Популярные темы

Семейлік зейнеткер мысықтарды тамақтандырғаны үшін жазаға тартылады ма?

Дата: 13 февраля 2023 в 20:08 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Семейлік зейнеткер мысықтарды тамақтандырғаны үшін жазаға тартылады ма?
Стоковые изображения от Depositphotos

Семейде зейнеткер қаңғыбас мысықтарды тамақтандырғаны үшін айыппұлға ілігуге қорқып отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Людмила Григорьевна Өтепбаев, 50 В мекен-жайындағы үйде тұрады. Зейнеткердің айтуынша, ол мысықтарды шамамен бес жыл бойы тамақтандырып келеді, ал соңғы уақытта осы әрекеті үшін ол бірнеше рет көршілерінің сынына және түсінбеушілігіне ұшырады. Соңғы жанжалда кейуанының көршілері полиция шағымданып, учаскелік инспекторды шақыртты. Айыппұл алып қаламын деп қорыққан Людмила Григорьевна «Четыре лапы плюс» қоғамдық қорының еріктілерінен көмек сұрады.

«Бұл жақта қаңғыбас мысықтарды тастап кетеді. Мен оларды бес жыл бойы тамақтандырдым, себебі аяймын. Олар адамдардың жауапкершілігі жоқтығынан азап шегеді. Мен оларға өз ақшамнан тамақ сатып аламын. Бір ай бұрын жаңа тұрғын көшіп келді. Мен тоғызыншы қабатта тұрамын, ол сегізінші қабатта. Мен мысықтарды тамақтандырсам, «неге мұны істейсің?» деп маған ұрысады, — дейді зейнеткер.

Оның айтуынша, мысықтар күн сайын кешкі бесте тамақтанады. Бір уақытта кем дегенде жиырма мысық жиналады. Олар үйдің жертөлесінде мекендейтін көрінеді. Ал зейнеткер әже жануарларды көшедегі қоқыс құбырының жанында тамақтандыратынын айтады.  

Ал көршілерінің айтуы бойынша, әжей мысықтарды үйдің кіреберісінде тамақтандырады. Осы үйдің Динара есімді тұрғыны, мысықтардың «түскі асынан» кейін үйдің маңы ластанып, қоқысқа толып кететінін айтты.

«Әже мұнда тәртіпсіздік жасайды. Бұл жерде қазір таза, себебі мен өзім барлығын жинап қойдым. Қораптар, тамақтың қалдықтары жатады. Қолғап киіп, бәрін алып тастадым. Мен неге олардың артынан жинауым қажет? Жанжал неден басталды? Ол көптеген жылдар бойы мысықтарды тамақтандырып келеді. Бірақ, қалдықтарды иттер де жейді. Бір күні мен үйден шыққанда кіреберісте үлкен ит тұрды, маған үре бастады. Ал егер ол мені тістеп алса ше?, — дейді Людмила Григорьевнаның көршісі Динара.

Дегенмен, көршілердің пікірі әр түрлі. Кейбіреулер әжені қолдап, мысықтардың пайда болуы егеуқұйрықтар мен тышқандардан құтылуға көмектесті, дейді.

«Бұл үй 1982 жылы салынған. Содан бері осында тұрамыз. Бір кездері егеуқұйрықтар қаптап кетті. Тышқан қақпанын қоятынбыз. Дегенмен тышқан мен егеуқұйрықтардан құтылу оңай емес. Ал қазір мысықтардың арқасында кіреберісте тышқандар жоқ», — деп бөлісті Жанна есімді жергілікті тұрғын.

Кездесуге «Четыре лапы плюс» қорының еріктілері заңгермен бірге келді, тәртіп сақшылары да қатысты. Заңгердің айтуы бойынша қаңғыбас жануарларды тамақтандырғаны үшін айыппұл салуға ешкімнің құқығы жоқ. Дегенмен, тазалықты сақтау қажет екенін айтты.

«Заңда қаңғыбас жануарларды тамақтандыруға тыйым салынбаған. ҚР ӘҚБтК 407-бабы 2 б. сәйкес үй жануарларын серуендету, күтіп-бағу және тамақтандыру тәртібін бұзғаны үшін ғана әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал әжеге заң бойынша ешкім айыппұл салуға құқылы емес. Егер қазір полиция қызметкерлері әкімшілік жаза қолданса, мен өзім әженің атынан шағым шағым түсіремін. Өйткені бұл лауазымдық өкілеттікті асыру. Бірақ мұндай жанжалды жағдай болмауы үшін мен әжеге  жануарларды кіреберістен сәл алысырақ тамақтандыруға кеңес беремін» — деді заң кеңесшісі Дана Хамитова.

Мұндай ұсыныс зейнеткерге ұнамаған көрінеді. Жасына байланысты оған қозғалу қиын, сондықтан әже бірден анық айтты: тамақты қашықтыққа, онымен қоса тайғақ жолмен апара алмайды. Көзіне жас алып, әже мысықтардан бас тартуға дайын болды. Алайда, сол күні кешке Қордың еріктілері бұл істі шешудің басқа жолын ұсынды.

«Бейбіт келісімге келдік. Қор барлық мысықтарды зарарсыздандырады, ал әже оларды таза ұстайтынына кепілдік берді. Көршілердің жалғыз талабы тазалық сақтау ғой. Мен аптасына екі рет келіп отырамын, өзім қадағалаймын», — деді «Четыре лапы плюс» ҚҚ төрағасы Анастасия Глядинцева.

Ол сондай-ақ, егер жағдай өзгермесе, жазда үйдің жанындағы еріктілердің күшімен өркениетті елдердің тәжірибесі бойынша мысықтарды тамақтандыруға арналған арнайы алаң жабдықтауға тырысатынын атап өтті.

Фото; chudo-prirody.com

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями