындағы электр желілерін жаңғырту мәселелері оң шешімін табуда. Массив аумағына 4500 бағана орнатылды. Кабель желілері тартылып, траншеялар қазылды, жұмыс жалғасуда.
«Сонымен қатар, Мұрат саяжайында 4, Бобровка саяжайларында 6 транформаторлық қосалқы станция орнату жұмыстары жүргізілуде. Шығыс (оң) кенті аймағында (5, 6, 7 саяжайлар) электр желілерін жаңғырту жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 750 бағана орнатылды. Алдағы уақытта тағы 800 бағана орнату, ұзындығы 18 шақырым кабель тарту және 3 трансформаторлық қосалқы стансаларды жабдықтау жоспарлануда. Жұмысты жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бобровка кентінде су құбыры желілеріне магистральдық құбырлар тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда».
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press