Популярные темы

ҰБТ-дан жоғары балл алып грантсыз қалғандар министрді сотқа берді

Дата: 27 августа 2024 в 13:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


ҰБТ-дан жоғары балл алып грантсыз қалғандар министрді сотқа берді
Стоковые изображения от Depositphotos

ҰБТ-дан жоғары балл ала тұра, мемлекеттік гранттан қалыс қалғандар Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің өзін сотқа берді, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Тасқыннан зардап шеккендерге ортақ гранттың ішінен бес мыңын бөліп беру, басқалардың мүмкіндігін шектеумен тең болды деп санайды сотқа жүгінгендер. Сот процесінің алғашқы отырысы Алматыда өтті. Министрдің өзі төбе көрсетпесе де, ведомство өкілдері бума-бума қағаздарымен келіпті. 

ҰБТ-дан 119 балл ала тұра, мемлекеттік гранттан қағылған алматылық талапкер Медина Майсар үндеу жасады. Ойын жинақы, сөздерін нық жеткізген қыз министр Саясат Нұрбекке өкпелі. «11 жыл бойы көз майымды тауысып оқығанымды қайтейін, грантым тасқыннан зардап шеккен аймақтың балаларына үлестіріліп, еңбегім еш кетті» деп налиды ол. Талапкерлерге ең алғаш ақысыз көмек қолын созған адвокат Халида Әжіғұлова балалардың конституциялық құқығы бұзылды деп санайды. 

Халида Әжіғұлова Талапкердің адвокаты:

⁃ Заң толықтай талапкерлер жағында деп айта аламын. Азаматтардың конституциялық құқығы тапталды. Себебі мектеп бітірушілер де, адвокаттар да бірнеше рет Жоғары білім және ғылым министрлігіне сауалхат жолдадық. Басты сауал «қандай негізде гранттардың бір бөлігін тасқыннан зардап шеккен талапкерлерге бөлдіңіздер» делінген. Екі апта өтті, тым-тырыс, әлі жауап жоқ. Қандай бапқа сүйеніп министр Саясат Нұрбек мұндай шешім қабылдап отыр? Жауапты министрлікті сотқа бердік. 

Тиісті кодексті олай да бұлай ақтарып, бүге-шігесіне дейін қараған адвокат бірде-бір бапта министрліктің, я тікелей министрдің жалпыға ортақ гранттарды бөлуге еш құқығы жоқ екендігін анықтаған. Жалпы балы жетіп тұрса да оқуға түсе алмаған жалғыз Медина емес. Астаналық көп балалы ана Бибігүл Тінәлиеваның да тұңғышы 109 балмен тегін оқуға қолы жетпеген. Ақылы оқытайын десе, жылдық оқу миллионның үстінде. Оған қалтасы жұқа отбасының шамасы жетпейді.

Бибігүл Тінәлинова талапкердің анасы:

⁃ Менің тұңғыш балам Тыналы Даниал 109 балл алып, грантқа түскен жоқ. Балам қазір қиналып, біз де қиналып жүрміз. Амал таппай, қиналып кеттік, Спорт академиясында оқысын деп жанталасып жатырмыз. Арманына жетсін деп жүрміз.   

Ал грант иегерлерінің тізімі шыға сала, 10 мың грант қосымша бөлінеді деген жауапты министрлік сөзінен тайқып кетіпті. Айтуларынша, 10 мың гранттың екі жарым мыңы жергілікті әкім гранттары, мыңнан астамы университет, қалғаны «Қазақстан халқына» қоры мен жергілікті компаниялар есебінен әлі қаралу үстінде. 

Олжас Беркінбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

⁃ Ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілерде биылғы түлектерге 10 мың қосымша грант бөлінді деген ақпарат таралуда. Бұл ақпарат бүгінгі күні өзекті емес екенін ресми түрде мәлімдейміз. Бұл жаңалық министрдің 6 тамызда айтқан сөздеріне негізделген. Яғни сол кезде министрліктен әкімдердің, университеттердің, сондай-ақ жеке қорлардың гранттары есебінен грант иегерлерінің тізіміне кірмеген талапкерлер үшін қосымша тегін оқу мүмкіндіктерін ұсыну туралы ақпарат өзекті болды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 25 тамыздан кейін де бас тартылған грант саны белгілі болады деп, ушыққан жағдайдың тігісін жатқызуға тырысты. Ал Саясат Нұрбек пен талапкерлер арасындағы дау жайында министрлік өкілдері жақ ашпады. 

Министрмен ашық айқасқа шыққан талапкерлер сотының бірінші отырысы өтті. Қос тарапты судья бітімгерлікке, яғни медиацияға шақырыпты. Келесі түпкілікті сот отырысы сәрсенбі күнге жоспарланған. Әліптің артын баққаннан бөлек, грант үшін шырылдаған жас өрендер қол қусырып отырмай, құзырлы органдарға өтініш-хат жолдаған.

Сурет: NUR.KZ 

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями